Болашақ сәулет және қала құрылысы ескерткіші қайта жаңғырту жүргізілетін тарихи-мәдени мұра нысандарының тізімінен шығарылды.
Әңгіменің басын осы әдемі ғимараттың 1955 жылы Гурьев тауар-көлік басқармасының Мәдениет үйі ретінде салынғанынан бастасақ. Кейінгі жылдары мұнда магистралды мұнай өнімдері құбыры басқармасы клубы, АХАЖ, әділет басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар (әлеуметтік қамсыздандыру) бөлімі орналасты.
2020 жылы жергілікті билік мәдениет ошағын қайта жандандыру туралы шешім қабылдап, ғимаратты «Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі» КМҚК балансына берді. Ал мамыр айында бұрынғы АХАЖ ғимараты дуалмен қоршалып, ғимараттың артқы жағы түгелдей сүрілді.
Қала және облыс әкімдіктерімен хат алмасудан белгілі болғандай, нысанды күрделі жөндеуді ғана емес, толықтай қайта жаңғыртуды қолға алу ұйғарылып, «Әсем жоба құрылыс» ЖШС мамандары жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеген. Жобалық-сметалық жұмыстарға 18,5 млн теңге бөлінді, ал қайта жарақтаудың өзі 1 млрд теңгеден асады.
Жобада ішінара бұзу (бұл жасалды), жапсарма түрінде концерт залын салу, аумақты абаттандыру, сондай-ақ жеке ғимарат ретінде кір жуу орнын салу қарастырылған.
Сонымен қатар, қайта жарақтау (тендерді «Декор» ЖШС ұтып алған) 178 орындық көрермен залын оркестрге арналған сахнасымен, гардеробымен фойені, киім бөлмелерімен, әртістерге арналған демалыс бөлмелерімен, буфетпен, әкімшілік кабинеттермен және т.б. жабдықтау жоспарланған. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Бәрі жақсы-ау, тек бір кемшілігі бар. Бұрынғы АХАЖ ғимараты тарихи-мәдени мұра нысандарын алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген және былтыр тарихи-мәдени сараптаманың оң қорытындысын алған, енді жергілікті маңыздағы сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесін алуы тиіс.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес, алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген нысандар олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тарихи және мәдени ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жататынын (4-баптың 1-тармағы) түсіндіре кеткен жөн. Демек, олар қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларына бағынады және құрылыстың кез келген өзгерісін (ауданды кеңейту, ағымдық жөндеулер және т.б.) қарапайым жобалық-сметалық құжаттама емес, ғылыми-реставрация жұмыстары саласында лицензиясы бар ұйым тиісті құжаттаманы алдын ала әзірлеп, жүзеге асыруға құқылы. Қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған (ҚР ӘҚБтК-нің 447-бабы және ҚР ҚК-нің 203-бабының 1-бөлігі).
Түсініктеме алу үшін мұндай келеңсіздіктің алдын алуға міндетті облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығына (бұрынғы ескерткіштерді қорғау инспекциясы) жүгіндік.
Орталық басшысы Толыбай ДОСТЫБАЕВТЫҢ айтуынша, АХАЖ ғимаратының жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан бұрын әзірленген. «Сондықтан біз алдын ала жоспарланған жұмыстарға кедергі келтірмеуіміз керек. Қайта жарақтау жұмыстары аяқталған соң тізімге енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.
– Яғни, ғимарат алдын ала тізімге енгізіліп, сараптаманың оң қорытындысын алғанымен, облыс әкімдігінің тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия жұмыстар бюджетке арзанға түссін деп оны уақытша тізімнен шығарып тастаған ба?
- Солай деуге де болады…
Естеріңізге сала кетейік, қорғалатын мәртебесі бар нысандағы ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары әдеттегі күрделі жөндеуден бірнеше есе қымбатқа түседі. Бірақ, шамасы, Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайына қатысты жанжалды хикая шенеуніктерді заңға бағынуға емес, осындай күмәнді айла-шарғы жасауға үйреткен секілді.
Тіпті бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттама нысанды тізімнен алып тастауға негіз болуы мүмкін болса да, сараптама Неке сарайына айналатын жаңа жерге емес, бастапқы ғимаратқа жүргізілді! Демек, әкімдіктің барлық уәжі қулық қана.
Әлде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның нормалары үнемі еленбейтін болса, арнайы Атырау үшін заңның күшін жою керек шығар? Айтпақшы, билік бұрынғы «Мир» кинотеатрының ғимаратына қатысты да солай жасады.
Лев ГУЗИКОВ, Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ, эскиздерді тапсырыс беруші ұсынды