Атырау, 23 қараша 08:08
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сенаторлар істің қысқартылғанына наразы

3 166 просмотра



Атырау облыстық полиция департаменті №3 Арнайы әлеуметтік көмек көрсететін орталықта тәрбиеленетін мүгедек балаларды ұрып-соққан тәрбиешілерге қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жағдай Қазақстан сенаторларының ашуын туғызды. Толығырақ – «АЖ» материалында.

2019 жылы облыстық прокуратура Атыраудағы психоневрологиялық ауытқулары бар балалар тәрбиеленетін мектеп-интернатқа тексеру жүргізген кезде тәрбиешілердің мүгедек балаларға қатыгездікпен күш қолданғаны, жұмыс жасауға мәжбүрлегені анықталды. Өздерінің дәрменсіздігінен балалар бұл туралы ешкімге айта алмаған.

Бұл жағдай кең көлемде қоғамның назарына ілігіп, ҚР ҚК 140 бабы 2 бөлімі (Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер жүктелген адамның кәмелетке толмағандарға қатыгездік танытуы) бойынша қылмыстық іс көтерілді. Ал ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға НАЗАРБАЕВА кінәлі адамдардың барлығы заңға сәйкес жазаға тартылуы тиіс деп мәлімдеп, істі өз бақылауына алды.

Жақында Атырау облыстық ПД «қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтуіне байланысты» қылмыстық іс қысқартылды деп хабарлады. Алайда сенатор Сергей ЕРШОВ  қазір Сенат депутаттары Бас прокуратура мен Атырау облыстық әкімдігіне хат дайындау үстінде екенін хабарлады. Сонымен қатар олар осыған сәйкес депутаттық сауал жолдамақшы.

-Біз бұл оқиғаның өзіне, мектеп қызметкерлері балаларды ұрып-соққанына бей-жай қарай алмаймыз. Кінәлілер қатаң жазаланады деп күттік. Көріп отырғанымыздай, қызметкерлердің бір де біреуі жазаға тартылмаған, ал қылмыстық іс қудалаудың мерзімі өтуіне байланысты қысқартылған, - дейді С.Ершов – Осы жағдай Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның жеке бақылауында. Біз тек кінәлілер емес, олармен қоса осындай жағдайға жол беріп отырған әлеуметтік қызмет қызметкерлерінің де жауапкершілікке тартылуын талап етеміз. Бұл 2019 жылдың қаңтар айында болған оқиға, ал алғашқы сараптама 27 наурызда өткен. Бұл уақыт ішінде кез-келген соққының ізі жазылып, байқалмай қалады. Ең қиыны – балалардың тілінің мүкістігі бар, соған қарағанда онда не болғанын жеткізіп түсіндіре алмайды. Біз оларды осылай жәутеңдетіп қоймаймыз, осы мәселенің түбіне жетеміз.

Фархат ӘБІЛОВ

13 наурыз 2020, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.