
Даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлады. Осылайша ол аталған тізімге енген тұңғыш қазақстандық спортшы болды.
IBHOF жыл сайын әлемдік бокс дамуына айрықша үлес қосқан спортшыларды марапаттайды. Ал Головкиннің есімі әлемнің ең ұлы боксшылары қатарында ресми түрде бекітілді.
Головкиннің әуесқой бокстағы көрсеткіштері де айрықша: ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болып қалыптасты. Ал кәсіпқой рингте орта салмақтың XXI ғасырдағы ең ықпалды чемпиондарының біріне айналды.
Профи карьерасында Геннадий Головкин 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жеткен, оның 37-сі нокаутпен аяқталған. Ұзақ жылдар бойы ол P4P рейтингінің көшін бастап, WBA, WBC, IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге The Ring журналының белбеуін иемденіп, HBO арнасының негізгі жұлдыздарының бірі болды.
Головкиннің тоғыз жылға созылған 23 нокауттық жеңіс сериясы орта салмақтағы ең үздік рекордтардың қатарына енген. Ал чемпиондық белбеулерін 21 рет қорғауы — дивизион тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жоғары нокаут пайызын Гиннес рекордтар кітабы да тіркеген.
Головкиннің жетістіктері тек рингпен шектелмейді. Қазір ол Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін және World Boxing ұйымын басқарады. Осылайша халықаралық бокс ұйымына жетекшілік еткен алғашқы қазақстандық ретінде танылды.
Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс Даңқ залына енуі — оның көпжылдық еңбегін, әлемдік боксқа қосқан үлесін және бүкіл дәуірдің символына айналған спорттық тұлғасын мойындау болып отыр. Енді GGG есімі әлемдік бокс тарихының алтын парақтарында ресми түрде жазылды.
В Атырау +4