Атырау, 20 сәуір 07:02
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бесінші қаңтар: жедел жәрдем дәрігерлерінің әңгімесі

1 629 просмотра

Қаңтардың 5-і күні Атырауда облыстық әкімдік ғимараты маңында және оның төңірегінде наразылық білдірушілер мен күш құрылымдары арасындағы қақтығыс кезінде бірнеше жедел жәрдем көлігі болды. «АЖ» көпті көзімен көрген жедел жәрдемнің екі қызметкерімен тілдесті. 

ЖЕТІ АДАМ ОҚ ЖАРАҚАТЫН АЛДЫ

Сол күні сағат 14.30-да облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз БАЙМОЛДАЕВА барлық қызметкермен бірге облыс әкімдігі ғимаратынан шақырту түсуі мүмкін екенін, соған дайын болу туралы басшылықтан бұйрық алды.

– Расында да, қоңыраулар түсе бастады, соның ішінде тұрғындар оқ жарақатын алған екен, – дейді Н.Баймолдаева. – Зақымданғандар да болды, көбісі сарбаздар мен полицейлер. Кейбір наразылық білдірушілер біздің медиктерге форма киген адамдарға көмек көрсетуге кедергі жасады. Төрт көлігіміз бүлінді: алдыңғы әйнектері сындырылып, антенналар жұлынған, шанақ майысқан.

Адамдар көліктерді соққылап, жол бермеді. Бір сарбазды біздікілер жедел жәрдем станциясының өзіне жеткізіп, сол жерде көмек көрсетті. Ал екіншісі - бұл командирлердің бірі сияқты - ол жерге жарақатпен өзі келді. Көмек көрсеткеннен кейін екеуін де өздерінің әскери бөліміне жеткіздік. Сондай-ақ, кардиология орталығынан шақырту түскені есімде. Ол жерге не бір сарбазды әкелген, не оның өзі қашып келген. Миы шайқалған, амнезия болған. Қызметкерлеріміз көмек көрсетіп, командирге қоңырау шалып, ол сарбазды бөлімшеге әкелуді өтінді. Кейін сарбаздың бәрін есіне түсіргенін, бәрі жақсы екенін білдік.

- Жұртты мазалаған өте маңызды сұрақ: Алмаз Берекеновтің өлімінен басқа сол күні қанша оқ жарақаты болды? Біз екі фактіні білеміз. 

- Марқұмнан басқа алты оқ жарақаты болды, жараланғандардың бәрі қарапайым тұрғындар, ер адамдар. Олардың бәрін біз облыстық ауруханаға жеткіздік. Біреуі 1997 ж.т., оң жақ жіліншегінен жарақат алған; тағы біреуі 1998 ж.т. кеуде тұсынан; үшіншісі, 1988 жылғы – ол да кеудесінен; төртіншісі, туған жылын білмеймін – санынан; бесіншісі 70 жаста – жамбасынан, алтыншысы 1968 ж.т. - төменгі жақ сүйегінен жарақат алған

- Ал қаза болған жігіт ше?

- Ол самай тұсынан тиген оқтан көз жұмған.

– 5 қаңтар күні түстен кейін әкімдікке қанша шақырту түсті?

- 21 шақырту, негізінен әскерилер мен полициядан. Зақымданғандарды біреулердің көлігімен облыстық ауруханаға жеткізгені сөзсіз.

 

«БҰЛ АЛАСАПЫРАННАН ЕСЕҢГІРЕП ҚАЛДЫҚ»

Облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Әсемгүл ШАЙХИМОВА (суретте) «АЖ»-мен тілдесуге құлықсыз келісім берді. Ол бұл тақырыпта айту қауіпті деп санайды; бірақ осы айтқанына да рахмет айтамын.

- Біздің бригада (мен, әріптесім және жүргізуші) күйік алғаны туралы шақырту бойынша әкімдікке шықтық. Ол жерде аласапыран болып жатты, әр жерде адамдар жүгіріп жүр», – дейді Әсемгүл. - Біз ақыры пациентімізді таба алмадық, ал кері қайтқанда жарылыстың ба, әлде атыстың ба, дыбысын естідік. ТШО жанындағы жаяу жүргіншілер өткелінде форма киген бес адам қолдарын бұлғап, бізді тоқтатты, бәрі жас жігіттер. Олардың аяғы тізеден төмен қанға боялған. Біз оларды көлікке отырғызып, тексере бастадық, бірақ көліктің айналасына бір топ адам жиналып, кимелеп, бесеуін де сыртқа шығарып алды. Бір адам «қыздарға тиіспеңдер!» деп айқайлады. Ол бізді айтып жатқан еді. Зардап шеккендерге көмек керек екенін айттым, бірақ мені ешкім тыңдамады, оларды бір жерге алып кетті. Ал біз есеңгіреп тұрып қалдық.

...Машинаға отырған кезде автоматтарға ұқсас атыс қаруларын көрдік. Меніңше, әлгі формалы жігіттер қаруларын тартып алмасын деп әдейі осында қалдырған. Біздің басшылық рация арқылы станцияға қайтуды бұйырды. Өткелден өткенде бір көлік алдымызға тұра қалды. Ішінен бір адам секіріп түсіп, «Қыздар, көмек керек!» деп айқайлады. Ол ашық бас жарақатын алған полиция қызметкерін алып бара жатыр екен. Біз полицейді алдық, жарасын өңдедік, сол кезде басқа көлік келді. Ішінде басынан жарақат алған сарбаз бар екен, өрімдей жас жігіт, оны да алып кетіп, облыстық ауруханаға бардық. Әрең деп жеттік, өйткені жолда біреулер бізді тоқтатуға тырысты. Травматология пунктіне келген бойда салоннан тапқан қару-жарақтарды сол жердегі полиция қызметкерлеріне тапсырдық.

Жаралы сарбаз не болып жатқанын түсінбеді. Біз оны тіке өз станциямызға апаруды жөн көрдік. Басындағы жарасын өңдеп, таңып болған соң, әскери бөлімге алапардық.

Айнұр САПАРОВА

25 қаңтар 2022, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.