3 қарашада «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Ордабасы» (Шымкент) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 32-турының матчы өтті. Ол Премьер-лигамен «Атырау» немесе «Тараз» командасы қоштаса ма деген сұраққа жауап берді.
Екі команда да жеңіске жетуге ұмтылды. Ұпайлар шымкенттіктерге Еуропа лигасында ойнау құқық беретін үшінші орын үшін, ал «Атырауға» 10-орынға қалу үшін керек еді.
Шабуылшы Петр ГЖЕЛЬЧАК соққан голдардың нәтижесінде жеткен алдыңғы екі матчтағы жеңістерден кейін алаң иелері шабытпен ойнады, жанкүйерлер де әдеттегіден көп келді.
«Атырау» 11-минутта есеп ашып, Гжельчак гол салды. Осы жазда «Атырау» құрамында пайда болған поляк жігіті жылы сөздерге лайық. Бірақ, өкінішке орай, бұл гол команданы құтқармады. Әрі қарай матчтағы оқиғалар қонақтардың сценарийі бойынша өрбіді. Тура жарты сағаттан кейін «Ордабасының» бразилиялық шабуылшысы Жуан ПАУЛУ қарымта гол соғып, командалар 1:1 есебімен үзіліске шықты. Екінші таймда ойын шиеленіске толы болды. 72-минутта «Ордабасы» ойыншысы Тоқтар ЖАНҒЫЛЫШБАЙ алаң иелерінің бразилиялық жартылай қорғаушысы Алекс БРУНОҒА тіл тигізіп, ол ызаланып, өзін ренжіткен ойыншыға қолын сілтеп қалды. Жаңғылышбай қалпақтай ұшып, ауру жанына батқандай кейіп танытты. Басқа ойыншылар да жиналып, алаң ығы-жығы болып, матч төрешісі бәрін тәртіпке шақырды.
Нәтижесінде Жаңғылышбай ескерту алып, Бруно алаңнан қуылды, сөйтіп алаң иелері он ойыншымен қалды. Олар әлі де шабуыл жасауға тырысқанымен, гол сала алмады. Есесіне өздері гол жіберді: 87-минутта алаңға ауысып шыққан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алексей ЩЕТКИН есепті 2:1 етіп, қонақтардың пайдасына шешті. Қосымша берілген 2-минутта «Ордабасының» бельгиялық шабуылшысы Зиги БАДИБАНГ тағы бір гол соғып, ойынды қорытындылады. Матч нәтижесі - 1:3.
Ал, «Тараз» өз алаңында «Қайсарды» 2:1 есебімен жеңді. Енді, соңғы турдың алдында «Таразда» 29 ұпай, «Атырауда» 26 ұпай бар. Бірақ 10 қарашада біздің команда «Қайратты» ұтып, ал «Тараз» «Ордабасыдан» ұтылады деп болжасақ та, бұл мұнайшыларды құтқармайды.
Айтпақшы, ұпайлар тең болған жағдайда орындар қалай бөлінеді? Жергілікті футболқұмарлар оған әртүрлі жауап берді: біреу басты көрсеткіш - барлық матчтардағы жеңістер саны десе, ал біреулері барлық матчтардағы соғылған және жіберілген голдардың айырмашылығы екеніне сенімді. Ал мен 2019 жылғы чемпионат регламентін қарадым. Онда бірінші көрсеткіш - өзара ойын нәтижелері екені айтылған, ал бұл жерде «Таразда» 2:0, 1:1, 2:2 басымдық бар.
Чемпионат аяқталуға бір тур қалғанда «Атырау» Бірінші лигаға түсетіні белгілі болды. Бұл біраздан бері болжанып келе жатқан оқиға және бұл бөлек әңгіме болатын тақырып... Айтпақшы, тур аяқталғанша чемпион да анықталды – «Астана» алтыншы рет қатарынан жеңімпаз болып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор