Атырау, 8 қыркүйек 20:29
 дождьВ Атырау +21.6
$ 454.31
€ 528.04
₽ 5.25

Мақат ауданындағы мектеп құрылысы: жаңа оқу жылы басталысымен мәселе туындап жатыр

67 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Мақат ауданында екі мектептің құрылысы тағы да тоқтап қалды: Доссорда Сарғұнанов атындағы мектептің күрделі жөндеуі аяқталмаса, Мақатта №2 мектептің жапсарлас ғимараты құрылысының тоқтап тұрғанына бір жылдан асты.

Жел соқса, шатыры ұшады...

Доссор кентіндегі 2017 жылы салынған О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысы өткен жылы басталып биыл аяқталуы керек еді. Оған бюджеттен 231 млн 538 мың теңге қаралды. Мердігер-"ДанСтройБаза ЛТД" ЖШС мектептің құрылыс жұмысының 80 пайызын атқарған. Бірақ біраз бөлігі иерусіз қалыпты. 

Компания ішкі жөндеу жұмыстарын аяқтағанымен, спорт залының желдету жүйесін орнатуды және сыртқы төсемтас плиткасын төсеуді уақтылы аяқтаған жоқ. Нәтижесінде мердігермен келісімшарт бұзылды.

Толық аяқталмаған жөндеу жұмыстары бойынша енді қандай шаралар қабылданатыны туралы Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Дидар Болатбекұлы айтып берді.

- Ішкі жөндеу жұмысын мердігер атқарғанымен спортзалдың жылу желдеткіші (вентеляция) мен сыртқы төсемтас төсеу жұмыстарын уақтылы аяқтамай кешіктірді. Сол себептен мердігермен келісім шартты үзуге тура келді. Орындалмаған жұмыстың айырмасын "ДанСтройБаза ЛТД" ЖШС-нен өндіріп кері сотқа беру үшін техникалық аудит жүргізу мәселесін шешу туралы облыстық білім басқармасына арнайы хат жолдадық. Енді соның жауабын күтіп отырмыз, - дейді ол.

Айта кетейік, Сарғұнанов мектебі үшін жөндеу жұмыстары әлдеқашан сақалды құрылысқа айналған.

300 орындық жаңа ғимараттың құрылысы сонау 2015 жылдың тамыз айында басталып, оған 763 млн теңге бөлінген еді. Мектеп 2016 жылдың қыркүйегінде берілуі тиіс болатын, бірақ мерзім бұзылып, нысан тек 2017 жылдың қаңтарында пайдалануға берілді.

Мектепте бірден мәселе туындады. Арада бір ай өтпей жатып, қатты жел шатырды екі рет зақымдады, терезелері сынды, кейін ауладағы плиткалар бұзыла бастады. 2017 жылдың мамыр айында «АЖ» су жаңа ғимараттың қайтадан жөнделіп жатқанын, ал аяқталмаған жұмыстарға байланысты мектептің өзі оны әлі балансқа қабылдамағанын жазды.

«Жаңа мектеп жөндеуге тұрды», «Ақ Жайық», 2017 жылғы 18 мамыр

2018 жылдың қаңтарында жел мектептің 48 шаршы метр шатырын тағы ұшырып кетті.

«Оқиғалар тізбегі», «Ақ Жайық», 2018 жылғы 25 қаңтар

2021 жылдың қаңтарында Сарғұнанов мектебінің шатыры қатты жел кезінде тағы да зақымдалды.

«2-ауысымдағы төменгі сынып оқушылары үйде қалды. Жел үш мектептің шатырын ұшырды», «Ақ Жайық», 2021 жылғы 14 қаңтар

Демек, ғимарат пайдалануға берілген алғашқы айлардан-ақ жөнделе бастаған. Арада сегіз жыл өткен соң, 231,5 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізуге дейін жетті, бірақ бұл жолы ол да аяқталмай қалды.

Қазіргі мердігер де аудан билігіне таныс. 2022 жылы «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС Аққыстауда жалпы құны 1 млрд 765 млн теңге болатын 60 пәтерлік үш үй салған. Созылып кеткен жұмыстардың салдарынан аудандық құрылыс бөлімі сотқа жүгінді. Компаниядан 6 млн теңге өндіріліп, құрылысты алты ай ішінде аяқтау міндеттелді, алайда сот ол кезде ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танудан бас тартты.

«Облыс әкімінің Аққыстаудағы тұрғын үй құрылысына көңілі толмады», «Ақ Жайық», 2022 жылғы 17 мамыр

Енді бұл мектеп мәселесі де сотқа дейін жетуі мүмкін.

Құрылысы жылдан аса жүрмей тұрған жапсарлас ғимарат

Мақат кентіндегі "Төртінші" ауыл №2 бастауыш мектебінің мәселесі бұдан бөлек. Ғимарат оқушылар үшін тар болды. 2024 жылы мектепті кеңейту мақсатында жапсарлас құрылыс салу мәселесі "North Caspian Operating Company N. V" компаниясының "Әлеуметтік инвестициялық жобалар" бағдарламасына енгізілген еді. 

Жапсарлас құрылыстың жобалық сметалық құжаттамасы жасақталғаннан кейін 2025 жылдың 19 мамырынан бастап құрылыс жұмысын жүргізу қолға алынған.  Алайда сол жылдың тамыз айында құрылыс алаңында жер астынан су шығып кетуіне байланысты жұмыстар тоқтатылды. 

Жобаны қайта жасауға тура келді. Жаңа құжаттар 2026 жылдың мамырында дайын болды. Алайда, ол құжатқа бастауыш мектептің ескі ғимараты кірістірілмегені анықталды. Жоба қайта жөндеуге жіберілді. 

Аудандық білім беру бөліміндегілер бір жұмысты екі рет жасау уақыт алатынын мойындап отыр. Ендігі мәселені компаниямен және Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп шешу ұсынылып отыр. 

Жоба мәселесі шешілмей шыр айналып жүргенде, балалар басқа жерде оқуды бастап кетті. Білім бөлімінің мәліметі бойынша, барлық оқушы №54 және "Болашақ" балабақшасына, Х.Санбаев атындағы орта мектепке бөліп оқытылып жатыр. 

Ата-аналардың айтуынша, мектепті жауып құрылыс жүреді дегенмен жұмыс маңдымай қойды. 

- ...Енді мүлдем құрылыс жұмысы тоқтап қалған. Биыл балаларымыз жаңа мектепке барады деген үмітіміз үзілді. Енді бұл мектепті жауып тастауы мүмкін ғой, - дейді алаңдаған ата-аналар. 

Бірақ білім бөліміндегілер ата-аналардың қорқынышы бекер деп есептейді.  

Құрылыстың мәселесі шешілгенше, ата-аналардың жаңа мәселесі туындады. Балалары баратын оқу ордалары үйден алыс болып тұр. 

- Балаларымызды бытыратып жіберді, мектеп алыс. Осы жөнінде бірнеше рет құзырлы орындарға хабарластық. Баратын мектеп пен балабақшалар алыс, - дейді тұрғындар. 

Аудандық білім бөлімінің басшысы Дидар Болатбекұлы №2 мектептің теңгерімінде көлік жоқтығын, көшеаралық автобус маршруттарын қарап, үйлестіруге кіріскенін, егер 3 км асса Х. Санбаев мектебіне тасымал ұйымдастырылатынын айтты. 

Білім бөлімі бастауыш мектеп жабылмайтынын, жуық арада жапсаржай құрылысы жалғасатынын айтты. Алайда нақты қашан екені белгісіз. 

Алғашқы мектеп сегіз жыл ішінде жөндеу жұмыстарына бой үйретіп үлгерсе, екіншісінде балалар әзірге өзге ғимараттарға қатынауға дағдыланып жатыр. Екі жағдайда да мектеп мәселесі шешіліп жатқандай көрінгенімен, бұл оқиғаларға әлі де соңғы нүкте қойылар емес.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 18:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.