Атырау, 23 қараша 19:48
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Бір қолмен бесік тербетсем, келесі қолыммен кір тасын көтеремін»

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
6 097 просмотра


Жақында Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында тұратын Алмагүл ҚАНАТОВА Румынияда өткен қол күресінен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Осы додада чемпион болған тағы бір жерлесіміз Рахия Молдашева туралы республикалық және жергілікті БАҚ беттеріне шығып, еңбегі еленсе, алыс ауылда тұрып, осындай құрметтен кенжелеу қалған Алмагүл өз қарапайымдылығымен «АЖ» тілшісінің іздеп келгеніне де таңғалып жатты.

Әлем чемпионаты 26 қазан мен 4 қараша аралығында Румынияның Констанца қаласында 54 елдің қатысуымен өтіп, Қазақстан құрамасы жалпы есепте Ресейден кейінгі екінші орынды иемденді. Алмагүл өз «алтынын» 80 келіге дейін салмақта алды. Жақынырақ танысу үшін оның отбасында болғанымда алдымнан алпамсадай батыр әйел емес, ақжарқын қонақжай көркем келіншек күлімдеп шыға келді.


- Қош келдіңіздер. Төрлеңіздер.

Адамды жатсынуды білмейтін, қонақжай отбасындағы әңгімеміз жарасым тауып, екі сағатымыздың қалай өткенін білмедік. Ол өзінің өмір тарихын да қысқаша әңгімелеп берді:

- Мен 1968 жылы мұнайшылар отбасында дүниеге келдім. Сегіз ағайынды болатынбыз, мектептен соң Атыраудағы химучилищені бітіріп, кейін техникумға оқуға түстім. Бірақ қыздың үлкені болғандықтан, үйге қарау үшін оқуымды жартылай тастап кетуге тура келді. 1990 жылы көрші көшедегі Нәбен Батырхановқа тұрмысқа шығып, Адай әулетіне келін болып түстім. Осылайша бақытты отбасында алты баланы дүниеге келтірдім.

Осы кезде құрбысы Қаламқас Жұмағалиева мен Жазира Ризуанова әңгімеге араласты:

- Осы ауылда отбасымызбен бірнеше жылдан араласып, қуанышымызды бөлісіп, қиыншылықта да бірге болып келеміз. Алмагүл ол бөлекше ғой, кісіге болмасын демейтін өте кең, қолы ашық жан. Қолынан келмейтіні жоқ, бесапап қой. Алмагүлдің «ақ қаймақ» деген аты да бар. Оның қолынан шыққан сүт өнімдерін жұртшылық таласып алады.

- Чемпионның күйеуі деп ауылдастарым әзілдейді, бұл жетістікке Алмагүл өз еңбегімен жетті. Осы спортпен айналысуына да қарсылық білдірмедім. Алғаш естігенде, қуанышымызды бөлісуге құрдастарым ағайындармен бірге жетті, - дейді жұбайы Нәбен. 


Дастархан басы әзіл әңгімемен ұштасып отырды.

- Нәбен балаларың қай жылғы еді?- деп сұрадым.

- Нұреден 91, Зинеден 92, сосын...

Ол Алмагүлге қарады. Бәріміз ду күлдік.

- Нәбен деген түз адамы ғой, үйдің бар тірлігі мен тауқыметі менің мойнымда. Жұмыс жасап, ақша әкеліп берсе болды. Үйдің берекесін келтіретін әйел ғой қашанда. Енді балалар ержетіп, келін түсіріп, екі немере - Саида мен Ясинаны сүйіп отырмыз отағасы екеуміз, - деп Алмагүл де жуып-шайып жатыр.

Нәбен көп жыл бойы Теңізде вахталық әдіспен жұмыс істепті. Қысқартуға ұшырап, бір жылдан бері жұмыссыз. Алмагүл де еден жуу жұмысынан айрылып қалыпты. Отбасындағы алты баланың үлкені Нұреден үйде, Зинедені мен Айбергені вахталық жұмыста. Данагүл ақылы түрде Оралда университетте оқиды, ал егіздер Ерасыл мен Нұрасыл Атырауда ауыл шаруашылық колледжінің студенттері. Келіндері Ғайни да үйде, жұмыссыз.

-Жұмыссыз екенбіз деп қол қусырып қалай отырамыз. Мен негізі балаларды ерте еңбекке баулимын. Аула-қорада малымыз, үйрегіміз бар. Сиыр сауып, ұқсатып қаймақ, сүзбе, құрт, ірімшік, май дайындаймын. Менде қарап отыру деген жоқ, ерте тұрып, кеш жатып еңбек ету дағдымызға сіңген, - дейді Алмагүл.

Алмагүл мен Нәбен екеуі жазда бау-бақша егеді. Жеміс ағаштары да бар аулада. Алмагүл қысқа дайындап қойған тұздалған қияр, салат, тосаптарын көрсетті.  Жазда қыстыққа деп бау-бақша өнімдерінен 300-ге жуық банка жауып алады.

- Кезінде мен әктеу, түсқағаз жапсыру сияқты үйдің ішкі жөндеулерін жасағанмын. Оншақты жыл жұмыссыз отырғанымда осы кәсіппен айналыстым. Дегенмен тұрақты жұмысқа іліксем деймін. Себебі, үш бірдей студентті ақылы негізде оқыту қиын тиюде. Әрі олар үй жалдап тұрады, егіз ұлым қазақша күрес, дзюдодан жарыстарға қатысып келеді. Қазір Украинаға жарысқа кетті. Жасында аурулы болып туған, спорттың арқасында қазір дендері сау, шыныққан, бірнеше медалдары бар, жетістіктерге жетіп жатыр. Сол егіздің бірінің жаттықтырушысы Болат Жұмабаев өз қаржысы есебінен балалардың пәтерақысын төлеп жатыр. Оған алғысымыз шексіз,- дейді ризалықпен Алмагүл. 

АУЫЛ АУЛАСЫНДАҒЫ ҚАРАПАЙЫМ ЖАТТЫҒУЛАР

- Әлем чемпионы болып, туымызды көкке көтеріп, гимнді ойнатқанда, қандай тамаша сезімде болдым. Қуанышымда шек жоқ. Финалда қарсыласым  Ресейден келген татар әйелі болды. Бұл жерде күш емес, шапшаңдық та қажет. Бәрі қас-қағым сәтте шешіледі, - дейді Алмагүл.


Алмагүл қол күресі спортына ойда жоқта келген. Бұдан екі жыл бұрын, яғни 49 жасында спорт бөлімі кабинетінің еденін жуып жүргенде жаттықтырушы Қуаныш Ибраев бұдан мықты армрестлингші шығатынын байқайды. «Сенде қара күш бар, жаттығуларға қатыс» деп кеңес береді. 2017 жылы Атырауда алғаш рет махамбеттік Рахия Молдашевамен және басқа қарсыластарымен  күреске түсіп, бірде бұл, бірде олар жеңіске жетеді. Жеңістер осы спортқа қызығушылығын одан сайын арттырады. Өз қаражатымен Азия чемпионатына барып, жеңімпаз болып оралады. Түркияға жол түскен, бірақ қаражаты болмағасын бара алмаған еді.

- Қол күресі өңірімізде дамымаған ғой. Көп адам оның барын да біле бермейді. Бізде қазақша күрес пен дзюдоға көп көңіл бөлінген. Шындап келгенде, бұл өте қызық спорт түрі! - дейді сезімге берілген Алмагүл.


- Жаттығуларды қалай жасайсыз, ешқандай жағдай жоқ сияқты ғой...

 Жаттығуымыз да тым қарапайым, салмағымды 80 кг асырмаймын. Салмағым сәл көбейсе, таңертең бір стақан жылы су ішіп, сағат кешкі алтыдан кейін тамақты тиямын. Қолдың күшін көбейту үшін қарапайым жаттығумен айналысамын. Жіпті ағашқа байлап, күшпен тарту білекті шынықтырады, сондай-ақ бір қолыммен бесік тербетіп, бір қолыммен кір тасын көтеріп отырамын. Ауылда жаттығатын орын қайдан болсын. Малға айырмен шөп салу, малды суарғанда шелекті екі  қолды жоғары көтеріп тасу да көп күш беріп, шынықтырады. Аққыстауда спорт кешені бар, оған таксимен бару керек, оған қаржы жоқ.  Әлем чемпионы болуға осындай қарапайым жаттығудың арқасында қол жеткіздік.

- Спорттық дәрежеңіз бар ма, біреулер көмектесе ме?

- Біз Румыниядағы чемпионатқа барар да қаржылық қиыншылық болды. Констанцадан Мәскеуге келгеннен кейін ауылға дейін өз қаржымызға келуге мәжбүр болдық. Шындығында мен балаларымның аузынан жырып алып кеткен азғантай ақшамен зорға жеттім. Оның үстіне жол қиындығы бар, соңғы сапарда бірнеше сағаттап жол жүрдік, әрі көлік бұзылып, ауылымызға зорға жеттік.

Әулетте мен және қос егіз құлыным спортпен айналысады. Енді кішкентай немереміз болашақта спорт үйірмелеріне еш қиындықсыз қатысса деймін. Бүгінде жастардың спортқа деген қызығушылығы басым. Бірақ билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Неге футболға миллиондап қаржы бөледі? Ал бізге жоқ? Тіпті аудан, облыс басшылығынан да құттықтау алмадым. Рахияны Махамбет ауданының басшылығы құрметке бөледі, ал менің қашан келгенімді де білмейтін сияқты. Өкпе бар. Қайта Тұщықұдық округінің әкімі Мәди ағай құттықтап кіріп шықты, оған да шүкір.

- Қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

Армансыз адам жоқ қой, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алғым келеді, бұған қол жеткізсем, стипендия төленеуі тиіс. Жолдасым екеуміз тұрақты жұмысқа қол жеткізсек деймін. Бірақ бұл арман емес, күнделікті тұрмыс-тіршілік қой... Арманым еліміз тыныш болып, ауыл спортына зор көмек болса деймін. Отбасымның атынан құттықтап, қолпаштап жатқан адамдарға алғысымыз шексіз.  Алдағы жарыстарға қатысу... ол қаржы болса ғана... 

Материал сайтта жарық көргеннен кейін редакцияға Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округі әкімдігінен хат келіп, онда 14 қарашада Исатай ауданы әкімі Марат МУРЗИЕВ армрестлингтен әлем чемпионы А. Қанатованы қабылдап, құттықтау хат пен аудандық қазақша күрес федерация атынан 50 мың теңге ақшалай сыйлық ұсынғаны жазылған.  Аудан әкімі осы отбасыға болашақта әлеуметтік көмек көрсетіп, жұмысқа орналастыруға шаралар қабылдайтынын да жеткізді. Бұл жерде назар аударатын бір жайт, «АЖ» тілшісі чемпионның үйіне 14 қарашада түске дейін барған, ал әкім спортшыны түсқайта қабылдаған. 



Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

18 қараша 2019, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.