Атырау, 5 қазан 16:14
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ана бақытына апарар жол

2 095 просмотра

Қаңтардағы қанды оқиғадан кейін көп ұзамай БАҚ беттерінде Құлсары қаласының 52 жастағы тұрғыны тұңғышын дүниеге әкелгені туралы қуанышты жаңалықтың жарияланғаны көпшіліктің есінде шығар. Ол туралы «АЖ» да жазды.

Айгүл БИСЕНБАЕВА 50 жасында тұрмыс құрды, бірақ балалы болу үмітін үзбеді. Өз мүмкіндігін сынау үшін 63 жастағы күйеуі Ибрагим ШАУКИРОВТЫҢ келісімімен ЭКО арқылы бала көтеруге шешім қабылдады. Айгүл жүктілікті жоспарлап, дәрігерлермен жиі кеңесті. Атырауда оны гинеколог Гүлсара БАСАРОВА бақылады. Содан кейін елордадағы перинаталдық орталықта ЭКО арқылы ұрықтандыру процесі өтті. Ол бірінші әрекеттен-ақ жүкті болды. Айтпақшы, бұған дейін басқа БАҚ-тар жазғандай, Айгүл «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы квота бойынша тегін емес, өз ақшасына ЭКО процедурасынан өткен.

Бірнеше күннен кейін, қаңтар айында тағы бір жасы келген әйел - Атыраудың 53 жастағы тұрғыны тұңғышын дүниеге әкелді. Ол өміріндегі ең бақытты сәтті 18 жыл бойы күткен. ЭКО арқылы бірінші әрекетте нәтиже бермей, үшіншісінде жүкті болды.

Жалпы Атырауда соңғы 6 жылда 50 жастан асқан 3 әйел экстракорпоралды ұрықтандыру әдісімен тұңғыштарын дүниеге әкелді (үшіншісі осыдан үш жыл бұрын босанған, ол ЭКО-ға екі жыл бойы дайындалып жүрген). Сол кезде, айтпақшы, облыстық перзентхана оларды қабылдауға қорқып, «Экомед-Атырау» емханасының репродуктологтарын «жөнсіз тәуекелге» барады деп жазғырған болатын. Бірақ әйел қорықпады, ол астанада немесе Алматыда емес, осы жерде, Атырауда босануға бел буады.

 

КЛИМАКС «ЖАСАРЫП КЕТКЕН»

«Экомед-Атырау» емханасының медициналық директоры, репродуктолог дәрігер, акушер-гинеколог Баян ДҮЙСЕНОВА (суретте) ЭКО көмегімен болса да 50 жастан кейін босану, әсіресе біздің қолайсыз экологиялық жағдайымызда сирек кездесетін жағдай екенін айтты. Оның айтуынша, жыл сайын олардың емханасына келетін пациенттер көбеюде, олардың жартысы 35-40 жас аралығындағы әйелдер, 40 пайызға жуығы 40-49 жас аралығындағылар, бірақ тым жас пациенттер де бар. 35 жастан асқандардың көпшілігі аналық жасушаларды сақтап қою үшін жүгінеді. Бұл процедура аналық жасушаны (ооциттер) криоконсервациялау деп аталады. Бұл - кеш репродуктивті жаста (35-40 жастан кейін), тіпті климакс басталғаннан кейін, табиғи жолмен бала туу мүмкіндігі нөлге тең болған кезде дені сау баланың анасы атану мүмкіндігі. Репродуктивті жаста сақталған өз аналық жасушасы ЭКО арқылы жүкті болуға мүмкіндік береді.

Дүйсенова мұндай процедураға сұраныстың артуы әйелдерде климакстың ерте басталуымен байланыстырады:

– Өкінішке орай, климакс «жасарып» кетті. Бұрын 44-58 жас арасында болса, қазір 37-38 жаста, тіпті одан да ертерек кездеседі. Мысалы, менің бір пациентімде 29 жасында климакс басталды

- Елестетудің өзі қорқынышты. Неліктен бұлай болады?

- Бұл организмнің өзгешелігі және гормоналды фон. Әр адамның гормоны әртүрлі. Біреуі 40 жастан кейін де оңай босанады, ал енді біреуі 35 жаста ЭКО-ға жүгінуге мәжбүр.

- Жасушаны сақтап қою қанша тұрады?

– Бұл қаржы менеджеріне қойылатын сұрақ, бірақ менің білуімше 350-500 мың теңге аралығында. Бір аналық жасушаны қатырудың мәнісі жоқ, бірнешеуі қажет. Біз алдымен пациенттерді толық тексереміз, олардың жұқпалы, қабыну, т.б ауруларын емдейміз. Бұл үш аптаға созылуы мүмкін. Сосын оларға витаминдер мен гормондар жазып береміз. Диагностика жасап, ем тағайындағаннан кейін мұздатуға кірісеміз.

- Аналық жасушалар қанша уақытқа және қаншалықты қауіпсіз сақталады?

- Біздің емханада эмбриологияның операциялық бөлімі бар. Ол жаққа сирек барамыз. Қандай да бір манипуляция қажет болса, кіреміз. Аналық жасушаны сақтаудың арнайы стандарты бар. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Ол жақта барлығы эмбриологтар мен биотехнологтардың қатаң бақылауында. Қалада электр жарығы болмаған кезде, ол жерде үнемі жарық болады, өйткені қуатты генератор үздіксіз жұмыс істейді. Кейбір әйелдер аналық жасушалар «қартайып қалмай ма» деп сұрайды. Жоқ, олар қатырған кезде қандай болса, сол күйінде қалады. Жасушаны шексіз сақтай беруге болады. Мысалы, Жапонияда 30 жыл бұрын аналық жасушасын сақтап қойған әйел босанған.


ҮШ РЕТТЕН АРТЫҚ ДОНОР БОЛА АЛМАЙДЫ

Баян Дүйсенова қазір олар терапевтер мен онкологтарға өз пациенттеріне аналық жасушаны мұздатуға кеңес беруді ұсынып жатқанын айтады:

– Өйткені, химиотерапия кезінде бірінші кезекте аналық жасушалар зардап шегеді. Біз әйелдің онкологиядан емделгеннен кейін босану мүмкіндігін жоғалтпағанын қалаймыз. Әйтпесе, 30 жастан асқан онкологиямен ауырып шыққан әйелдер бізге келеді. Одан сау аналық жасушаны алу мүмкін емес.

– Ал Атырауда донорлық спермаға сұраныс қандай? Донорлар жеткілікті ме? Әйелдер баласының биологиялық әкесі белгісіз болып қалуына қалай қарайды?

– Сұраныс бар, бірақ онша көп емес. Біз келген әйелдерге барлық нюансты түсіндіреміз, содан кейін айталық, жартысы бас тартады. Қалғандары, әдетте, қаржы жағынан өзін-өзі толық қамтығандар, жеке пәтері, үйі, көлігі, жақсы жұмысы бар әйелдер. Олар өздеріне, бәрін өздері шешетініне сенімді. Әрине, толыққанды отбасы болған жақсы, бірақ донорлық сперма көмегімен «өзі үшін» бала туудың жалғыз жолы болатын жағдайлар кездеседі.

– Негізінде, бір донордың балаларының бір-бірімен кездесіп қалуын жоққа шығаруға болмайды. Жер дөңгелек дегендей...

– Құдай сақтасын, әрине, бірақ бізде ондай ақпарат жоқ. Бұған қоса, бізде шектеу бар: ер адам үш реттен артық донор бола алмайды. Әрине, әлеуетті донор мұқият тексеріледі. Жұқпалы, генетикалық аурулары жоқ болуы, психиатриялық, наркологиялық есепте тұрмауы, жаман әдеттері болмауы керек. Салмағы, бойы - барлық аспекті тексеріледі. Сондықтан 10 әлеуетті донордың ішінен тек біреуін таңдаймыз.

Айтпақшы, донор да баласы қайсысы екенін білмейді.

– Ал донор қандай сыйақы алады?

– 100 мың теңгеден астам.

– Ал ЭКО процедурасы қанша тұрады?

– 800 мың теңгеден басталады. Жалпы, әйелдерді бедеулікті емдеуді кейінге қалдырмауға шақырамын: егер бір, бір жарым жыл бойы жүкті бола алмасаңыз, мамандарға жүгіну керек.


ЕНДІ ЖАС БОЙЫНША ШЕКТЕУ ЖОҚ

Б.Дүйсенованың айтуынша, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысу үшін жас шектеуі алынып тасталды - бұған дейін бағдарламаға 35 жасқа дейінгі әйелдер алынатын.

– Бұл демографиялық өсім үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, квота саны да көбейді, енді 3-4 жыл кезекте тұрудың қажеті жоқ, қазір 2-3 ай ғана күтеді, – дейді репродуктолог. – «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота алу үшін ер мен әйел заңды некеде болуы керек. Олар алдын ала тұрғылықты жері бойынша емханада қаралуы тиіс. Егер ерлі-зайыптылар бір жарым-екі жылға дейін балалы бола алмаса, онда олардың гинекологы оларға «Аңсаған сәби» бағдарламасын ұсынады. Елімізде бұл бағдарламаны жүзеге асырумен Атыраудағы (бүкіл батыс өңірінің пациенттерін қабылдаймыз), Алматыдағы, Шымкенттегі және Нұр-Сұлтандағы ЭКО емханалары айналысуда. Айтпақшы, көп адам бізден – ЭКО-ны квота арқылы ма, әлде өз ақшаңа жасатқан дұрыс па, қайсысы жақсы әрі нәтижелі болады деп сұрайды. Бұл сұрақты мүлдем орынсыз деп есептеймін. Біз пациенттің бәріне бірдей қараймыз және оларды бөлмейміз, ата-ана атанған барлық пациентімізге ризамыз!

«АЖ» ақпары бойынша, былтыр Атырау облысында 232 квота (оның 135-і «Экомед» арқылы), ал биыл 233 квота бөлінген. Салыстыратын болсақ: 2018 жылы 29 квота, 2019 жылы – 30, 2020 жылы 37 квота болған.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өңірімізде 840 әйел кезекте тұр.

Айнұр САПАРОВА 

23 наурыз 2022, 15:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.