Құлсары қаласындағы қылмыстық жағдайды соңғы жылдары бір сөзбен сипаттауға болады: «атып жатыр». Атыс қаруын қолданумен болған кісі өлімі мен жаралану оқиғалары мұнда жетерлік. Бұған не себеп? Бұл сұрақтың жауабын тілшіміз анықтауға тырысты.
«АПА, МЕН ОНЫ ӨЛТІРГІМ КЕЛМЕДІ»
20 жастағы Абылайхан МУАТ (суретте) бұдан екі жыл бұрын атып өлтірілді. Құлсары қаласындағы көп қабатты үйдің ауласында кішкентайынан ойнап өскен жігіттің қолынан қаза болды. Анасы сол қасіретті кезді былайша әңгімеледі.
Абылайхан МУАТ - Жасыратын не бар, жолдасым бірінен соң бірі қыздар дүниеге келгенде, "қашан ұл болады" деп жүретін. Сөйтіп көптен зарыға, мойныма бұршақ салып күткен ұлым дүниеге келгенде қуанышымызда шек болмады. Қыздардың арасында өскендіктен бе ұлым биязы, арақ, темекіге әуестігі жоқ болып өсті. Мектепті бітірген соң әскери борышын өтеп келіп, жұмысқа кірді. Кейін ұлым үйленемін деді. Біз қатты қуандық, тойды күзге қарай жасайтын болып шештік. Мен тойға керек заттарды алу үшін Алматыға жол тарттым. Ұлым пойызға өзі шығарып салды. Сол Алматыда жүргенде артымнан қаралы хабар жетті. Бұл 2013 жылдың 29 шілдесі болатын, - деп еске ала егілген Балия АЙРАШЕВАНЫ қалай жұбатарымызды білмедік.
Абылайханды түн ішінде үйінің төртінші қабатынан (подьезден) көрші үйде тұратын 1991 жылғы Арынғазы МУХАМБЕТАЛИЕВ атқан. Сот оны кінәлі деп танып, 13 жыл жаза мерзімін өтеуге үкім шығарды. Қазір ол түрмеде отыр.
- Сот үстінде шыдай алмай: «бірге өстіңдер, неге өлтірдің, не себеп» деп қайта-қайта сұрағыштадым. «Апа, оған өшім жоқ, аяғынан атып қорқытайын дедім, өлтіргім келмеді» деп танбады Арынғазы. Мен әлі күнге дейін неге бұлай болғанын түсінбеймін. Олар екеуі бұған дейін не төбелесіп, жанжалдаспапты. Жылап-жылап ауру болдым. Бұл оқиғадан кейін де қаншама бала өліп жатыр? Адам өмірі ойыншық па, мен түсінбеймін? Олар қаруды қайдан алды, неге бұлай жасайды? – деп сұрайды Б. Айрашева.
Тәңірберген АГИЛМАНОВ...2012 жылдың 30 қарашасы күні түнде Махамбет даңғылы бойындағы «Ниет» жанар-жағармай бекеті тұсында тоқтап тұрған «ВАЗ-0015» көлігінде төрт жігіт болған. Осы кезде көліктің алдыңғы орындығында отырған Тәңірберген АГИЛМАНОВ (1991 ж.т.) пен Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВТЫ (1992 ж.т.) белгісіз біреулер атып кетеді. «Менің інім Тәңірбергеннің үйленіп, отау құрғанына 40 күн ғана болған еді». - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Жасұлан БИРЖАНОВ.
Қылмысқа қатысты күдіктілер ұсталғанымен дәлелдеме жеткіліксіз болып, олар тергеу изоляторынан босатылды. Бүгінде бұл іспен облыстық ІІД-нің криминалдық полиция басқармасы айналысуда.
...Бұрын Құлсарыда, кейінгі жылдары Атырауда тұратын ана тойға барған (Құлсарыда болған) баласына оқ атылғанын айтты. Бір көзіне зақым келген жігіт мүгедек болып қалды. Биылғы жылдың тамызында бір топ жастардың төбелесінде 21 жастағы жігіт қаза тапты. Қайғылы тізім мұнымен шектелмейді.
«БІРЕУ «ЖАТЫҢДАР!» ДЕП АЙҚАЙЛАДЫ»
Жылыой аудандық ІІБ алынған мәлімет бойынша 2010-2015 жылдар арасында болған 24 қылмыс атыс қаруымен жасалған. Ал, статистика, полицейлердің растауынша, төмендеп келеді. Бірақ, бұл жергілікті тұрғындар үрейден арыла қойды деген сөз емес. Тіпті «қаңғыған» оқтан зардап шегіп жатқандар да бар. Мәселен, биылғы жылы Қосшағыл ауылында 75 жастағы қарт көшеде жауған оқтан жарақат алды. Сәуірде Құлсарыда басталған атыс кезінде, бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, бейқам келе жатқан 18 жастағы жігітке оқ тиіп, ауыр жарақаттан қайтыс болған.
Құлсарылық Ұштап ПЕНСКАЯ осыған ұқсас жағдайды еске түсірді:
- Біз саябақта отыр едік, бір уақытта мылтық атылды. Біреу «жатыңдар!» деп айқайлады. Ес жиып үлгергенше мылтық атқандар жоқ болып кетті. Сол жердегі адамдар үрейден зәрелері ұшып, біразға дейін қорқыныштан арыла алмадық. Бұл оқиға өткен жылы орын алып еді, бірақ әлі күнге дейін есімнен шықпайды.
90-ШЫ ЖЫЛДАРДЫ ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ
Мылтық атқандар мен жарақат алғандардың жас шамалары 18-23 аралығы.
Сонда жастарға не жетпейді? Неге бір-біріне оқ атады? Мылтықтарды қайдан алады? Біз бұл тақырыпта жергілікті құқыққорғау органдары өкілдерімен сөйлестік. Полицейлердің айтуынша, Құлсарының жастары баяғы 90-шы жылдардағы кездер секілді «ықшам аудандар» болып бір-біріне шүйлігіп, өзара қақтығысады.
Ал мынау аталмыш тақырыптан хабары бар Құлсарыда тұратын танысымның әңгімесі.
- Бәрі ұсақ-түйектен басталады. Бастарынан сөз асырмай, болмашыға келіспей қалған жастар кектеніп, бір-бірінен өштерін алудың жолдарын ойластырады. «Жәбірленуші» өзі тұратын ықшам аудандағы жасөспірім жігіттердің басын қосып, ватсап арқылы қарсы жаққа «стрельба» деген жазуды жолдаудан басталады. Одан кейін кездесетін жер белгіленеді. Көбіне жұртшылық қалың ұйқыға кеткен кезі немесе таңға жақын уақыт таңдалынады. Кездесуге олар небір ауыр соққы болар «құралдар» - пышақтар, дубинкалар және мылтықтар әкеледі. Әдетте бұл - 12-ші және 16-шы калибрлі аңшының шолақ мылтықтары. Содан кейін әрине мұндай «арсенал» қолданған қақтығыстар қалай қайғылы аяқталмасын...
Жылыой ауданы прокурорының орынбасары Жәнібек ҚАРАЖАНОВ та мұндай қанды қақтығыстардың орын алуына басқа ешқандай себеп жоқ деп отыр.
- Осындай істер бойынша соттарға бірнеше рет қатыстым. Қай-қайсысы дерлік екі жас жігіттің тұрмыстық жанжалынан басталады. Сосын екеуі де өзінің адамдарын жинап, екі қарсы топ болып төбелеседі. Ал оның соңы өлімге жиі әкелетінін көріп отырмыз. Кейбір жастардың санасында кінәлі адамды құқық қорғау қызметкерлерінен жасырып, өзін «сатқын» ретінде сезінбеу үшін жалған намысқа барады. Қылмысты хабарламау, оқиғаның шын мәнісін айтпау салдарынан кінәлі тұлға өзінің әрекетінің жауапкершілігін сезінбеуі, соның салдарынан қайталап қылмыс жасау фактілері де тіркелуде. Мәселен, Т. Н. өзінің екі құрдасын ертіп, екі адамды атыс қаруымен жарақаттаса, ал Теңіз қалашығында өзінің жұмыстасын пышақтап, ауыр дене жарақатын салған. Ол биыл бес жылға сотталды.
«ОЛАР ҚАРУДЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?»
Жылыой аудандық ІІБ бастығы Иса БЕКҚАЛИЕВЖылыой ауданында «азаматтық» немесе қызметтік қару ретінде 728 тегіс ұңғылы қару, 56 газ тапаншасы, 22 травматикалық тапанша тіркелген. Ақпан айында «Қару-2015» дәстүрлі іс-шарасы кезінде жылыойлықтар тіркелмеген 53 қару тапсырып, сол үшін жалпы сомасы 3 млн 566 мың теңге ақшалай сыйақы алды. Жастардың қақтығысында қолданылған қарулардың бәрі де тіркелмеген. Және сотталушылар қаруды қайдан алғандарын жасырып келеді. Ал осы жақында тамыздың соңында Құлсарыда болған атыста жергілікті тұрғын қаза болды, енді бірі жарақат алды, ал полиция қалаға жақын жерден үш аңшы мылтығы мен екі шолақ мылтық және он шақты оқ тауып алған болатын.
- Олар 1950-60-шы жылдары құрастырылған аңшы мылтықтарын қолданады. Бұл қарулар тұрғындарда сол кезден бері сақталып қалған. Ауданда заңсыз қару сату-сатып алу фактілері тіркелген жоқ, - деді Жылыой аудандық ІІБ бастығы Иса БЕКҚАЛИЕВ. – Біз жастар қылмысын азайтуға да жұмыстанудамыз. Ауданда зорлау, тонау, қорқытып алушылық, алаяқтық қылмыстарының санын азайтуға қол жеткіздік. Кәмелеттік жасқа толмаған жастардың қылмысы да азайды. Мен бар мәселе кейбір жастардың мектеп бітіргеннен кейін ата-ананың назарынан тыс қалуында жатыр деп ойлаймын. Жалпы аудан көлеміндегі ахуал тұрақты.
«БІЗДЕ САЯБАҚТАР МЕН СПОРТЗАЛДАР ЖЕТЕРЛІК»
Жастар қылмысының жиілеуіне байланысты соңғы рет Құлсарыда 64 рейд жүргізілді. Жыл басынан бері Жылыой АІІБ-не кәмелеттік жасқа толмаған жастардың сауықтыру және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін 361 жасөспірім жеткізілген. Олардың ата-аналарына жалпы сомасы 1 млн 515 мың теңге айыппұл салынды. Аудандағы 20 мектептің барлығында психолог, ювенальды полиция жұмыс істейді.
- Аудандағы жастардың жағдайына арналған отырыстар әкімшілікте өтіп жүр. Соңғы жылдары Құлсары қаласында бірнеше саябақтар салынды. Мектептегі спорт залдар тек оқушыларға арналмаған. Оған ауыл жастары да баруда, тіпті ол бос болмайды. Қалада жастардың баратын жері қалмаған дегенге келіспеймін. Баратын жер жетеді, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ.
Бірақ, кейбіреулердің саябаққа ату үшін баратыны проблема болып отыр ғой.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА