Атырау, 7 қазан 21:31
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қаңтар оқиғасы кезінде жараланғандар туралы не белгілі?

2 912 просмотра

«АЖ»-ның ресми сауалхатына облыстық прокуратураның жолдаған жауабына сәйкес, оқ тию дерегі бойынша қалалық полиция басқармасы  ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы («Бұзақылық») қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Облыс прокуратурасы қылмыстық істің тергеп-тексеру барысы қазір өз бақылауында екенін айтады. Іс бойынша соңғы процессуалдық шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады.

Оқтан жарақаттанғандар бойынша бүгінде қанша іс ашылды және күдіктілер анықталды ма деген сауалдарымызға ҚР ҚПК-нің 201-бабына сүйене отырып, бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің құпиясы болғандықтан жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Еске салайық, 5 қаңтар күні оқ тиіп қаза болған Алмаз Берекеновтен басқа алты ер адамның оқ жарақатын алғанын жедел жәрдем станциясы қызметкерлері растады.  Жараланғандардың бәрі қарапайым тұрғындар. 25 жастағы жігіт оң жақ жіліншегінен жарақат алған; 24 және 34 жастағы екі жігіт кеудесінен; төртіншісі, 52 жастағы қала тұрғыны – жамбасынан; бесіншісі, 54 жастағы ер адам - төменгі жақ сүйегінен; алтыншысы  - санынан жарақат алған.

Бұған дейін Атырау облыстық ауруханасы 5 қаңтар оқиғасы кезінде облыстық ауруханаға 62 адамның (тұрғындар да, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де) жүгінгенін, оның ішінде оқтан жарақат алған екі азамат бар екенін хабарлаған болатын.

Біз кейін ауруханадан олардың жағдайын сұрап білгенбіз. Оның бірі - оң жамбасынан оқ жарақатын алған 52 жастағы Ардақ ИСАҒАЛИЕВ, ал екіншісі - 34 жастағы Үрістембек ҚҰБАШЕВ. Ол құрсақ қуысынан оқ жарақатын алған. Оның бір бүйрегін алып тастауға тура келген.

Ал қалған төртеуінің аты-жөнін анықтау мүмкін болмай отыр. Көбінің жеке дерегі жедел-жәрдем станциясында анық емес әрі толық жазылмаған. Сол себепті олардың бүгінгі тағдыры әзірге бізге белгісіз.

Айнұр САПАРОВА

15 ақпан 2022, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.