Атырау, 10 қазан 04:15
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Салтанат сарайын қайта жарақтау жұмыстары «жобалаудағы қателіктерге» байланысты тоқтатылды

Сурет
1 133 просмотра

Құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаннан кейін бір айдан соң бұрынғы Салтанат сарайының ғимаратын қайта жарақтау жұмыстары тоқтатылды.

Естеріңізге сала кетейік, жұмыс биыл мамыр айында құны 1 млрд теңгеден асатын қайта жарақтау жұмыстары бойынша тендерді жеңіп алған «Декор» ЖШС күшімен басталған еді. Кейіннен ғимаратта Д.Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі орналасуға тиіс болды. Бірақ таяуда Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында әлдебір «жобалау қателіктері» салдарынан жұмыстардың тоқтап қалғанын айтты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (қайта жарақтауға тапсырыс беруші) «жобаны түзету қажеттілігіне байланысты жұмыс 14 маусымда тоқтатылды» деп хабарлап, себептерін де санамалап берді. Бұл бұрғытолтырмалы қадаларды орнату бойынша техникалық мүмкіндіктердің жоқтығы, едендерді бөлшектеу экспликациясына сәйкес еден элементтерінің сәйкес келмеуі, төбені әрлеуді бөлшектеудегі жобалық сәйкессіздік және жер асты суларының жоғары деңгейі. Басқарма хатында сонымен қатар жобалаудағы атышулы қателер жобалық-сметалық құжаттама әзірленбей тұрып-ақ ғимаратқа техникалық тексеру қорытындысында жіберілгені айтылады.

Әрі қарай. Бүгінде құрылыс құрылымдарының техникалық жағдайын техникалық тексеру және бағалау жұмыстары, атап айтқанда кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін қайта жүргізілді. Жағдайдың қайта жарақтау құнына әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, бұл жоба түзетілгеннен кейін белгілі болмақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын хабарланғандай, Бірінші учаске ауданында 1955 жылы салынған бұрынғы АХАЖ ғимараты тарихи-мәдени мұра нысандарын алдын ала есепке алу тізіміне енгізіліп, тарихи-мәдени сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесін алуы тиіс. Ал «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес құрылыс ескерткіш мәртебесіне ие болған ғимараттармен тең қорғалуға жатады.

Аталмыш заңда бәрі айдан анық жазылған. Осы заң нормаларының сақталуына жауапкершілік облыстық Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығына (бұрынғы ескерткіштерді қорғау инспекциясы) жүктелген, алайда, бірнеше рет жазғанымыздай, Атырауда қорғау заңнамасы жүйелі бұзылып тұрады немесе еленбейді.

Бұрынғы Неке қию сарайының сәулеттік келбетін бұзуды тоқтатуға тырысқан «АЖ» редакциясы прокуратураға жүгінді. Бұл орган былтыр Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының заңсыз күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мәселені шұғыл қолға алған еді. Алайда, бұл жолы қадағалау органы мұнымен айналысқысы келмей, неге екені белгісіз, өтінішімізді облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдады. Сол жерден «AЖ» хаты Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығымен қатар Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына түсті.

«...зерттеу орталығы» бұл ғимарат бұрынғыша тарихи-мәдени мұра нысаны екеніне сендірді (маңызды тұс! - Автор), бірақ әлі күнге дейін мәртебесі жоқ болғандықтан, ол жерде түрлі құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады екен. Екінші адресаттан да осындай жауап келді.

Ал енді, прокуратура мен қайта жарақтауға тапсырыс беруші және Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы үшін арнайы ҚР Мәдениет комитетінің жауабынан үзінді келтіреміз. Комитетке жоғарыда аталған заңның нормаларын түсіндіру өтінішімен жүгінген едік.

«AЖ» сауалы:

- Меншiк иесi (жеке немесе заңды тұлға) алдын ала еспке алу тiзiмiне енгiзiлген, өзiне тиесiлi объектiнi өз еркiмен бұзуға (кірпіштеп бөлшектеуге, жоюға) құқығы бар ма? Оның бастапқы келбетін өзгертуге, құрылымы мен сәулетіне қандай да бір өзгерістер енгізуге құқығы бар ма?

Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын ҚАПАШЕВ қол қойған жауап: «...алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілері олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тарихи және мәдени ескерткіштермен тең дәрежеде қорғауға жатады. Осыған байланысты алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген объект қорғауға жатады және оның тарихи-мәдени маңызы анықталғанға дейін оны өзгерту немесе жою бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Сондай-ақ Заңның 11 және 20-баптарына сәйкес мұндай объектіде мониторинг жүргізіледі, яғни оның жай-күйі бақыланады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мониторингті облыстардың жергілікті атқарушы органдары, яғни мәдениет басқармасы, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау орталықтары жүзеге асырады. Ал Заңның 20-бабына сәйкес «Тарихи-мәдени мұра объектілері ғылыми, білім беру және ақпараттық мақсаттарда да пайдаланылады».

Ал жартысы толығымен сүріліп біткен жартылай қираған ғимарат үшін енді кім жауап береді?

Лев ГУЗИКОВ 

Автор түсірген сурет

9 қыркүйек, 14:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.