Атырау, 20 сәуір 05:57
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Облыс әкімінің Аққыстаудағы тұрғын үй құрылысына көңілі толмады

1 351 просмотра

Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Исатай ауданы Аққыстау ауылына барды. Ол «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС салып жатқан 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылыс жұмысына риза болмай, «егер мердігер өз ісін дұрыс атқара алмаса, заң жүзінде жауапқа тартылады» деп мәлімдеді.

Аудан бойынша 906 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы он жылда 60 пәтерлік 2 тұрғын үй ғана пайдалануға берілген. 

Жалпы сомасы 1 млрд 765 млн теңге болатын 60 пәтерлік үш үйдің құрылысы 2019 жылы басталған еді. Содан бері әлі пайдалануға берілген жоқ. Бүгінде тек 1 млрд теңгесі ғана атқарылған.

Кейін «АЖ» аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жұмажан СЫДИХОВҚА бірнеше сұрақ қойды.

- Құрылыстың ұзаққа созылуының себебі неде?

- 2020 жылы «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС қызметі пандемияға байланысты тоқтатылып, жұмыстар өткен жылдың аяғында қайта жалғасын тапты. Бұдан басқа, Ақтөбе облысындағы «СеликатА» ЖШС-нің қажетті кірпіштерді уақтылы жібермеуі себеп болды. Өкінішке орай, бүгінде де құрылыс жұмысы қарқын алып кетпеуде.

- Мердігер мекемені сотқа бердіңіздер емес пе?

- Мердігерді жосықсыз қатысушы деп тану, айыппұл өндіру және уақтылы аяқтауға мәжбүрлеу турасында талаппен ауданаралық экономикалық сотқа бергенбіз. Осы жылдың 6 сәуірінде сот жұмысын дұрыс атқармағаны үшін ЖШС-ге 6 млн теңге айыппұл салып, 6 айдың ішінде құрылыс жұмысын аяқтауға мідеттеді. ЖШС-ні жосықсыз деп тану жөніндегі талабымыз қанағаттандырылған жоқ.

- Ауданда басқа баспана құрылысы жоспарланып отыр ма?

- 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайын, сараптама қорытындылары алынып тұр. Енді қаржының бөлінуін күтіп отырмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 мамыр 2022, 14:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.