Атырау, 25 қараша 07:08
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Атыраубалық» АҚ банкрот деп танылды

3 302 просмотра

Атырау қалалық салық басқармасының талап-арызы бойынша облыстық мамандандырылған экономикалық соты тиісті шешім шығарды.

Сот отырысына «Атыраубалық» ірі мөлшерде борышты болған несиегерлер қатысты. Бұлар «Жайық Балық» ЖШС, қалалық салық басқармасы, «Жедел Күзет» ЖШС. Жауапкер тараптан «Атыраубалық» АҚ директоры Александр ПЯК пен оның орынбасары Владимир КУЗЬМИН қатысты.

«Атыраубалықтың» салықтық бережағы кәсіпорынды банкрот деп тану кезінде 62 млн теңгеден астам, ал жалпы кредиторлық бережағы – 219 млн теңгені құрады.

Сот отырысы барысында қызықты факт мәлім болды. Жалпы дебиторлық қарызы («Атыраубалыққа» бережақ болғандар) 81 млн теңгені құрайды. Оның басым бөлігі (70 млн теңгесі) - «KHANIKA» ЖШС-не тиесілі, бұл Алматыда тіркелген компания. Оған «Атыраубалық» бірнеше жыл бұрын қара уылдырықтың ірі партиясын жеткізген. Александр Пяк онымен келісім-шарт жасалған нақты уақытты атай алмады:

- Бұл келісім-шарт маған дейін жасалған, қашан екені есімде жоқ, байыбына барған жоқпын. Бұл «Ханикамен»қазір құзырлы органдар айналысуда.

- Біз «KHANIKA» ЖШС-на инкассалық өкім шығардық. Яғни, есеп-шотынан қаржыларды түсіріп алғымыз келді, бірақ олардың есеп-шотында ақша жоқ боп шықты, - деді сотта талап-арыз беруші тараптың өкілі, қалалық салық басқармасының бас маманы Жаннат ӨТЕШОВА.

Сотқа қатысқан кредиторлардың бірде-бірі «Атыраубалық» АҚ-ын банкрот деп тану туралы шешімге қарсы шықпады. Осылайша, қалалық салық басқармасының талап-арызы толығымен қанағаттандырылды.

Кәсіпорынды таратумен дәрменсіз борышкерлермен жұмыс департаменті айналысады. Заң бойынша банкрот болған кәсіпорынның бүкіл қарызы есептен шығарылуы тиіс (еңбекақы бойынша бережақ – 46 млн теңгені «Атыраубалық» өз жұмысшыларына сот шешіміне дейін аударып үлгерді).

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс департаментінің қаржылық сауықтыру және бақылау бөлімінің бас маманы Өзипа НАБИЕВА:

- Шешім заңды күшіне енгеннен кейін бережақтарды өтеу шаралары алынатын болады. Алайда банкрот болған кезде 100 пайыз өтелмейді. «Атыраубалықтың» қарыздары жетерлік. Оның активтері бар болғанымен, құжаттарға сәйкес, көп емес. Бұл сома жабдықтардың тозуына байланысты мүлікті түгендеу кезінде азаюы мүмкін. Сондықтан аукционда конкурстық массаға (кәсіпорын активтеріне) сұраныс болмауы мүмкін.

Егер кредиторлық берешек қанағаттандырылмаса, банкроттық туралы заң бойынша ол есептен шығарылып, өтелген деп есептеледі. Бұл жағдайда мемлекет салық бойынша қарыздарының өтелмеуі салдарынан зиян шегеді.    

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

11 қаңтар 2013, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.