Атырау, 23 қараша 20:25
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда жаяу жүргінші өткелінен өту де қауіпті

Сурет Бейнежазба
7 400 просмотра


Атыраудағы Баймұханов көшесінде жоғары жылдамдықпен келе жатқан «Тойота» көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 17 жастағы жасөспірімді қағып кеткен қайғылы оқиғадан кейін «АЖ» тілшілері мұнайлы астананың «жолақтарымен» өтуді ұйғарған болатын. Бұл жерде жаяу жүргінші өткелдері қауіпсіз емес екендігіне тағы бір рет көз жеткізді.


ЖАЛҒЫЗ ӨТПЕУ ҮШІН

1. Атырау политехникалық колледжінің алдындағы өткелден бастауды ұйғардық. Иә, бұл колледжде 17 жастағы марқұм Нұртан оқыған. Бұл жерден жүргізушілер де жоғары жылдамдықпен жүреді, студенттердің өздері де кейде көліктің дәл түбінен жүгіріп өтеді. Айта кету керек, тек белгі тұр, ал асфальтта ақ жолақтар жоқ.


- Бұл едәуір қауіпті, белгі бар, бірақ «зебра» жоқ. Көліктер ағымы өте көп, жолды жалғыз кесіп өту қорқынышты. Бірге өту үшін адамдарды күтуге тура келеді, - дейді осы материал авторларының бірі.

2. Екінші жер - Баймұханов көшесі, «Айжан» мейрамханасының жанында. Бұл қаланың ең қозғалысы көп өткелінің бірі. Привокзальныйдағы екі аялдаманы байланыстыратын жалғыз жер. Бұдан басқа, екі жерде клиенттерді қала маңындағы Ақсай ауылына және Жұлдыз ықшам ауданына жеткізетін такси жүргізушілерінің орны бар. Таксишілер де жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіреді.

Қайта жөндеуден кейін асфальтта «Құлаққапты шеш!», «Жақын жерде көлік жоқ екеніне көз жеткіз!» деген жазулар болған еді. Бірақ кейін жазулар өшіріліп қалды.


Бұл жерде жол кедергісі жоқ, көліктер жаяу жүргіншінің алдына күрт тоқтайды. Жолдың келесі жағында бір әйел ұзақ уақыт жалғыз өтуге батылы жетпей тұрды. Бала жетектеген ер адамның өткелден аттағанын күтіп, олармен бірге өтті.


3. Ең қауіптісі – теміржол вокзалына жақын жердегі өткел шығар. Қайта жөндеу жұмыстарынан кейін бұл жердегі бағдаршам әлі іске қосылмаған. Әлде ол жұмыс істемей қалған кезге тап болдық па екен? Мұнда да жолақтар жоқ, тек белгі тұр. Бірақ жүргізушілер мұны байқамайтын сияқты, қауіпті өткелді жүгіріп кесіп өткен адамдарға айқайлап, ызалана сигнал беріп қояды. Жаяу жүргіншілерді мүлде өткізбегендер де болды. Айтпақшы, бұл жерден ғана емес, ешбір жерден жол қозғалысын реттеушіні көрмедік.


4. Осыдан кейін орталыққа, Азаттық көшесіне қарай бет алдық. «Юность» аялдамасына дейін жаяу жүргіншілер өткелі бар. Ол жерде белгі де, жолақ та тұр. Бірақ жүргізушілерге ағаштардың бұтақтарынан кімнің жолаққа аяқ басқаны көрінбейді. Жаяу жүргіншінің өзіне де көлік келе жатыр ма, жоқ па, нашар көрінеді.


5. Сәтпаев даңғылының кей жерлерінде көрініс осындай. Өткен жылдың тамызында жас жүргізушінің «Atyrau Plaza» бизнес орталығының жанындағы жаяу жүргіншілер өткелінде үш қызды қағып кеткені, біреуінің қаза болып, екеуінің ауыр жарақат алғаны, ал жүргізушінің өзі екі жарым жылға шартты мерзімде жаза алғаны қала тұрғындарының есінде шығар. Бұл жерде де бөлу жолағына отырғызылған талдар айқын көруге кедергі келтіріп тұр.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметтері бойынша, өңірде 752 жаяу жүргінші өткелі бар, ал оның ішінде реттелетін, яғни, бағдаршамы бар өткел саны – 52. Сәтпаев даңғылы бойында қала тұрғындарына белгілі тек бір жерүсті өткелі бар.


ҚЫРСЫҚ ШАЛҒАН ЭСТАКАДАЛАР

Айтпақшы, мұнайлы астана әкімдігі кезінде 5 жерүсті өткелі (эстакадалар) үшін көп қаражат бөлді, бірақ олардың құрылысына қатысты хикая ұзаққа созылып кетті. Естеріңізге салсақ, олар:

- Баймұханов көшесінің бойында (теміржол вокзалының маңында);

- Махамбет көшесінің бойында («Светлана» маңында);

- Азаттық даңғылының бойында (мемлекеттік кірістер департаментінің маңында);

- Сәтпаев даңғылының бойында (Тайманов көшесімен қиылысында);

- Сәтпаев даңғылының бойында (Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының жанында) орналасуы тиіс еді.

Нысандарды кезекті тапсыру мерзімі 2018 жылдың аяғына белгіленген болатын. Өткен жылы қарашаның басында «АЖ» қалалық әкімдіктен құрылыс барысы туралы сауал жолдап, енді бәрі ойдағыдай екені, 5 эстакаданың барлығы 8 айдан кейін, яғни, биыл жазда тапсырылатыны туралы жауап алды. Бірақ оның жүзеге аспағаны баршаға аян. Ал кейінірек қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айбек ЖӘЛЕЛОВ 3 жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы (енді үш өткел болды):

- Баймұханов көшесінің бойында (Привокзальный);

- Исатай мен Махамбет алаңының жанында;

- Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының маңында 2019 жылдың тамызында басталатынын және олар бойынша жобалардың әзірлеу кезеңінде екенін хабарлады.

Қалған екі өткелдің қайда кеткені түсініксіз.


ТРАГЕДИЯ ОРНЫНДАҒЫ АКЦИЯ

Ал 25 қыркүйекте таңертең Баймұханов көшесінде қолдарына «Жол бер!» деген плакаттары бар бірнеше қала тұрғыны 21 қыркүйекте колледж студентін «Тойота» көлігі қағып кеткен жерде акция ұйымдастырды. Бұл әйелдердің айтуынша, осы акция кезінде де бір көлік жасөспірімді қағып кете жаздаған. «АЖ» тілшісіне де қатысты осындай жағдай болды. Оны ресейлік нөмірі бар «Ваз-2114» көлігі жаяу жүргінші өткелінде өткізбеді. Көлік нөмірін қалалық полиция басқармасына жолдады, олар анықтауға уәде берді.


ҚАНДЫ СТАТИСТИКА

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы елімізде әрбір екінші көлік-жол апаты - жаяу жүргіншілерді қағып кеткен оқиғалар болған. Өткен жылы жаяу жүргіншілердің қатысуымен 5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 500-дей адам қаза болып, 4,8 мыңнан астам адам зақым алған. Осындай апаттардың 90 пайыздайы жүргізушілердің кінәсінен болған. Жаяу жүргіншілер өткелінде көлік жолынан өтіп бара жатқан кезде 74 жаяу жүргінші қаза тауып, 1145 адам жарақат алған. Осы жылдың басынан бастап көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру компаниялары 16,8 млрд теңге сомаға 43,3 мың сақтандыру төлемдерін төлеген.

- Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 2,8 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады, оның ішінде 100 мыңнан астам жаяу жүргіншілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Әкімшілік полиция комитетінде. - 17,6 мың жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылды.


Фархат ӘБІЛОВ, Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген авторлар 

26 қыркүйек 2019, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.