Атырау, 23 қараша 17:41
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Ақ Жайықтың» жаңа жылдық номинациялары

Сурет
6 316 просмотра

Біздің басылымның жыл соңында түрлі номинациялар бойынша жыл қортындысын жасау дәстүрі бар. Әдетте біз мұны редакцияда өз таңдауымыз бойынша жасайтынбыз, алайда биыл жыл таңдауына, қымбатты оқырмандар, сіздерді де тартуды жөн көрдік. Өзіміз уәде еткендей «АЖ» сайтындағы сіздердің барлық комментарийлеріңізді мұқият қарап, редакция таңдауымен салыстырып шықтық. Міне, енді сіз бен біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесін қарап көріңіздер.


ЖЫЛ СЫЙЛЫҒЫ


Бұл номинацияға түсінік берген кезде біз «сыйлық» сөзін тырнақшаға алып қолданатынымызды ескерткен едік, өйткені сыйлықтың түрі көп қой. Сіздердің біздің нені меңзегенімізді түсінгендеріңіздің арқасында екі жақтың пікірі бір-біріне сәйкес келді. «Жыл сыйлығы» номинациясы бойынша жазылған комментарийлердің көпшілігінде Атырау облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ «генерал-майор» атағын алуына жерлестерінің «көрімдік» ретінде сәйгүлік сыйлауын атаған. Сәйгүлікке мінген генерал бейнесі әлеуметтік желілерде тарап, оған ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі твиттерінде пікір қалдырды. Ол ІІМ басшысының «әдепсіз тәртібіне» байланысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Артынша генерал атағын алған полицейдің тағдыры әлеуметтік желілердегі Дүйсембаевты қолдағандар мен ақсақалдардың  жазған ашық хаттарына қарамастан қатал шешілді, ол 17 мамырда өз лауазымынан босатылды. 

ЖЫЛ ОҚИҒАСЫ


Республикалық бюджеттен 22 млрд теңге бөлінген соң, Атырау-Астрахан жолының қазақстандық 277 шақырымының 60 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған еді. Ондаған жылдар бойы адамдарға арман болған бұл жаңалық – көктен түскен сыйдай болды, өйткені, бұл жолмен жүру нағыз экстрим еді.

Қалған 217 шақырым Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржысына жасалады деп жоспарланған. Әңгіме сол кездегі автокөлік жолдарын басқаратын қазақстандық ұлттық оператор – «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның банктен 260 млн доллар сұрағанынан басталды. Еуропалық банкирлермен келіссөздер өте қиын жағдайда өтті, дегенмен, соңы сәтті аяқталды: қолдар қойылды, мердігерлер анықталды. Олар - италяндық «Тоdini» компаниясы, түріктің «Ант Иншаат» және бұған дейін осы жолдың 60 шақырымын салып жатқан «Сине Мидас Строй» (Түркия) және  «АтырауИнжСтрой».

Айта кету керек, «Тоdini» компаниясы Қазақстанда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Астана-Бурабай, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Нұр-Сұлтан-Алматы секілді тасжолдарды  салды.  «Ант Иншаат» қазақстандық «Ақжол» компаниясымен бірге жақында ғана Ақтөбе-Мақат (17 шақырым) тасжолын жөндеуді аяқтады. Ендеше 2022 жылдың аяғында автокөліктер түзу жолмен зуылдайды деп үміттенеміз.


ЖЫЛ ҚЫЛМЫСЫ


4 қазанда  Нұр-Сұлтанда жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдол  Атырау облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ пен акушер-гинекологтың жаңа туған сәбидің өліміне күдікті екендігін хабарлады. Оның айтуынша, жедел топ қызметкерлері жаңа туған тірі нәрестені өлі туған деп рәсімделгенін анықтады. Тергеу болжамдары бойынша, баланың тірі екендігін біле тұра дәрігерлер тиісті шараларды жасаудың орнына рәсімделген құжатқа сәйкес әрекет етіп, бала жан тапсырсын деп тоңазытқыш камераларында қалдырған. Бұл оқиға бүкіл елді дүрліктірді, мұнайлы астанаға  ҚР премьер-министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ  пен Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ бастаған тұтас бір делегация келді. Облыстық перзентхананың отыз бір дәрігері «құқық қорғау органдарының тарапынан болған қысымға және қоғамның жағымсыз пікірлері» үшін жұмыстан кету туралы арыз жазды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА өз лауазымынан кетті. Тергеу ісі әлі де жалғасуда.



Атырауда Баймұханов көшесіндегі 21 қыркүйекте болған кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы үлкен қоғамдық резонанс тудыры. Ресейлік мемлекеттік нөмірі бар ToyotaCamry жүргізушісі тағы бір шетелдік көлікпен жарыса жүйткіп, жүргінші жолымен өтіп бара жатқан жасөспірімді қақты. Жеткіншек тіл тартпастан кетті. Соққының қатты болғаны соншалық баланы 10 метрге лақтырып жіберген және аяғын жұлып кеткен. Жүргузуші сол күні-ақ, уақытша ұстау изоляторына қамалды, кейін тергеу изоляторына  ауыстырылды. Жергілікті қоғамдық белсенділер қайғылы оқиға болған жерде қаза болған баланы еске алу мақсатында акция өткізді. Басты мақсат – жолдарда көлік жарыстарын болдырмау, өйткені, ол қанша адамның өмірін тәрк етті.  «АЖ» тілшілері де бей-жай қалмады, зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде қала көшелері жаяу жүргіншілер үшін өте қауіпті екендігін түсінді. Қылмыстық істі тергеу әлі аяқталған жоқ.


ЖЫЛ СПОРТШЫСЫ


Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылының тұрғыны Алмагүл ҚАНАТОВА армрестлингке кездейсоқ келді. Осыдан екі жыл бұрын, ол кезде жасы 49-да, әкімдік кабинеттерінің бірін жуып жүргенінде оған жаттықтырушы Қуаныш Ибраев жолығады. Ол Алмагүлдің бойында бір күштің барын сезгендей болады. Кейін ол жарыстарға қатысып, жетістіктерге жете бастайды. Ал кейін өз қаржысына Азия чемпионатына барады, сөйтіп чемпион атанады. Ол осы спорттық жетістігіне жай ғана үй шаруасымен-ақ айналысып қол жеткізуге болатындығын дәлелдеді.

- Қолымды шынықтыру үшін мен жәй ғана жаттығулармен айналысамын. Айталық, ағашқа байланған арқанды тартамын немесе бір қолыммен бесік тербетіп отырып, екінші қолыммен кір тасын көтеріп отырамын. Ауылда тренажер залдары жоқ, ал үйдің шаруасы көп, сондықтан да бәрін бірге атқаруға тырысамын. Су құятын ыдысты қолыммен басымнан асырап көтерем. Жақын маңдағы спорт кешенінің өзі Аққыстауда орналасқан, оған таксимен баруға тура келеді, оның өзі шығын, - деп әңгімелейді Алмагүл «АЖ» тілшісіне. Керемет әйел!  

ЖЫЛДЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЫ


Бұл оқиға 2019 жылдың күнтізбесінде басталмаса да, оның салдары әлі күнге ұмытылған емес. Атырауда балықтың жаппай қырылуы болғанына бір жылдан асты. Бірінші факті екі ірі кәсіпорын - АМӨЗ және Атырау ЖЭО су тартатын Төменгі Перетаска каналында тіркелді. Кейін «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту құрылғысы ауданында өлген балық туралы хабарлама түсті. Екі қылмыстық іс қозғалды: 328-бап «Қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіре отырып, суларды ластау») және 204-бап («Абайсызда жасап, ірі залал келтіріп бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру»).

Шілдеде сотталушылар орындығынан «Атырау Су Арнасы» КМК экс-директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының бастығы Михаил ЧУРСИН табылды. Сот процесі жарты жылға  созылды, нәтижесінде олардың үшеуі де екі жарым жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді.

ЖЫЛ ПОЗИТИВІ


«Мейірімді жүрек» қайырымдылық ұйымының қаңғыбас иттер мен мысықтарды залалсыздандыру жобасы аталмыш номинациядан лайықты орын алды. Бір жылда еріктілер көп нәрсеге қол жеткізді. Біріншіден, қала бойынша үйсіз жануарларға үйшік орнатылды. Екіншіден, ветеринарлық клиникалар алдындағы қарыздарына қарамастан «Мейірімді жүрек» мүшелері вакцинациялау және залалсыздандыру  жұмыстарын жалғастыруда. Үшіншіден, қалалық әкімдікпен еріктілер бірлесе отырып жануарларға панажай салу үшін жер учаскесін тапты. Оларға жаңа жылда жетістіктер тілейміз, оларға қарап қайырымды адамдардың бар екендігіне қуанасың. дегенмен оларға қарасам Думаем, что проект по стерилизации

ЖЫЛДЫҢ СӘТСІЗДІГІ


10 қарашада футболдан Қазақстан Премьер-лигасы чемпионатының соңғы 33-ші турының матчтары өтті. «Атырау» командасы «Қайратпен» сырт алаңда ойнады. Бұл ойын біздің команданың тағдырын өзгерте алмайтын еді. Тур соңына дейін ол өз тарихында алғаш рет төменгі лигаға түсті.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің м.а. Қуаныш ҚАБДОЛОВ «алға жылжу үшін артқа қадам жасауға тиіспіз. Премьер-лигаға оралу үшін күшеюіміз керек» деді.

Кейін «АЖ» «Атырау» футбол клубының бюджеті екі есеге қысқаратыны белгілі болды.


Бұл номинация бойынша біздің оқырмандарымыз тағы бір оқиғаны таңдап алған. 20 наурызда Атырау мәслихатының сессиясында депутаттар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВТЫҢ Сәтпаев даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берген болатын. Бірақ сол күні республикалық ономастикалық комиссия бұл шешімді қабыл алмай, бұл үшін «өзге көшелер мен объектілерді» табуды ұсынды. 

- Енді не болады?- деп сұрадық біз А. Рысқалиевтан.

- Басқа көшені іздейміз, лайықтысын таңдаймыз. Әзірге ұсыныс жоқ.

Шамасы әлі іздестіріліп жатқан болуы керек.

ЖЫЛ БАТЫРЫ


Бұл номинацияға кімді лайық көретіндеріңізді біз басынан-ақ білдік. Біз сіздермен ниеттеспіз. 21 наурызда сағат 21.52-да «102» операторының пультіне көпірден Жайыққа бір адамның секіргені туралы қоңырау түсті. Кейін оның өз өмірімен есептеспек болған бойжеткен екені анықталды. Атырау қаласы полиция басқармасының жеке құрамы оқиға орнына жетті. Бірінші жеткен 24 жастағы патруль полиция сержанты Шалхар АҚЫМҒАЛИЕВ еш ойланбастан мұзды суға қойып кетті де, көзді ашып жұмғанша суға батып бара жатқан адамға жетіп үлгерді. Су салқын, ағыс қатты болатын, бірақ Шалхар оны су бетімен қалқытып ұстауға тырысты. Оған көмекке қолында тақтайшасы бар полиция кіші лейтенанты Рустембек СҮНДЕТОВ ұмтылды. Қызды құтқарып қалды, ал сержант Ақымғалиев суға батып кетті... Кейін оның денесі өзен ағысының төменгі жағынан табылды.

Ақымғалиев Шалхар Көшкінбайұлы көп балалы отбасында тәрбиеленген. 2019 жылғы 1 сәуірде ол 25 жасқа толар еді. Оның тәртіп сақшысы болып еңбек еткеніне бес жыл болған. Оның қыршын өмірі осылайша үзіліп түсті. Ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оның анасына тапсырды.


ЖЫЛДЫҢ ЖАҒЫМСЫЗ КЕЙІПКЕРІ


«Жылдың жағымсыз кейіпкері» номинациясына сіздер бір ауыздан Қосановты  ұсындыңыздар. Оған қазір көпшіліктің наразы екенін білеміз. Бастапқыда бәрі басқаша еді. Мысалы, қала маңындағы Дамбы ауылында оған сайлаушылардың 914-і дауыс берді, Тоқаевқа қарсы 387 дауыс берілді. Мұндай жағдай тек Дамбыда ғана болған жоқ. Алайда ғажаптың күшімен Тоқаев жеңіске жетті, Қосанов экзит-полл нәтижесіне сүйеніп, сол түні-ақ өзінің жеңілгенін мойындап, жаңа мемлекет басшысын құттықтауға асықты.

Бұған нақты бағаны Жанболат МАМАЙ «АЖ» берген сұхбатында атап өтті: «Қосанов алдын ала келісілген сценарий бойынша әрекет етті. Оның сайлауға түсуі, тіркелуі, штабының қаржылық шығындары — барлығы биліктің қолдауымен, нұсқауымен іске асырылды. Қосанов халықты алдайтынын, жұртты сан соқтыратынын әу бастан білді. Біле тұра, соған келісім берді. Меніңше, билік те, Қосанов та халықтың көңіл-күйін аңғара алмай қалды. Егер билік халықтың осыншама деңгейде өзіне наразы екенін түсініп, Назарбаевтың үміткеріне бір ауыздан қарсы дауыс беретінін білгенде, олар, әрине Қосановты сайлауға жібермес еді. Әміржан Қосанов өзіне сызылған шеңберден ауытқып, келісімнен бас тартқанда, 9-нан 10-на қараған түні Тоқаевты «жеңісімен» құттықтамағанда, онда қазіргі жағдай қалай болары белгісіз еді. Бірақ халықты сатқан Қосанов ондай батылдыққа бара алмады. Меніңше, Әміржан Қосанов тақырыбын енді көтерудің де керегі жоқ. Ол тап-таза «саяси өлік». Ал саясатта әлі талай көшбасшылар пайда болады».

ЖЫЛДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ


29 маусымда Теңіз кенішінде ІІІ тынысты зауыттың құрылыс алаңында жаппай тәртіпсіздік орын алды. Дауға әлеуметтік желілерге шетелдік қызметкерлердің ұлттық намысты қорлаған суреттерінің жариялануы себеп болды. Бірақ оған бұл ғана емес, одан да маңызды мәселе - бірдей еңбек ететін шетелдік және отандық қызметкерлердің еңбекақыларының айтарлықтай айырмашылығы да себеп болған.

Дайындаған  Анастасия АЛЮШИНА

Сурет  «АЖ» мұрағатынан алынды

30 желтоқсан 2019, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.