Атырау, 25 қараша 02:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балық комбинаты: алыптың орны ойсырап жатыр

8 567 просмотра


Балық өнеркәсібінің бұрынғы көшбасшысы «Атырау Балықты» сонау қиын-қыстау 90-жылдары алдымен арзан бағаға жекешелендіріп, бүкіл «сөлін» шығарып алды да, содан соң кері мемлекетке қайта сатты. Оның ісін жалғастырушы «ЖайықБалық» КМК-нің мүлігі не болды және өндірістік цехтары бар алып аумақтың тағдыры не болып жатыр?

ҚОЛДАН ҚОЛҒА ӨТТІ

Әйгілі Гурьев балық консерві комбинаты өткен ғасырдың 30-жылдары құрылды. Кәсіпорын 90-жылдардың басында жеке қолға өткен соң, оның шынайы қожайындары туралы түрлі қауесеттер айтылып жүрді. 2006 жылы ұжыммен кездесу кезінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қарызға батқан кәсіпорынды ұлттық меншікке айналдыру идеясын айтты. 2010 жылы ол мемлекет меншігіне қайтарылды. Арнайы осы мақсатта жергілікті билік «Жайық Балық» КМК-ін құрды.

«Атырау Балықтың» өзі 2012 жылы сот шешімімен банкрот деп танылып, ресми түрде қызметін тоқтатты. Осы кезге дейін оның қожайындары кәсіпорынды 6 млрд теңгеге бағалап, билікке оны сатып алуды ұсынды. Бірақ нәтижесінде оның аумағы мен өндірістік цехтарын қосқандағы бүкіл мүлкін мемлекет бәссаудамен 250 млн теңгеге сатып алды. Жоспарлар да қомақты болатын – балық аулау (жылына 15 мың тоннаға дейін) және балықты терең өңдеу көлемін көбейту, қуаттылығы 5 млн ыдыс шартты бірліктегі балық консервісі зауытын салу. Жеке кәсіпорынды ұлттық меншікке айналдырудың негізгі мақсаты – бекіре тұқымдас балықтар мен қара уылдырықты аулауға және өндіруге мемлекеттік монополия жарияланды. Алайда қызмет еткен осы жылдар ішінде кәсіпорын ақыры бұл жұмысқа кіріспеді, қалай дегенмен де, ресми түрде іске асырмады.


АУҚЫМДЫ ЖОСПАРЛАР

Мұраға қалған «Жайық Балықтың» қуаттылықтары ескірген еді және күрделі жаңғыртуды қажет етті. Жаңа басшылық енді құрылған кәсіпорынды бұрынғы қожайындарына жалға берді... Ал өзі қажетті жабдықтарды сатып алу бойынша белсенді қызметпен айналысты. Негізгі капиталды көбейту үшін «Жайық Балыққа» бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға торлар, вентерлер, 10 балық қоймасын, 4 катер-«итергіш», жүзден астам будара қайығын, мұз генераторларын, тоңазытуға арналған шкафтар сатып алды.

Кейінірек ҚР Есеп комитеті анықтағандай, мұның бәрі екі есе көтеріңкі бағамен сатып алынған. Артық жұмсалған бюджет қаржылары миллиард теңгедей соманы құрады. Нәтижесінде кәсіпорын сатып алған материалдық-техникалық базасын пайдалана алмады. Жоспарланған бекіре тұқымдас балықтарды аулау мүмкін болмады. Қазақстан оларды коммерциялық мақсатта аулауға мораторий енгізді.

Алайда әкімдіктегілер үміт үзбей, жоспарларымен бөлісті. Енді «Жайық Балық» бүкіл күшті теңізді игеруге жұмсап, қара балық аулаумен және өңдеумен айналысуы тиіс еді. Балық етін, рулетін, консервілер өндіру, сонымен қатар, сырттан әкелінген мұхит балығын өңдейтін зауыт салу жоспарланды. Алайда бұл жоспар да іске аспады. Ал жабдықтар мен теңіз техникасын сатып алудағы қаржылық айла-шарғылар «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ» туралы қылмыстық ісіндегі айыптау тармақтарының біріне айналды.


АЛ ЕНДІ – БЕКІРЕ ӨСІРУ ЗАУЫТЫ

Кәсіпорынның алдағы тағдыры туралы біз Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан сұрастырдық. Сөйтсек, 2013 жылдың 27 желтоқсанындағы №1413 үкімет қаулысымен мемлекеттік монополияға жатқызылған бекіре тұқымдас балықтарды табиғи мекендеу ортасынан алып қою, сатып алу, олардың уылдырығын және өнімінің басқа да түрлерін өңдеу және экспорттауды жүзеге асыратын жаңа субъекті белгіленген. Ол Курилкиндегі «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» (ЖАББӨЗ) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (РМҚК) болды. Осы қаулыға байланысты облыстық әкімдіктің 2014 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен құны 3 жарым млрд теңгеден астам болатын «Жайық Балықтың» бүкіл мүлігі бекіре өсіру зауытының балансына берілді. Ал «Жайық балық» таратылуы тиіс кәсіпорындар тізіміне енгізілген. Тарату процедурасын жергілікті билік биылғы жылға жоспарлаған.

Жаңа мұрагер - ЖАББӨЗ өз балансында өндірістік циклде пайдалануға құны 718 млн теңге болатын 56 бірлік мүлікті ғана қалдырды. Қалған басқаларын мемлекеттік мүлік нысандарын жекешелендіру жөніндегі комиссия отырысында саттыққа шығару ұйғарылды. Әңгіме баланстық құны 2,3 млрд теңге болатын 3282 бірлік туралы болып отыр. Бұдан басқа, жалпы баланстық құны 787 мың теңге болатын үш нысан (өрт сөндіру депосының ғимараты, шолу алаңы және бақылау-өткізу қосыны) ІІМ-ге берілді. 


ЖОЛЫ БОЛҒЫШ САТЫП АЛУШЫЛАР

Саттық 2015-2016 жылдар аралығында жүргізілді. Лотта вентерлер, ау құралдары, мотоқайықтар, радиостанцияның ультра қысқа толқындары, GPS аспаптары және т.б. белгіленді. Мүлік бағалаудың жалпы сомасы 829 млн теңгені құрады. Бәссаудалар онлайн режимінде мемлекеттік тізілімдер (www.gosreestr.kz) веб-порталында жүргізілді. Алдымен, заң талап еткендей, саттық «бағаны көтеру» әдісі бойынша өтті. Ниет білдірушілер табылмады, сондықтан саттық өтпеді деп танылды. Ал жаңасы «төмендету» әдісі бойынша белгіленді. Осы кезде қажет мөлшерде қатысушылар табылып, саттық өтті.

Сатып алушылардың жолы болды, олар мүлікті күлкілі бағамен сатып алды. Мәселен, бір жарым мың балық аулау құралы 20 данадан лоттарға бөлінді. Бастапқы сомасы - 619 мың теңге. Ал бәссаудаға қатысушылардың бірі лотты бар болғаны 3 мың теңгеге сатып алады. Жаңа вентерьлерге қатысты да солай – бастапқы бағасы 1 млн 900 мың теңге сомадағы 20 дана вентерьден тұратын лот 7,5 мыңға сатылады. 2,9 млн теңгеге бағаланған будара мотоқайығы 300 мың теңгеге сатылып кетті. Алуан түрлі кемелер де осындай күлкілі бағамен сатылып кетті. Жолы болғыш сатып алушылар кімдер? Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде сату-сатып алу келісімшартының негізінде олардың бұл ақпаратты жария етуге құқығы жоқ екенін түсіндірді. Мен аталмыш келісімшарттың үлгісімен танысып шықтым. Ол жерде шынымен де жарияламау туралы тармақ бар екен. Сөйтіп, соншалықты қызықты сұрақтың жауабы құпия болып қалды. Ал мемлекет қазынасына өткен сауда-саттық қорытындылары бойынша тек 168 млн теңгені ғана қайтару мүмкін болды.

Қалған мүлікке қатысты ше, үлкен жер телімі мен онда орналасқан цехтар ше? Белгілі болғандай, биылғы жылдың қаңтарында баланстық құны 264 млн теңге болатын бүкіл кешен қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөлімінің балансына берілді. «Осы кәсіпорынды балансқа алудың мақсаты – цехтарды әрі қарай пайдалану туралы мәселе бойынша шешім қабылданғанға дейін мүліктің сақталуын лайықты қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі кезде аталмыш нысанда ешқандай қызмет жүзеге асырылмайды», - делінген редакция сауалына берген ТКШ жауабында. Бейресми әңгіме кезінде бөлім қызметкерлерінің бірі мұны не істеу керектігін қазір ешкімнің білмейтінін айтып, қынжылыс білдірді.


ЖОҒАРЫДАН БӘРІ КӨРІНБЕЙДІ...

Кәсіпорында ешқандай жұмыс жүргізіліп жатпағанын бізге кешеннің бақылау-өткізу қосынындағы «Күзет» қызметінің күзетшілері де растады. Оның үстіне, кәсіпорында күзеттен басқа жан жоқ екендігіне сендірді. Сенсең де тексеріп шық деген бар. Біз кәсіпорын аумағына бақылау жасадық. Қираған, жартылай қираған және аңғал-саңғал болған ғимараттардың арасынан әжептәуір түзу ғимараттарды да көруге болады. Кәсіпорын аумағы бөгде тұлғалардан шынымен де жақсы қорғалған. Айлақты қоспағанда, кіретін үш жерде күзетілген бақылау-өткізу қосыны бар. Қорғалған аумақтан қозғалып жүрген автокөліктерді көрдік. Айлаққа жақын жерден бір адамдар әлдене жасап жатыр. Әйеуір, бұл алыптың ішінде тіршілік нышаны бар екен...


Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН

11 мамыр 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.