
Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде балықтың уылдырық шашатын орындарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін су арналары мен табиғи жыралар тазартылып жатыр. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Балық шаруашылығы, мониторинг және цифрландыру бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев хабарлады.
Оның айтуынша, инспекция мамандары қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, көктемде өзеннен су құятын жанама су айдындары мен табиғи жыраларды қамыс-құрақтан, қураған ағаштардан, тұрмыстық және табиғи қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл шаралар көктемгі тасқын суының еркін ағуына және балықтың табиғи уылдырық шашатын орындарына жетуіне жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар күннің салқындауына байланысты инспекция мамандары облыс аумағындағы балықтың қырылу қаупі бар су айдындарына күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр. Оның мақсаты – балықтың жаппай қырылуының алдын алу.
Инспекция өкілдері тұрғындарды су айдындарында балықтың көп шоғырланғанын немесе олардың қырылу қаупін байқаған жағдайда, инспекцияға не жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға шақырды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +6.2