Атырау, 23 қараша 13:27
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шағымдар, кезек және көлік туралы

3 028 просмотра


Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ брифинг барысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жүзеге асырылатын 5 жобаны таныстырды.

Шағымдар мен анықтамалар

Қала тұрғындары енді өз шағымдары мен ұсыныстарын жергілікті атқарушы органдарға қағаз түрінде емес, ACQ (Атырау цифрлық қабылдау) қосымшасы арқылы жолдай алады. Қазіргі таңда 1 119 электрондық шағым түссе, олардың басым көпшілігі білім беру, ТКШ және қаладағы қалдықтар бойынша.

- «Қалалық жер қатынастары бөлімі», «Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімі», «Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі» бөлімдері көрсететін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстар жүруде.

Қосымша арқылы тұрғындар ветеринарлық анықтама мен ветеринарлық төлқұжат, жарнама мен уақытша сауда жасауға рұқсат ала алады.

Балабақша мен мектеп

Бұрын хабарлағанымыздай, Атырауда балабақшаға жолдама алудың электронды кезегі жұмыс жасай бастады, енді осындай жаңалық мектептер үшін де енгізіледі. Аталған процестерді автоматтандыруға 36 млн 239 мың теңге бөлінген.

- Барлық мектептерде kundelik.kz электронды күнделігі жұмыс жасайды. Күнделікті қолданушылар үлесі 83 пайызды құрайды, ата-аналар балаларының бағасын, сабақ кестесі мен мектепте өтетін шаралардың тізімін көре алады.

Баспана

Таяу күндері жергілікті тұрғын үй қорынан пәтер бөлу бойынша арнайы қосымша іске қосылады. Бұл жобаға 25 млн теңге бөлінген.

- Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жыл сайын өз мәліметтерін жаңартып тұруы тиіс болатын. Мәселен, жылжымайтын мүлігі жоқтығы туралы анықтама тапсыратын. Енді жүйе автоматты түрде жаңарып, кезекте тұрғандар өзгертулер енгізе алады. Бұрынғыдай ХҚКО мен ТКШ бөліміне барудың қажеті жоқ. Қазір қалада баспана кезегінде 20 мыңдай адам тұр, олардың құжаттары сканерленіп, жүйеленуде.

ПИК

Пилотты режимде «е-КСК» жобасы іске қосылды. Бүгінде ол жерде 70 ПИК пен қызмет көрсететін компаниялар бар.

- ПИК-терге жарнама берушілер мен өзге де қызмет түрлерінен қаражат түседі. Алайда тұрғындар бұл ақшалардың қайда кетіп жатқанынан хабарсыз. Енді қосымшаның көмегімен тұрғындар ПИК қаражатын бақылай алады. Маңызды мәселелер бойынша дауыс беру мен сауалнамаларға қатысуға да болады. Ал ПИК төрағалары басқару, қарыздар бойынша есептер және тексерулер мен ревизиялар актілері, сметаларды жұртшылық назарына ұсынулары тиіс.

Алайда бұл - пилоттық жоба, егер тұрғындар белсенділік танытпаса, оны тоқтатуға тура келеді. Ол жыл соңына шешіледі.

Автобустар мен жол ақысы

Қыркүйекте Атырауға жаңа 20 автобус, ал жыл соңына дейін тағы 100 автобус әкелінбек. Оларда пилоттық режимде электронды билеттендіру жүйесі іске қосылады, алайда қала тұрғындары жол ақысын қолма-қол да төлей алады.

«Смарт-ТКШ» ЖШС төрағасы Нұрлан ТҰРЛАНҰЛЫ студенттер, зейнеткерлер мен басқа да жеңілдікпен жүру құқығына ие жандар жол ақысын төлеуге арналған арнайы карточкалар алатынын айтты. Электронды билеттендіру жүйесі толығымен енгізілген соң студенттердің банктік карталарына ай сайын аударылып тұратын жол ақысы сомасы берілмейтіні ескертілді.

«АЖ» тілшісі сұрағына қала әкімінің орынбасары жауап берді.

- Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар қанша табыс табады?

- Біздің есептеулеріміз бойынша, шамамен, 2 миллиард теңге.

- Электронды билет беру жүйесі енгізілген соң сома азайып кетпей ме?

- Жоқ, керісінше. Алматы мен Астанадағы тәжірибе көрсеткендей, олардың табысы 30 пайызға артады.

- Жол ақысы қымбаттай ма?

- Әзірге ондай әңгіме болған жоқ. 80 теңге көлемінде қалатынын сенімді түрде айта аламын. Кей қалаларда картамен төлесең, басқа сома, ал, қолма-қол төлесең, қымбаттау. Біз де осы әдісті қолданармыз, бірақ әзір ештеңе айта алмаймын.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

14 қыркүйек 2018, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.