Атырау, 25 қараша 04:16
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсарыдағы атыс қашан тыйылады?

Бейнежазба
5 437 просмотра


3 наурызда Құлсары қаласында атыс қаруынан үш баласы бар 27 жасар жігіт қаза болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін қалада полицияның қарулы жасақтары пайда болды. Ықшамаудандар ішін аралап, көліктер тексерілуде. «АЖ» тілшісі анықтағандай, кісі өлімі қаланың қақ ортасында 3-ықшамауданда орын алған, қаза болған жігітті үйінің алдында атып кеткен. Куәлердің айтуынша, сол маңда тұрған жеңіл көлікте оншақты оқтың ізі қалған.

- Бірінші шу шықты, көп ұзамай бірнеше рет атылған мылтықтың дауысы естілді. Бірнеше жігіттің бірін-бірі балағаттап жатқан дауысын естідім. Бір сұмдықтың болғанын білдім, шынымды айтайын, бірақ далаға шығуға қорықтым, - дейді осы үйдің тұрғындарының бірі.

- Осы оқиғаға байланысты күдікті 3 тұлға ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның орын алу себептерін зерделеу мақсатында Полиция департаментінің арнайы жедел тергеу тобы Құлсары қаласында болып, жан-жақты профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр, - деп хабарлады ІІД баспасөз тобының қызметкері Бақытгүл САРМЕКОВА. - Қазіргі уақытта қалада жағдай тұрақталып, ахуал бір қалыпқа түсті.

МҰНДАЙ АТЫС БҰРЫН ДА БОЛҒАН

ІІД берген ақпарында көрсетілгендей, 2018 жылы Құлсары қаласында атыс және басқа да суық қарумен кісі өлтіру фактісі тіркелмеген. Алайда соңғы қанды оқиға бұрынғы жылдарды еске алуға мәжбүрледі.

2012 жылы жанармай құю бекетінде машинада алаңсыз отырған 20 және 21 жастағы екі жігітті атып кеткен. Біреуінің үйленгеніне 40 күн ғана болған еді.

2013  жылғы 29 шілдеде үйінің подьезі алдында 21 жастағы жігітті көршісі атып өлтірді, бүгінде қылмыскер жазасын өтеп жатыр. Сотта сотталушы не үшін атып өлтіргенін түсіндіріп бере алмапты, тек айтқаны «аяғынан атып қорқытайын» деп ойлапты.

2015 жылы 28 тамызда қалада футбол ойнап жүрген жастар өзара келісе алмай, соңы жанжалға айналып, атыс қаруы қолданылған үлкен төбелес болады. Атыс салдарынан бір адам өліп, бір адам ауыр жараланды.

Құлсарыдағы осындай атыс кезінде жанжалға қатысы жоқ адамдар да зардап шеккен. Мысалы, 2015 жылы көшеде бейқам кетіп бара жатқан 21 жастағы жігітке оқ тиіп, ауыр жарақаттан көз жұмған. Ал Қосшағыл ауылында зейнеткер қарт та қаңғыған оқтан зардап шеккен оқиға орын алған.

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН СОҒЫС

2015 жылғы қазан айында «АЖ» бетінде Құлсарыда осындай атыс неге жиі болады деген сауалға жауап іздеген үлкен материал шықты. Бұл жолы біз Құлсары көшесіне шығып, осы сауалды жергілікті тұрғындарға қойдық.

Бірақ мардымды жауап ала алмадық. Көп адамдар жұмыстан үйге асығып келе жатқанын, болмаса баласы жоқтығын, тіпті, айтуға жүрексінетіндер де табылды. Көп адам «білмеймін» деген бір жауаптан арылмады. Алайда кейбірі өз пікірін айтты. Отыздың шамасындағы екі жігітке жолықтық, олар Теңізде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын алматылықтар екен:

- Біз Құлсарыда жиі боламыз. Мұнда достарымыз да бар. Құлсарыдағы төбелес жабайылық дер едім, не жетпейді. Тәртіпсіздік жұмыссыздықтан, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен шығады.

Гүлсім ИСАҚАЕВА:

 - Мен осы жерге 2001 жылы көшіп келдім, үш ұлым бар. Олар бос кезінде спорт секциясына қатысады, солар келгенше мен қорқынышта отырамын, несін жасырайын. Оларды ертеңгі күні не күтіп тұр, болашақтары не болады деп қатты алаңдаймын. Осы атысып жатқандар қаруды қайдан алады, оларға кім сатады? Осы сұрақ көп мазалайды.  

Бақытгүл ЖАНАШЕВА:

- Бәрі бала кезден басталады. Жақында жасы ондар шамасындағы бір топ бала қағаз жағып, подьезд ішіне лақтырып жатты. Менің терезеден айқайлағаныма ығыспады, бұл түнгі сағат 12-лер шамасы еді. Жаз кезінде мектеп жасындағы кішкентай балалар көліктерге тас лақтырады. Кішкентайынан балаларға ата-анасы, қоғам жауапкер болуы тиіс ғой.

Тұрар ШАПҚАРА:

- Өткен жылы жазда жанжал көп орын алатын «Бірінші» және «Үшінші» ықшамауданның жастарын кездестіріп, татуластырдық. Бәрін жинап, мал сойып, киіз үй тігіп, ас бердік. Оған 100 шақты жастар келді. Ауыл үлкендері болды, жақсы пікірлер айтылды. Алайда бейбітшілік ұзаққа созылмады...

Атын айтуға қарсы болған бір құлсарылық жігіт былай дейді:

- Менің інімді басқа ауылдың жігіттері ұрып жіберіпті. Мен өз таныстарыма хабарласып, қарсы жақты кездесуге шақырдық. Мұнымыз үлкендерге (старшактарға) жетіп, төбелесті болдырмай, «разборка» өзара келісіммен аяқталды. Алайда көбі осылай жақсылықпен біте бермейді.  

Елімізде ауыл-ауыл, ықшамаудандар болып төбелесу советтік кезеңде және атышулы 90-жылдары көп болатын. Бұл Құлсарыда әлі сақталған, бірінің ауылына екіншісі бара қалса, ұрып жіберу, әлімжеттік жасау тиылмай отыр. Екі адамның арасындағы түрлі болмашы ерегес ауылдың намысын түсірмеу деген түсінікпен топ болып төбелесуге әкеледі. Осыдан өлім де, жаралану да болады. Қашан тоқтайды – белгісіз. 


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

20 наурыз 2019, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.