Доссор поселкесіндегі О. Сарғұнанов атындағы ескі мектептің оқушылары мен мұғалімдерін қазір оқу жылы аяқталар кезде ҰБТ-дан гөрі мектептің жаңа ғимаратына көшу мәселесі мазалап отыр.
Ескі мектеп 1964 жылы тұрғызылған. Онда акт залы да, кітапханасы да, спортзалы мен асханасы да жоқ.
Жаңа мектептің құрылысы 2015 жылдың тамызында басталған. Нысанды өткен жылдың қыркүйегінде пайдалануға беруі тиіс еді. Алайда, мердігер «Атакент-Жылыой» ЖШС құрылысты уақытында бітіре алмады. Себебі, бөлінген ақша жетпей қалған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 300 орындық мектепке бюджеттен 763 млн теңге бөлінген болатын.
Өткен жылы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ пайдалануға беру мерзімі сақталмай отырған нысандардың ішінде Доссор поселкесіндегі мектепті атаған соң, құрылыс қарқынды түрде жүргізіліп, жаңа мектеп биылғы жылдың қаңтарында пайдаланылуға берілді. Бірақ, ай өтпей жатып, мектептің шатыры күшті желге шыдамай екі рет ұшып, кейбір терезелер сынған болатын. Мектеп ауласына төселген төсемтастар күн жылына опырылып қалды. Сөйтіп, үш айдан соң мектеп қайтадан жөндеуге тұрды.
«Атакент-Жылыой» ЖШС директоры Ғизат БИСЕНОВПЕН байланыса алмадық.
О. Сарғұнанов мектебінің директоры Гүлнар СЕЙІЛХАНОВА да ЖШС директорымен сөйлесе алмай отырғанын айтады.
- Мектеп бүгінде облыстық құрылыс басқармасының балансында тұр. Біз балансқа алмай отырмыз, себебі, жұмыс әлі толық атқарылып болған жоқ. 6 мамырдан бастап жөндеу жұмысы басталды. Онда қазір 30-ға жуық адам жұмыс жасауда. Шатыр мен тротуарды қалпына келтірді, спорт алаңын, жүгіріс жолын абаттандырып, отырғыштар қойып жатыр. Ағаштар қосымша егілуде. Әлі қақпа салу керек, - дейді мектеп директоры.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек МАХУОВҚА хабарласқанымызда былай деді:
- Жақында барлық жұмыс бітеді. Кепілдік мерзімі екі жыл. Сондықтан бұған қосымша қаржы қаралмайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА