Атырау, 5 қазан 16:11
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Құлсарының тұрғыны 52 жасында тұңғышын дүниеге әкелді

1 614 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Айгүл Бисенбаева 52 жасында тұңғышын дүниеге әкелсе, ал Ибрагим Шаукиров 63 жасында тағы да әке атанды.

Жеке кәсіпкер Ибрагим ШАУКИРОВ ұлының дүниеге келгеніне қуанышты екенін, жұмыста болғандықтан көп тілдесе алмайтынын жеткізді. Ал оның жолдасы Айгүл ашық-жарқын жан болып шықты. 

- Мен негізі Томарлы (Теңдік) ауылында дүниеге келіп, кейін Доссорда тұрдым. 90-жылдары Құлсары қаласына қоныс аударып, отбасымызбен осы жерде тұрақтап қалдық. Мен жолдасым Ибрагиммен екі жыл бұрын танысып, тұрмысқа шықтым. Оның бірінші жұбайы дүниеден өткен, ұл-қыздары, немере, жиендері бар. Біз татумыз, бір шаңырақ астында аралас-құралас, шат-шадыман өмір сүріп жатырмыз. Ал менің Ибрагиммен бірінші некем. 

- Сіз жігерлі әйелсіз. Сұрағым ыңғайсыз болса кешірім сұраймын, дегенмен осы жаста тұрмысқа шыққаныңызбен ана атанбауым мүмкін-ау деген ой мазалаған жоқ па?

- Алдымен бір Аллаға, сосын дәрігерлерге сендім. Себебі денсаулығың жақсы, бала сүюге толық мүмкіндігіңіз бар деді ақхалаттылар. Негізгі мамандығым аспаз, «МаңғыстауСервисКомпани» фирмасында жұмыс жасадым. Жүкті екенімді білгеннен кейін жұмыстан өз еркіммен шығып кеттім. Ең бастысы  - отбасы бақыты. Ал жұмыс табыла жатар... Жүктілікті жоспарлағанда дәрігерлерден жиі кеңес алып тұрдым. Атырауда гинеколог Гүлсара БАСАРОВА өзі тікелей бақылады. Кейін ЭКО арқылы ұрықтандыру процесі астанадағы перинаталды орталықта жүрді. Бірінші кезеңінен-ақ аяғым ауырлады. Құлсарылық дәрігерлер Руслан АКЕНОВ пен Нұршат ҚАЛИЕВА жүктілік кезеңінде үнемі бақылауда ұстап, ақыл-кеңесін беріп отырды, оларға да алғысым шексіз.

- Ұлыңыз қайда дүниеге келді? Алғаш сәбиіңізді қолыңызға алғанда қандай сезімде болдыңыз?

- Күнім жақындап, босану процесі басталар кезде Құлсарыдағы ауруханаға жеткізіп, кейін облыс орталығына алып кетті. Атырауда дәрігерлер өздігімнен босану қауіпті екенін ескертіп, ота жасау керектігін айтты. Мен келісімімді бердім, 19 қаңтарда дәрігер Динара МАРАТҚЫЗЫ отаны сәтті жасады. Есімді жиғанда 3 кг 770 гр ұлым дүниеге келгенін естігендегі күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, білесіз бе қуаныштан бақырып тұрып жылап, болмаса қатты айқалағым келді. Ұлыма Нұркелді деген есім берді. Мен бақыттымын, барлық тума-туыс бізді ауруханадан шығарып алуға жиналды. Қыздар, келіндер, құдағайларым бәрі маған көмектесіп жатыр.

- Сіздің жағдайыңыз адам қызығарлықтай. Қазір ересек тұрмақ жастар арасында бала сүюден күдер үзе бастағандар бар...

- Үміттерін үзбесін, денсаулығын күтіп емделсін деймін. Отбасы болғасын балалы болған қандай жақсы. Жасым келді деп қол сілтеуге болмайды екен. Мен дәрігерлермен сөйлестім, ота жасалғанымен екі жылдан кейін тағы да нәресте сүюге болады екен. Ал мен Нұркелдімнің артынан тағы бір балалы болсам деймін.      

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті Айгүл БИСЕНБАЕВА ұсынды

27 қаңтар 2022, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.