Атырау, 19 сәуір 13:43
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Басына тиген оқтан қаза тапты

Сурет Бейнежазба
2 775 просмотра
Алмаз БЕРЕКЕНОВ

Атыраудағы соңғы оқиғалар кезінде митингіге шыққандардың бірі басынан оқ жарақатын алып, қаза болды. «Ақ Жайық» бұл туралы мемлекеттік органдардан ақпарат ала алмады. Ол жақтан  ешкім бұл тақырыпты айтқысы келмеді. Біз марқұмның туыстарын таптық. Олар жеті күндік қадесінен кейін сөйлесуге келісті.

Қайғылы оқиға 5 қаңтар күні сағат 16.00-ден кейін облыс әкімдігі ғимаратының артында салынып жатқан жаңа ғимарат ауласында болған. Дәл сол уақытта ол жерде оқ атылып, дәл сол кезде интернетті ажыратып тастады. Біраз уақыттан кейін адамдар маған сол жерде бір адамның өлтірілгенін хабарлады. «Өліп жатыр!» - деп айқайлады олар.

«ОНЫ ҰСТАП ӘКЕТТІ ДЕП ОЙЛАДЫМ»

Марқұмның аты-жөні Алмаз БЕРЕКЕНОВ. Атырау қаласында дүниеге келген, қала іргесіндегі Тасқала (Алғабас) ауылында тұрған. 35 жаста, үйленбеген. Алмаз – отбасында екі әпкелі-сіңлінің ортасындағы жалғыз ұл, әпке-қарындасы тұрмыста.

Жаннат БЕРЕКЕНОВА – әкесінің бауыры, яғни, тәтесі. Ол 2000 жылы ағасы, яғни Алмаздың әкесі қайтыс болғаннан кейін оның өздерімен бірге тұрғанын айтты. Үлкен әулет екен. Алмаздың әжесі балалардың бәрінің бір жерде өскенін қалаған. Алмаздың анасы белгілі Сары Әулие – Марат ИСЕНБАЕВТЫҢ туған қарындасы. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін ол басқа адамға тұрмысқа шығып, Түркияға қоныстанған.

Алмаздың әжесі 2013 жылы Алмаз 27 жаста болғанда қайтыс болған. Ол әжесі тұрған үйде көкесі Болат БЕРЕКЕНОВТІҢ отбасымен бірге тұра берген. Жаннаттың айтуынша, Алмаз Тасқала-3-те үйін салып бітіріп, көшейін деп жүрген, содан кейін отбасын құруды ойға алған. Оның айтуынша, ол намаз оқыған, бірақ радикалды діни ағымды ұстанбаған. Әрине, ішімдік ішпеген, темекі шекпеген. Гитарада ойнап, ән айтқан. Достарының арасында беделді болыпты. Компьютерлік техника бойынша қызмет көрсетумен айналысатын «Norsec Delta Projects» ЖШС-нің жетекші инженері болып жұмыс істеген.

5 қаңтардағы сол қаралы күн туралы Жаннат былай деп әңгімеледі:

Жаннат БЕРЕКЕНОВА

– Алмаз әдеттегідей таңертең жұмысына кеткен. Интернетке қосылуда іркіліс болғандықтан, жұмыс ерте аяқталып, түсте мешітке намаз оқуға кеткен. Содан кейін Исатай мен Махамбет алаңындағы митингіге шыққандарға қосылған. Балам сол күні Instagram желісінде тікелей эфирде Алмазды көріпті. Алмаз қолына ту ұстап, жиылған халықтың шетінде тұр екен. Балам бұл кадрдың скриншотын түсіріп алып, достарымен алаңнан Алмазды іздеуге жүгіріп кеткен. Ол үшін қатты алаңдаған, оның үстіне, ол бұрын ешқандай митингіге қатыспаған еді. Маған сол кезде жүрегім ауыратын болған соң, уайымдайды деп ештеңе айтпаған. Сол жолы ол Алмазды таппай, үйге қайтып келді. Мен өзім мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеймін, жұмыстан сағат 17.30-да келдім. Ұлым тағы бір жаққа шығып бара жатыр екен. Қайда барасың деп сұрадым. Ол интернеттен Алмазды митингте көргенін, енді оны іздеп, телефоны жауап бермей жатқанына алаңдап жүргенін айтты. Содан кейін туыстарымызға телефон соғып, таныс полицейлерден Алмаз туралы сұрай бастадық. Оны ұстап алған шығар деп ойладық. Ол қаза болды деген ойыма да кірмеді. Кешке қарай мәйітханадағылар ағам Болатқа телефон соғып, Алмаздың қайтыс болғанын хабарлаған. Бұл біздің әулетіміз үшін орны толмас қаза болды...

Сот-медицина сарапшы Елдос ЕРБОЛАТТЫҢ қорытындысында Алмаз Берекеновтің өліміне басынан тиген оқ жарақаты себеп болғаны көрсетілген.


КУӘГЕРДІҢ АЙТҚАНЫ

5 қаңтарда кешке наразылардың бір бөлігі «ақ үйден» (облыстық әкімдік ғимараты) алаңға оралды. Осы кезде Алғабаста тұратын танысым жұмыстан шығып, үйіне келе жатып, алаңда тұрған адамдарға жақындап, әкімдік маңында бір адамның қаза болғанын естіген. Кім деп сұрай бастапты, Алғабастың жігіті сияқты деген. Микрофон арқылы марқұм туралы танитындар бар ма деп сұрап жатыр екен. Дәл осы кезде танысыма ағасы телефон соғып, Алмаздың қаза болғанын хабарлаған. Сұхбаттасым Алмаздың ауылдасы, олар бір-бірін жақсы таниды екен. Ол микрофонға барып, кім екенін айтқан.

– Содан кейін адамдар ақша жинайық деді, бірақ мен ештеңе алмаймын дедім, – дейді сұхбаттасым. - Бірақ бірнеше әйел ақша жинап, менімен бірге Алмаздың үйіне барайық деп өтінді. Екі көлікпен, он адам бардық. Үйге біраз адам жиналып қалған, Алмаздың қалай өлтірілгенін көрген жас жігіт те бар екен. Ол полицейлермен қақтығыс кезінде форма киген екі адамның жүгіріп шыққанын айтты. Шамасы, арнайы жасақ болса керек, тізерлей қалып, оқ жаудырған. Алмаз құлапты. Әлгі жігіт Алмазға оқ тиді деп ойлапты, бірақ бірнеше секундтан кейін ол орнынан атып тұрып, жүгіре жөнелген, бірақ келесі оқ оның басына дәл тиген.

Иманды болсын.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен видеоны ұсынған Жаннат Берекенова

15 қаңтар 2022, 12:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған