Атырау, 5 қазан 14:18
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Сіздің өніміңіз!»

Сурет Бейнежазба
1 368 просмотра

Атырауда Дүниежүзілік репродуктивті технологиялар күні аталып өтті. «Экомед» экстрокорпоралды ұрықтандыру орталығы Атырау филиалының акушер-гинеколог, уролог-андролог, хирург, анестезиолог, биолог, эмбриолог мамандары жиналды. Сонымен қатар, ЭКО арқылы сәби сүйген ата-аналар да арнайы шақырылды. Шараға 52 жасында тұңғышын босанған Құлсары қаласының тұрғыны Айгүл БИСЕНБАЕВА да сәбиімен және жұбайы Ибрагим ШӘУКІРОВПЕН бірге келді.

Ол 50 жасында тұрмыс құрып, балалы болсам деген үзілмеген үмітін арқалап, медиктердің көмегіне жүгінді. Атырауда оны репредуктолог дәрігер, «Экомед» экстрокорпоральды ұрықтандыру орталығы Атырау филиалының бас директоры Гүлсара БАСАРОВА бақылады.

Шарада Гүлсара Басарова Бисенбаеваның барлық кеңесті мұқият орындағанын, емдік процедураларды уақытында қабылдағанын, саулығын күтіп, ана болу арманына жеткенін айтты. Бисенбаеваның жұбайы Ибрагим Шәукіров оған гүл шоғын сыйлап, «Сіздің өніміңіз!» деп әзілдеп, қолындағы сәбиді ұстатты.

Айгүл Бисенбаеваға сөз берілгенде ол көз жасын тыя алмады. Толқып, қуаныштан көзіне жас алды.

Дүниежүзілік репродуктивті технологиялар күнінің шығу тарихы қызық. 1978 жылы 25 шілдеде Ұлыбританияда экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы Луиза Джой Браун есімді нәресте дүниеге келген. Ол әлемдегі ең алғашқы «құтыдағы» эко-бала болатын.

Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру әдісін 1995 жылы қолдана бастады. Елімізде алғаш рет бұл саланың негізін биология ғылымдарының докторы, эмбриолог, репродуктолог Салтанат Байқошқарова қалаған. Осы 1995 жылы ол «Экомед» экстракорпоралды ұрықтандыру орталығын ашты. Қазақстанда «құтыдағы» алғашқы сәби 1996 жылы 31 шілдеде дүниеге келді. Бүгінде оның көмегімен көптеген отбасылар көптен күткен сәбилі болу бақытына ие болды.  

Гүлсара Басарованың айтуынша, шараны ұйымдастыру мақсаты – мерекені атап өту ғана емес, эмбриология бөлімінде күні бойы таңертеңнен кешке дейін микроскоппен жұмыс істеп, ешкімнің көзіне көрінбей зергерлердің қызметімен пара-пар күрделі жұмысты атқаратын эмбриологтарды көпшілікке таныту.

- Шараға келгендер көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей өздеріне қойып, тегін кеңес алуға мүмкіндік алды. Көп адам ЭКО арқылы туған балалар қандай деп сұрайды. Бұл бөбектерді көріп тұрсыздар, олардың биологиялық жолмен дүниеге келген балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ, - дейді Басарова. - Орталыққа жылына 1000-ға жуық пациент келеді. Соның  шамамен жартысы шынымен ЭКО-ға мұқтаж. Қалғаны аздап емделіп алып, табиғи жолмен босануға қабілетті. Атырау облысына ЭКО процедурасына былтыр 232, биыл 233 квота бөлінді. Былтыр 135 квота біздің «Экомед» орталығына берілді. Қалғандары бойынша отбасылар Алматы немесе астанаға барды. Көбінің өз ақшасына ЭКО жасатуға қалтасы көтермейді.  Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тегін квота санын көбейтуді үнемі сұраймыз.

ЭКО арқылы сәбилі болған аналардың бірі Айгүл Шмалина да өз өнерін ортаға салып, ән шырқады. Оны қолдап, мамандар мен аналар да сәбилерін құшақтап биледі. Өте әсерлі болды ...

Айгүл Шмалина тұңғышын 40 жасында ЭКО арқылы босанған. Қазір жасы 46-да. Өзі акушер-гинеколог, облыстық перинаталды орталықта 20 жыл жұмыс істеген. 35 жасында тұрмыс құрып, көпке дейін бала көтере алмаған. Әйел ЭКО арқылы бірнеше рет жүкті болуға әрекеттеніп, ақыры соңғы әрекеті сәтті болып, құрсағына жан біткен. Айтпақшы, декреттік демалысқа шыққан соң, осы орталықтың өзіне жұмысқа шақырылған. Өзі де сол орталықтың үстіңгі қабатында тұрады екен. Алты ай жұмыс істеп, кейін сәбиінің қасында боламын деп шешкен. 

- Менің «Экомед» дәрігерлеріне алғысым шексіз. Әсіресе, олардың жолдастарына алғыс айтамын. Себебі, бұл орталықтың дәрігерлері 24 сағат бойы өз пациенттерімен байланыста. Кейбір пациенттер «дәрілерім таусылды, қайдан аламын?» деп түнгі екіде соғуы мүмкін, - дейді А.Шмалина.   

Ол қоғамда сәби әкесін білмей өседі деген қоғамдық пікірден қорықпайтынын, ең басты мақсаты - ана атану болғанын және соған жеткеніне бақытты екенін алға тартты. 

Сәби аңсаған барлық анаға осы бақыт бұйырсын!

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 шілде 2022, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.