Атырау, 29 наурыз 12:51
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Хаменованың ісі: ауыл әкімінің шаруасы мен үш куәгердің келмегені

Сурет Бейнежазба
1 416 просмотра

12 тамызда Атырау қалалық №2 сотта Атырау облысы әкімінің экс орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАҒА қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.

Іс бойынша сотталушы ретінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ пен "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай АДАМОВ қатыстып отыр. 

Процеске Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есеп және есептеу бөлімінің меңгерушісі Лиза УКЕШОВА мен Махамбет ауданы, Сарайшық ауылының әкімі Жексенбай ФАЗУЛОВ куә ретінде шақырылып, сотталушылармен қандай байланысы болғаны жөнінде жауап алынды.

Л.Укешова Абай ескерткішін салу бойынша өзінің қызметіне қатысы бар дәлелдерді айтты.

- Мен бұл бөлімде 2020 жылдан бері жұмыс істеймін. Ал, Абай ескерткішін орнату 2018 жылы мақұлданып, 2019 жылдары «Балқыту» ЖШС бір көзден орындаушы болып шешіліп қойған. Бірақ сол кезде жұмысты бастауға қаржы қаралмаған. 2021 жылы қалалық мәдениет бөлімі осы мекемемен келісімшартқа отырып, мемлекеттік сатып алу заңдылығы бойынша жұмыс істедік, - деді Укешова. - Келісімшарт жасау, жұмысты бастау кезінде телефон арқылы Адамовпен («Балқыту» ЖШС директоры) бірнеше рет және Рысқалиевпен (Мәдениет басқармасының басшысы) сөйлестім. Жұмыс барысында Адамов маған қоңырау шалып, неге жұмыстың 50 пайыз ақшасының ішінен 20 пайызын  ғана аударасыз, мен ол ақшаға ескерткіш орната алмаймын. Жалпы соманың 20 пайызын неге аудармайсыз деп ұрысқаны бар. Мен келісімшарт негізінде жұмыс істедім. Жұмыс аяқталған кезде Ақылбек Аманбайұлы (Рысқалиев) қоңырау шалып, «ескерткіш дайын тұр, көріп келдім. Акттарды алып келе жатырмын, меннен алып кетерсіз» деді.

Ал, Сарайшық ауылының әкімі Жексенбай Фазулов «Алтын орда» конференциясына қатысты және сол шараны ұйымдастырушы болған Облыстық халық шығармашылығы ғылыми әдістемелік жұмысын ұйымдастыру" КММ басшысы Жәнібек Аманиязовпен (Аманиязовтың өзі куәгер ретінде шақырылса да, сотқа келмей қалды) қалай байланысқаны жөнінде сұрақтарға жауап берді. Еске салсақ, прокурордың айыптау актісінде Хаменова Рысқалиевке «екіні  өзіңе ал да, екі жарымды Жәнібекке беріп қой» деген айғақ айтылған еді.

Жексенбай Фазуловтың жауабы:

- Былтыр Сарайшық ауылында «Алтын Орданың» 750 жылдығына арналған конференция өтетін болды. Оған шетелден қонақтар келетін болған соң, ауылдың келбетін келтіру үшін ауданнан, облыстан қаржы бөлінетіні айтылды. Біз ауылды ретке келтіріп, қонақтарды қарсы алуға 6 млн теңге қаржы қажет екенін айттық. Алайда конференцияға 10 күн қалғанша қаржы бөлінбеді. Бір апта қалғанда облыста жиналыс өтіп, «бюджеттен қаржы бөліп үлгермейміз, демеушілердің қаржысы арқылы жұмыстар жасалады» деді. Осыдан кейін қасымда аудан әкімі екеуміз ауылға қайтып, жұмысты бастадық. Ауылдың кіреберісінен бастап қоқыстан тазартып, баннерлерді жаңарттық, мұражай мен мешітті ақтап-сырладық және т.б. Мұның бәрі менің жеке қаражатыма жасалды. Демеушілікпен аз қаржы бөлініп, ол менің шығынымды жаппады. Сарайшықтағы шараны ұйымдастырушы Жәнібектен «Менің қарызымды қашан береді?» деп сұрағанымда, ол шара біткен соң үйлестіреді деді. Махамбет ауданының әкімі де солай деп айтты. Сол кезде Жәнібекпен қоян-қолтық жұмыс істедік. Бірақ мен ауылдың тазалығынан басқа іске араласпадым.

Куәгерге айыпталушы Б.Хаменованың қойған сұрағы:

- Сіздің өз қаражатыңызды жұмсағаныңызды дәлелдейтін құжаттар бар ма?

- Менде жоқ, аудан әкіміне бердім.

- Сіз 6 млн теңге қажет екенін әкімшілікке смета жасап жеткіздіңіз бе?

- Жиналыстарда дөңгелек үстелдерде айттым, сіз болдыңыз.

- Қазір ол қаржыңыздың орны жабылды ма?

- Жоқ.

Куәгерге айыпталушы Рысқалиевтің қойған сұрағы:

- Сіз Жәнібекті бұрын танисыз ба, әлде конференцияға дайындық кезінде таныстыңыз ба?

- Дайындық кезінде таныстық

- Ол кім болып қызмет істейді?

- Сол жерде ол ұйымдастырушы болды. Үкіметтік емес ұйымда жұмыс істейтін сияқты.

- Сіз ақша бөлінетінін Жәнібек айтты дедіңіз. Жәнібектің қандай лауазымда, қандай құзіреті бар екенін білмесеңіз, оның айтқанына қалай сенесіз?

- Ол кез тығыз-таяң болды. Сұрайтындай уақыт болмады. Қасымда аудан әкімі де болды. Конференцияға қатысты жиналыстардың бәріне сол қатысып жүрді. Басшылар, басқарма басшылары, үлкен лауазымды адамдар отырған жиналыста қалай сенбеймін?

Сот отырысы шақыртылған 5 куәгердің үшеуінің (Жәнібек Аманиязов, Нұрбек Ахмедияров, Орынша Макиева) келмеуіне байланысты ерте аяқталды. Келесі сот отырысы 5 қыркүйекке белгіленді, себебі оған дейін қорғаушылар басқа сот істеріне қатысатын болып, босамайды. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

12 тамыз 2022, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.