Атырау, 23 қараша 07:44
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүгедек балаларды ұрып-соғу ісі сотқа жетті

4 232 просмотра

Атыраудағы психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиешілеріне қатысты қылмыстық істі қосымша тергеу аяқталды. Алайда оның сотта қаралатын күні белгісіз. Әзірге облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, тергеу басқармасының бастығы, оның орынбасары және анықтаушыларға қатысты тәртіптік іс қозғалды.

Өткен жылдың наурыз айында жария болған жанжалды фактілер жұртшылықтың наразылығын тудырды. Тәрбиешілер бақылау бейнекамераларына қарамастан, балаларды ұрып-соғып, оларды жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Айтпақшы, осы камераларды тексеру нәтижесінде прокуратура тіл мүкістігі бар қорғансыз балаларды қорлау фактілерін анықтады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-тармағы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндет жүктелген адамның кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен тиісінше оны орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір жылдан кейін Атырау облысының полиция департаменті «қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өткендіктен» қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Бұл осы жағдайды бақылап отырған баршаға күтпеген жайт болды. Сенаторлар да бұған наразылығын білдіріп, Бас прокуратура мен облыс әкімдігіне хат жолдады.

Осы жылдың 12 наурызында Атырау облысының прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойып, материалдарды қосымша тергеуге қайтарып берді. Ал 24 наурызда күдіктілердің әрекеті 140-баптан 110-баптың 1 және 2-тармақтарына (Көрiнеу кәмелетке толмаған адамды ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату) өзгертілді. Қосымша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары 7 сәуірде аяқталғанына қарамастан, қазір сот қарауының басталатын уақытын атау мүмкін емес. Пандемияға байланысты соттар шұғыл істерді ғана қарайды. Соған қарамастан, қазірдің өзінде бірқатар шаралар қабылданды. ҚР Сенатының сайтында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасарына, тергеу басқармасының бастығы мен оның орынбасарына, сондай-ақ анықтаушыларға процедуралық заң бұзушылықтар үшін тәртіптік іс қозғалғандығы туралы ақпарат пайда болды. Мектеп-интернаттың директоры қызметінен босатылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ осы басқарманың бөлім басшысы тәртіптік жазаға тартылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 сәуір 2020, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.