Атырауда автобус жолақыларына сараланған тариф енгізу мерзімі тағы да кейінге шегерілді: енді «Х күні» 11 қазанға белгіленген. Бірақ бұдан кейін шегерілмейтін сияқты.
Бұл тақырып неге соншалықты маңызды? Өйткені бұл жүзеге асқан кезде төлемдегі айырмашылық жер мен көктей болады: электронды карта арқылы 80 теңге немесе қолма-қол ақшамен 150 теңге. Ал қала тұрғындары жол жүру карталарын алуда әлі де белсенді емес. Әсіресе, бұл тұрғыда мұнайлы астанадағы 200 мыңға жуық жеңілдік алушыларға - мектеп оқушылары мен студенттерге, зейнеткерлерге, мүгедектер мен олардың қамқоршыларына қатысты жағдай қиын.
- Бүгінгі таңда біз шамамен 5 мыңға жуық мектеп оқушыларына (90 мыңнан), 8 мың студентке (50 мыңнан), 10 мың зейнеткер мен мүгедектерге (барлығы 57 мыңнан) жеке жол жүру билеттерін шығардық. Сондықтан бұл күнді тағы он күнге шегеру туралы шешім қабылданды. Бірақ 11 қазанда сараланған тариф міндетті түрде енгізіледі, - дейді «Смарт Атырау» КММ директоры Әділбек ТАҢҚИЕВ.
Шегерудің шегі жеткен секілді, жолаушылар айырмашылықты сезінген кезде, электронды картаны алғысы келетіндер саны күрт артады.
Ал электронды картаны алған қала тұрғындары соңғы кездері оны толықтыруға қатысты қиындықтар көріп жүр.
- «Смарт Атырау» КММ, мәселе неде? Телефон арқылы да, терминал арқылы да картаға ақша сала алмай жүрміз – ішіндегі ақша таусылды. Терминалда қате код енгізілген деген жазу шығып тұр, - дейді Елизавета есімді тұрғын «Атырау облысының әкімдігі» Telegram чат-каналына шағымданып.
- Картамен төлей бастауға ештеңе дайын емес. Біріншіден, дербес карталар берілген жоқ, қарапайым картаны сатып алдым. Оны терминал арқылы толықтырғым келген - провайдер қол жетімді емес деген жазу шығып тұр. Qiwi қосымшасы арқылы да төленбейді, не істеуге болады? - деп сұрайды Руси деген есімді қолданушы.
Бұл сұраққа сол чатта «Смарт Атырау» КМК басшылығы былай деп жауап берген:
«Техникалық ақауларға байланысты серверлер уақытша қол жетімді емес. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз».
... Ал кейбіреулерге шексіз бұзыла беретін валидаторлар мен кейінге шегерулер пайдалы болып отыр:
- Бір айдан бері тегін жүрмін, керемет. Картаны көрсетемін - валидаторлар жұмыс істемей тұрады, ал менің ар-ұжданым таза, - дейді танысым.
Анастасия АЛЮШИНА