Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына - мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға жол жүру карталарын ақысыз беру идеясы жүзеге аспады. Енді мүгедектерден басқалардың барлығы дербестендірілген карталарды 500 теңгеге сатып алуы тиіс.
Суреттері бар атаулы карталарды сату нүктелері жаңа 4 аялдама негізінде ашылады: «Вокзал», «Привокзальный», Владимирский көшесінің бойындағы «Интернат» және «Авангард» соңғы аялдамасында. Естеріңізге салсам, бұдан бұрын қоғамдық көліктерге сараланған тариф енгізу туралы өткізілген брифингте халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары (мүгедектер, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар) үшін екінші деңгейлі банктердің бірі арқылы карточкаларды тегін шығару қарастырылды деп мәлімдеген болатын. Алайда техникалық себептерге байланысты бұл жобаны жүзеге асыру сәтсіз аяқталды. Енді жоғарыда аталған барлық санаттар, сонымен қатар мектеп оқушылары 500 теңгеге фотосуреттері бар карталарды сатып алуы керек. Тек мүгедектерге ғана жол жүру карталары ақысыз дайындалады.
- Дербес карталар 300 теңгеге сатып алынған қарапайым карталардан гөрі қымбат тұрады, өйткені оларды дайындау қиындау. Зейнеткерлерден, мүгедектерден, көп балалы аналардан жеке басын және мәртебесін растайтын құжаттарымен пункттерге жүгінулерін сұраймыз, - деді «Смарт Атырау» КМК директоры Әділбек ТАҢКИЕВ.
Үнемдеу үшін картаны 300 теңгеге сатып алу тиімсіз. Бұл жағдайда төлемді «жеңілдігі бар» дербес карточкадағыдай 40 теңгеден емес, 80 теңгеден алады. Әр жолаушының дербес жол жүру картасы болғаны жөн, өйткені валидаторлар бір карточканы екі рет «баса» алмайтындай етіп орнатылған. Әділбек Таңкиевтің айтуынша, бұл Алматыда алаяқтықтықпен есірткілік заттарды валидатор арқылы төлеген фактілердің тіркелгендігімен байланысты болып отыр екен.
- Сатып алушы бір уақытта 30 жол жүру ақысын төлеген. Содан кейін психотропты заттарды сатушыға бос карточканы берген. Ол тиісті қызметке жүгініп, қателесіп өзінен 1 жол жүру ақысын емес, 30 жол жүру ақысы алынғанын мәлімдеген. Ол қайтарып алған сомасын есірткі төлемі ретінде алған. Бәлкім, уақыт өте келе біз құрылғыларды бірден 2, әрі кеткенде 3 жол жүру ақысын 10-15 секунд аралығында қабылдайтындай етіп қайта орнататын шығармыз, - деп түсіндірді «Смарт Атырау» өкілі.
Ол карталарды төлем қабылдау құрылғылары арқылы толтыруда қиындықтар бар екенін жоққа шығармады. Кез-келген бастама сияқты, бастапқы кезеңінде бәрі бірден керемет бола қоймайды ғой. Бағдарлама операторлары алдағы уақытта олқылықтар жойылып, жолаушыларға көлік карталарының балансын толтыруда қиындықтар болмайды деп уәде берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА