
Жезқазған қаласында 3000 адамға шақталған Ұлытау облысының жаңа Орталық мешіті пайдалануға берілді. Өңірдегі ең ірі рухани ғибадатхананың құрылысын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС толық қаржыландырды.
Жаңа мешіт Жезқазғанның орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 3800 шаршы метрді құрайды, сонымен бірге нысан айналасындағы 4855 шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Нысан діни рәсімдерді орындаумен қатар, ағартушылық іс-шаралар мен рухани басқосулар өткізілетін басты орталыққа айналмақ.
Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, сондай-ақ өңір ақсақалдары мен құрметті азаматтары қатысты.
«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өмірінде айрықша әрі тарихи күн. Ел тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – имандылыққа, ізгілікке және рухани құндылыққа деген құрметтің жарқын көрінісі», — деді салтанатты ашылуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ғибадатхана құрылысы 2025 жылдың шілде айында іргетасы қаланудан басталған болатын. Жобаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тапсырыс беріп, бас мердігер ретінде «Integra Construction» ЖШС жұмыс істеді.
«Қазақмыс» компаниясы Ұлытау облысының әкімдігімен меморандум аясында өңірде басқа да бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда:
Инфрақұрылым мен саябақтар: Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Жастар» саябағы абаттандырылып, С.Қожамқұлов атындағы театр жөнделуде, ал «Намыс» спорт академиясының алаңы жаңартылып жатыр.
Білім мен денсаулық сақтау: Ұлытау университеті мен студенттер жатақханасының құрылысы қорытынды кезеңге өтті. Сәтбаев қаласында Кенші даңқы алаңы мен қалалық аурухананың травматология бөлімшесі жаңартылуда.
«Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін, ұрпақ сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылығын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін айқара ашып отырмыз. Ұлытау облысының дамуы біз үшін айрықша маңызды», — деп атап өтті компания басшылығы.
Корпорация өкілдерінің хабарлауынша, 2027 жылы аймақта жаңа әлеуметтік нысандар — көпфункционалды Конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығының құрылысы жоспарланған.
В Атырау +6.2 





