
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының белгілі журналист Вадим Борейкоға қарсы азаматтық талап-арызы бойынша шешім жарияланды. Судья Айдар Өтебеков талап қоюшының талаптарын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Власть.
Соттың ұйғарымы
Сот Алматының 12-ықшамауданында салынып жатқан Premier ТҮК туралы «Гиперборей» YouTube-арнасында және журналисттің Instagram-парақшасында жарияланған мәліметтерді шындыққа жанаспайды және құрылыс салушының іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес Вадим Борейко төмендегідей міндеттерді орындауы тиіс:
шешім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде сол платформаларда теріске шығару материалын жариялауға;
даулы жарияланымдар мен фрагменттерді жоюға;
«Etude-Ybyrai» ЖШС пайдасына келтірілген шығынды өтеу есебінен 43 миллион теңгеден астам қаражат төлеуге, сондай-ақ сот шығындарын өтеуге.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінде бұл шешім сот-филологиялық және экономикалық сараптамалардың нәтижесіне негізделгенін нақтылады. Сарапшылар жарияланымдардың теріс сипатын растады және құрылыс салушының нақты шығынын компания бастапқыда мәлімдеген 71 миллион теңгенің орнына 43 миллион теңгеге бағалады.
Даудың басы
Сот процесі осы жылдың көктемінде басталып еді. Сәуір айында талап қоюшының өтініші бойынша Вадим Борейконың банк шоттары мен депозиттеріне, соның ішінде зейнетақы шоты да бұғатталды (зейнетақы картасы үш күннен кейін бұғаттан шығарылды). Құрылыс компаниясы журналист материалдарының әлеуметтік шиеленіс тудырғанын, жұмыстардың тоқтатылуына және қаржылық шығындарға әкеп соқтырғанын алға тартты.
Процесс ашық режимде өтті — сот компания заңгері Бақыт Қасыбаевтың отырыстарды баспасөзден жабық өткізу туралы өтінішін кері қайтарды. Бұл ретте журналистің өзіне істі талқылау барысына түсініктеме беруге тыйым салынды, сондықтан БАҚ-та қорғау тарапының ұстанымын адвокаттар Фархад Цай мен Жанна Оразбахова білдірді.
Процесс барысында сот тікелей Premier ТҮК құрылыс алаңында көшпелі отырыс өткізді, сондай-ақ көрші үйлердің тұрғындарынан жауап алды. Қала тұрғындары Борейконың сюжеттері шыққанға дейін де шуға, автотұрақ мәселелеріне және емханаға барудың қиындығына шағымданғанын растады. Журналисттің қорғаушылары тағайындалған сараптамалардың қорытындысымен келіспеді.
В Атырау +7.2