Атырау, 5 декабря 08:10
 облачноВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Каспий құбыр консорциумының жаңа жылдық қайырымдылық керуені

Фото
6 093 просмотра


Сиқырға толы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әр адам кішкентай болса да кереметті қалайды. Осы орайда, Қазақстандағы ең ірі мұнай тасымалдаушы халықаралық кәсіпорын «Каспий Құбыр Консорциумы» Атырау облысында 500-ден астам балаға арнап қайырымдылық іс-шарасын өткізді.

Каспий Құбыр Консорциумы ұжымы дәстүрлі түрде «Жаңа жылдық мерекелер КҚК-мен бірге, 2020» атты қайырымдылық шарасын  облыстық балалар ауруханасынан бастады. Ауруханада емделіп жатқан бүлдіршіндер тәтті сыйлықтар алып, шексіз қуанышқа бөленді. Сол күні Компания өкілдері №3 Арнаулы қызмет көрсету орталығына да барып, жаңажылдық сыйлықтар таратты.



Қайырымдылық керуен көшінің келесі аялдамалары облыстың үш ауданы, атап айтқанда Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандары болды. Компания осы өңірлерде тұратын жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынан айырылғандардың барлығын қамтуға тырысты. 



Сонымен қатар аталмыш шара аясында Махамбет ауданындағы көмекші мектеп-интернатының 70 тәрбиеленушісіне арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті.

- Біздің балалардың барлығы ерекше оқыту мен тәрбиеленуді қажет етеді. Оларға ана орнына ана, әке орнына әке болуға тырысамыз, - дейді мектеп-интернаттың директоры Үміт ҚАБАЗОВА.Жыл сайын Каспий Құбыр Консорциумы ұжымы балаларға сыйлықтарын әкеліп, оларды бір сәтке қуантып тастайды. Сыйлық алған әр баланың көңілі шаттанып, сабақ оқуға деген ынтасы арта түседі.


«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі аға маманы Айна ЖЕТПІСБАЕВА


Үміт Үмбетқызының айтуынша, осыған дейін мектеп-интернатқа КҚК монша мен кір жуатын орын салып беріп, тазалық техникасын (вакуум) сыйға тартқан.

- Ғимаратымыз ескі болғандықтан, монша да ескі болатын. Осы демеушіміз жаңа монша салып бергеннен кейін, бұл қиындықтан құтылдық. Қазір толық жабдықталған жаңа әрі кең моншамыз бар. Сол үшін компания басшылығына балалардың атынан аналық алғысымды білдіремін, - дейді Үміт Үмбетқызы.



Балалардың жаңа жылдық ертеңгілікке ұзақ дайындалғаны көрініп тұр. Кішкентай Жасмин есімді бүлдіршін ханшайымның киімін кисе, Андрей жолбарыстың киімін киіп алып, аңдардың іс-қимылын салып жүр.

- Жаңа жылдан үлкен қуаныш күтемін. Бүгін үлкен аға-апаларымыздан сыйлық алатынымызды естіп, жолбарыстың киімін киіп келдім, - дейді бүлдіршін қуанышын жасыра алмай.



Жаңажылдық бағдарлама балалардың көңілін көтеріп, шаттыққа бөледі. Балалар бір-бірінің қолдарын ұстаған күйі шыршаны айналып, ұстаздармен бірге би биледі. Осылайша олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерлерін көрсеткеннен кейін «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі аға маманы Айна ЖЕТПІСБАЕВА әр балаға жеке-жеке компания дайындаған сыйлықтарды үлестірді. Олардың ішінде, қыстық сапалы сырт киім, қыстық былғары аяқ-киім, төсек-жабдықтары және балаларды бірінші кезекте қуантатын – тәтті кәмпиттер салынған қорап пен құттықтау хаты. Осындай сыйлық алған балалар шексіз риза болып, өз алғыстарын білдірді.

Әлібек, тәрбиеленуші:

- Жылы күртеше мен аяқ киім сыйлаған аға-апаларымызға зор алғысымды білдіремін. Енді мен Жаңа жылдың сиқырлы мереке екеніне, мейірімді ағаларымыз бен апаларымыздың бізді қатты жақсы көретініне сенемін. Сіздерге рахмет!

Айна Жетпісбаеваның айтуынша, компания жаңа жылдық сыйлықтарды сатып алу үшін жыл сайын арнайы қаражат бөледі.

- Сыйлық беруде балалардың естерінде осы керемет мереке жайлы тек жарқын оқиғалар қалсын деген мақсат көзделген. Каспий Құбыр Консорциумы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалардың өмірін жақсартуға өз үлесін әрдайым қосады. Бұл қайырымдылық акциясы биылғы жылды жақсы қорытындылайды деп есептеймін! Ал, балаларға мереке сыйлау – игі іс.

Мақат пен Құрманғазы аудандарында аялдаған қайырымдылық керуенін аудан басшылары күтіп алып, әкімнің шыршасына қатыстырды. 



Құрманғазы ауданының әкімі  Қайрат НҰРТАЕВ демеуші компанияға зор алғысын білдірді.

«Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында біз дәстүрлі түрде шырша ұйымдастырып, оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды қатыстырамыз. Жыл сайын біздің балалар Каспий Құбыр Консорциумы атынан жаңа жылға сыйлықтар алып, сиқырға толы ертегілер әлеміне саяхаттайды. Міне биыл да бірі қыстық киімдер кисе, енді бірі су жаңа планшеттер алып, қуаныштары қойындарына сыймай отыр», - деді әкім.    


КҚК-Қ құрылуының алғашқы күнінен-ақ Қазақстанның Атырау облысындағы көптеген әлеуметтік жобалардың, қайырымдылық акцияларының жүзеге асуына атсалысып келеді.  2001 жылдан бері компания әлеуметтік салаға 9 млрд теңге бөлген.  Мысалы, Консорциум Жылыой ауданы, Аққыстау, Ганюшкино, Ақкөл селолары мен Атырау қаласында әлеуметтік маңызды нысандар, яғни, балабақшалар мен мектептер салып тапсырған. Бірқатар мектептерде спорт алаңдарын, аудан орталықтарында саябақтар салып, ескірген ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Атырау өңіріндегі әлеуметтік салаға қомақты қолдау көрсетіп келеді. Одан басқа, КҚК экологиялық жобалардың жүзеге асуына да ерекше көңіл бөледі. Медицина саласына да үнемі қолдау көрсетіп, емханаларға қажетті құрылғылар мен жабдықтарды тарту етуді дәстүрге айналдырған. Ал 2020 жылы Компания Атырауға балалар қалашығын салып беруді жоспарлап отыр.    

27 декабря 2019, 22:30

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш Телеграм и на editor@azh.kz.