- барлық автобустардағы кондукторлар таңертеңнен осылайша айқайлай бастады. Бүгін 11 қазанда Атыраудың қоғамдық көлігінде сараланған тариф енгізілді – жолақы электрондық төлем картасы арқылы 80 теңге болса, қолма-қол 150 теңге. Осы өзекті тақырыпқа «АЖ» егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Сараланған тарифтің енгізілуі қиын және ұзаққа созылды. Алдымен 1 қыркүйекте басталмақ болған еді, кейін оны 15 қыркүйекке, одан 1 қазанға, одан соң 11 қазанға ауыстырды. Бүгін, міне, соңғы мерзім.
Электронды жолақыны енгізу жоспары туралы алғаш өткен жылы брифингте сол кездегі Атырау қаласы әкімінің орынбасары болған Мейірім ҚАЛАУИ хабарлаған болатын. Сол кезде-ақ, сараланған жолақы болатындығы айтылды. Оның айтуынша, атыраулық тасымалдаушылар жылына шамамен 3 миллиард теңге тауып келген болса, электронды карточкалар арқылы төлемге көшу бұл цифрды үш есеге көбейтуге мүмкіндік береді екен.
Осы жылдың шілде айында «Смарт Атырау» КМК директоры Әділбек ТАҢКИЕВ халықтың әлеуметтік осал топтарына (зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы) электронды төлем карталары тегін беріледі деп хабарлаған еді. Алайда, олай болмай шықты, баға тек мүгедектерден басқалардың барлығына бірдей 500 теңге деп белгіленді. Айтпақшы, «электрондық» төлемге көшу барысында мектеп оқушыларының жолақы мәртебесі өзгерді – олар енді күніне 2 рет тегін жүрсе, сол күні одан кейінгі жүрген жолдары үшін 40 теңге төлейтін болады.
КОНДУКТОРЛАР ҮШІН ЕҢ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҢАЛЫҚ
- Иә, біз бүгін көптен күткен сараланған тарифті енгіздік. Бүгін мен өзім 30«а» бағытындағы автобуста карта қолдандым, ешқандай кедергі болған жоқ, - дейді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әлібек НАУАРОВ. - Егер валидатор автобуста қандай да бір себептермен жұмыс істемей қалып, сіздің қолыңызда картаңыз болса, онда тегін жүресіз. Егер автобуста валидатор болмаса, онда 80 теңге төлейсіз. Бірақ бүгінде Атырауда валидаторлар қоғамдық көліктің 95%-да орнатылған.
А.Науаровтың айтуынша, сараланған тариф ақша қаражатын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді, олар өз кезегінде тасымалдаушыларға субсидия ретінде - жүргізушілер мен кондукторлардың еңбекақысы мен автопаркті жаңартуға бағытталатын болады. Қазір автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 200 мың теңге.
- Ал жақында хабарланған «құпия тексерушілер» кімдер?
- Бұған дейін «Smart Qala» ЖШС өкілдері қоғамдық көлікте электрондық билеттеуді барынша тиімді енгізуге ықпал ету үшін Атырау тұрғындарына ерікті ретінде атсалысуға өтініш білдірді. Біз бақылаушылар мен тексерушілердің қажетті санын жинадық. Олар жолаушылардың билеттерін тексеріп, кондукторлардың жұмысын бағалайды, құқықбұзушылықтарды фото және бейнетаспаға түсіреді. Сондай-ақ олар жолаушыларға билет беру процесін сырттан ғана бақылап, бағалап отыруларына да болады.
СОЛ БІР КҮН
Әдеттегідей, 11 қазанға бір-екі күн қалғанда барлығы жапатармағай төлем карталарын толтыруға шықты. Бұл дүрлігуге шыдай алмай төлем терминалдарының провайдері жұмыс жасамай қалды. Бүгінде көптеген терминалдар әлі де жұмыс істемей тұр. Тұрғындар карталарына ақша сала алмай, жолақысына 150 теңге төлеуге мәжбүр болды.
- Иә, біз бұл туралы білеміз, жақын арада мәселені шешеміз, - дейді А. Науаров.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Атырауда «Вокзал маңы», «Вокзал», «Облыстық перзентхана» аялдамалары және Авангардтың соңғы аялдамасында жол жүру карталарын рәсімдеудің төрт пункті жұмыс істейтінін тағы да еске салды. Жақын арада Нұрсая ықшамауданында тағы бір орын ашылады («Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС ғимаратында). Ал дайын карталарды қала тұрғындары тек «Вокзал маңы» аялдамасында ғана ала алады.
Фархат ӘбІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор