Атырау, 29 ноября 23:50
 будет пасмурноВ Атырау -3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Реклама с новостных страниц

6 520 просмотров

ЖЫЛЫОЙДЫҢ ҚАҺАРМАН БАТЫРЫ

 

Қазақтың  батырлығы  ешкімнен  кем  болмаған!

Тағылымды тағдыры бар осы бір азамат турасында республикамыздың кешегі бас тарихшысы, академик, кезінде Қазақстанның Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі туралы молынан және негізгі монографиялық еңбектерді жазған, осы тақырыптағы ең білгір маман танылған марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз мен білген жерде сонау 1968 жылдан бері мадақты мағынада ғана жазып келді. Алғашқысы – сол кездегі айтулы оқиғалардың бірі саналған - комсо-молдың 50 жылдық тойына арналып жазылған  “Қазақстан коммунисі” (бүгінгі “Ақиқат”) журналында жарияланған мәнді мақаласы еді. Онда ғалым ағамыз Жылыой перзентінің әлемге апат әкелген фашистік құзғындардың ұясы – Берлинді алудағы ерлігін атап өткен-ді. Мұндай пікірін М. Қозыбаев соңғы шыққан “Равнение на коммунистов. Комсомол Казахстана в годы Великой Отечественной войны” деген (Б. Рахматуллинмен бірге жазылған еді) кітабы мен 1980 жылы жарық көрген “Ұлы ерлік” атты кітапшасында да дамытты. Ал, сүйікті Қазақстанымыз мемлекеттік егемендік алғаннан кейін баласы Ілияс Қозыбаевпен (ол да тарих ғылымдарының докторы) бірігіп жазған, жалпы білім беретін орта мектептің 10-сыныбына арналған “Қазақстан тарихы” оқулығында тағы да даралап көрсетеді. Соңғысында мынадай жолдар бар: “...ал Орал өңірінің жас офицерлері  К. Мәденов пен Р. Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті...” (Алматы, 1993, 203-бет).

Қазақстандықтар бұл күндері Кенжебай Мәденовтей батыр жерлесі туралы біраз хабардар болып қалды. Ол хақында сонау 1970 жылы көрнекті жазушы ағамыз Әнес Сараев республикалық “Лениншіл жас” (бүгінгі “Жас алаш”) газетінде үлкен мақтанышпен “Маршал мақтаған қазақ” деген мақала жариялап еді, ал соңғы жылдардың өзінде облыстық “Атырау” газетінде де бірнеше жарияланым болды.

Фашизм ордасына ешкімнен қаймықпай кірген, қазақ азаматтарының санаулы ғана санатында жүріп,  ерлік жасаған қаһарманның аталғандай ерлік ісі қалай бағаласа да тұрарлық асқан ерлік болып табылады. Біз мұны тарихи тұрғыда лайықты бағалауды ұсынып, 2000 жылдың мамыр айының 8-і және 9-ы күндері облыстық “Атырау”, республикалық “Егемен Қазақстан” газеттерінде “Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашушы еді?!” деген мақаламызды, республикалық “Қазақ батырлары” газетінің 2002 жылғы 1 (42)-санында “Құрмет лайықты болсын!” деген мақаламызды жариялаған едік. Үшеуінің де мазмұны бір арналас. Енді осы мақаланы жұртшылық назарына қайталап ұсыналық.

Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашушы еді?!

«Егемендік алып, өз бетімізше тырбанып, күн кешкелі бері, құдайға шүкір, ауған көшіміз түзеліп келеді. Қазақы болмысымызды қалпына келтіргелі бері еңсеміз едәуір көтеріліп қалды: бізді дербес ел ретінде әлем танып отыр. Жұрт бізбен санасып келеді, салауатты тарихымыз жасалынып жатыр, соңғы тоғыз жылда талай тамаша істер дүниеге келді, досымыз қуанып, дұшпанымыз амалсыз мойындауда. Аталғандай абзал істе тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі ерекше екендігін парасатты адамдар қашан да айтып келеді, айта берері де сөзсіз.

Ұлтымыздың мерейін көтерген істердің бір парасы – Президентіміздің жерлесіміз  Бауыржан Момышұлына, қайтыс болғаннан кейін болса да, Кеңес Одағының Батыры атағын, ал, өткен жылы Ұлы Отан соғысының атақты батыры Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» атағын алып беруі еді. Бұған қуанған себебіміз де баршаға белгілі – бұрынғы Кеңес өкіметі тұсында  қазақ сияқты қаһарман елдің жауынгер ұл-қыздары тиісінше бағаланбай келді, біздің назарымыз басқалармен салыстырғанда бір қабақ төмен болып жүрді емес пе?! Отан үшін  қан кешкен азаматтарымыздың лайықты құрмет биігіне шығарылуы бәрімізді де аса зор қуанышқа бөледі.

Ежелден Атырау жері ардақты перзенттерге толы болып келеді. Олардың бір тобын 1998 жылдың желтоқсанында облыс сайлаушыларымен өткен кездесуінде Елбасы да құрметпен атаған болатын, оның ішінде даңқты жерлесіміз, сонау 13-ғасырда Мысырда он жеті жыл патша болған Бейбарыс та айтылған-ды.

Атыраулықтар Ұлы Отан соғысы тұсын-да да аталар дәстүріне берік болды. Атақты «Қанатты қыз» Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры М. Раскованың қарамағында ұшқыш бола жүріп, ерекше ерліктер жасады. Ол кезде ер азаматтар ғана меңгерген ауыр міндетті қаршадай қазақ қызының ауырсынбай, абыроймен арқалауының өзі ғана шынайы ерлік емес пе?!

Әдебиетіміздің ардақты ақсақалдарының бірі Сағынғали Сейітов тамсана жазған, майданда 215 фашистің көзін жойған даңқты мерген, жылыойлық батыр Есқайыр Халықовтың ерлігі де үлкен құрметке лайық болады.

Ұлыдержавалық шовинизмнің зардабын тартқандардың бірі – қызылқоғалық қаһарман офицер Кенжебай Мәденов. Оны уақытысында (шындығында, ерліктен 24 жылдан соң!) ұлы қолбасшы, маршал Г.К. Жуков өзінің «Есте қалғандар мен ойлар» атты мемуарында еске алып, оның Берлиннің Ратушасына бірінші болып өз взводын бастап кіргенін жазып еді. Оның осы ерлігін журналистер М. Мержанов, Ғ.Сыланов, т.б. мадақтап көрсетті. 

Республикамыздың қазіргі бас тарихшысы, академик М. Қозыбаев 1968 жылдан бері өз еңбектерінде Мәденовпен бірге осы Ратушаға алғашқылардың қатарында 2-батальонның партиялық ұйымдастырушысы, жылыойлық офицер РақметоллаҚарамановтың да шабуылдағанын жазып келеді. Ол осы екі батырды 10-шы сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына да енгізді.  Атыраудан шыққанвице-адмирал Лев Анатольевич Владимирскийшеберлікпен шайқасып, 1943-1944 жылдары Қара теңіз флотына басшылық жасады.

Бүкіл Қазақстан секілді Атырау жұрты да майдан сыртында қажырлы еңбек етті. Сонымен бірге олар елді ішінен бүлдіруге әрекеттенгендерге нағыз отаншылдар ретінде тойтарыс берді. Неміс фашистері 1944 жылдың мамыр айында Жылыой ауданына түсірген диверсанттарға қарсы күресте егіс бригадирі Байжан Атағожиев ерлікпен қаза тапты. Ал колхозшы Байшыған Бектұрлиев өздеріне мұнай кәсіпшіліктеріне қарай жол көрсетуді бұйырған жау тобына басқа  жолды  көрсетіп, оларды  әдейі тосқауылға соқтырды. Сөйтіп, Б. Атағожиев пен Б.Бектұрлиев та азаматтық ерлік көрсетті.

Біздіңше, осы аталған майдангерлердің бәрін де жоғары атаққа – «Халық қаһарманы» атағына, ал, екі колхозшыны тиісінше медальдарға ұсынған дұрыс болар еді, олар оған әбден лайық.  Қазақ бабамыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бекер айтпаса керек. Бұл бүгінгі ұрпақтарымыздың да, ортамызда жүрген Хиуаз Доспанова апайымыздың да мерейін өсіріп, айбынымызды асырар еді.

Мұндай мадақтауға лайықты адамдарымыздың Қазақстанның барлық облыстарынан да табылатыны сөзсіз.  Сондықтан  да біз, көрнекті тарихшымыз, Ұлы Отан соғысы тарихының білгірі М.Қозыбаев бастаған арнаулы комиссияның құрылуын, оның осындай батырларды анықтап, тиісінше ордендерге, құрметті атақтарға ұсынып отыруын қалар едік. Қалай болғанда да Отан үшін жасалынған ерлік ұмытылмасын!

Ұландарымыздың абыройы – елдің ар-намысы. Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашыр дейсің! Ендеше, өз қаһармандарымызды өзіміз лайықты мадақтай білейікші!”

Ал, Р. Қараманов деген кім еді? Енді сол жөнінде әңгімелейік.

 

Томағасын  сыпырған тастүлек

Мен Жылыой ауданының тарихшыларымен бірге аталмыш қаһарман туралы баспасөз бетінде 1978 жылдан бері Жылыой тарихына байланысты мақалаларымда жазып келемін. Оның аржағында Рақаңды ардақты азамат, білікті басшы қызметкер ретінде ол 1954-1958 жылдары біздің И. Сталин атындағы ұжымшардың төрағасы болған кезінде біршама жақсы танығанбыз. Алайда, батыр туралы бөлек мақала жазудың сәті тек 2000 жылы ғана түсті: жыл басында – 29-ақпанда облыстық “Прикаспийская коммуна” газеті редакциясының өтінішімен есімі ортамызға қайтадан оралған Бейбарыс бабамыз туралы “От кипчакского мальчугана до легендарного полководца” атты мақалам жарияланды, оны түйіндей келе былай деп жазғам-ды:

“...Необходимо увековечить имя. Можно поставить памятники, а лучше этого я предлагаю в будущем в Атырауском городском парке Победы открыть комплекс исторических памятников, где будут поставлены различные памятники нашим героям всех времен  - начиная с Бейбарса и заканчивая современными героями нашей страны. В комплексе должны быть памятники, бюсты и другим нашим батырам: Сырыму Датову, Атагозы, Минбаю, современникам Л. Владимирскому, майору У. Шунаеву, героям штурма Берлинской ратуши Р. Караманову и К. Маденову и многим другим.

Этого требует история. Это нужен нам, людям”.

Осыған ризашылық білдіріп, алғыс айтқан Рақаңның кенжесі Мақсот Рақметоллин маған батырдың 1945 жылы Берлинді алғаннан соң түскен фотоларын әкеліп берді. Осыдан соң “Атырау” газетіне арнап, батыр туралы бөлек мақала жаздым, әлгі фотолардың  екеуін қостым да, 2000 жылдың мамыр айының 5-і күні редакцияға апардым. Мақала әлі күнге дейін жарық көрген жоқ, редакция қызметкерлері  әлгі суреттерді де “таба алмай жатырмыз” деген сылтаумен  тауып бере алмай жүр. Бұдан соң жерлестерден күдер үздік те, аталған мақаланы республикалық “Қазақ батырлары” газетінің 2002 жылғы шілде айындағы кезекті 7(48)-санында, 2010 жылы «Ана тілі» газетінде жариялап жібердім.

Кейін,  2002 жылы бұл мақаланы кеңейтіп, Рақаңның өз естеліктерін құрастыру арқылы ол еңбекті жеке кітап етіп жариялауды жөн көрдім, ондағы мақсат – батырдың ерлігін баяндайтын  өз мақаласын  оның сонау кезеңдегі қан майданға сүйікті Отанын қорғауға 1942 жылдың 15 маусымында аттанғанына сол жылы 60 жыл толуына орай қалың жұртшылықтың назарына ұсыну, қаһарманды халыққа кеңінен таныстыру болды. Себебі, ол туралы 2000 жылы шыққан “Атырау”, 2002 жылы шыққан “Атырау. Жылыой” энциклопедияларында өте мардымсыз жазылған екен. Сөйтіп, 2002 жылы «Р. Қараманов. Отанды  қорғау - қасиетті парызың. Майдангер  жазбалары мен өсиеттері» атты 28 беттік  кітапшаны Алматыдағы «Мерей» баспасынан шығардым.

 

Тағылымды  тағдыры бар

Рақметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы есімі Жем-Атырау өңіріне кеңінен таныс болған белгілі би, атақты Дәден бидің шәкірті, Мәтжан сынды билердің замандасы Естебай би Елемесұлының жанұясында, қасиетті Жылыой жерінде дүниеге келді. Оның туған жерін ескіше “Жем-Атырау” болысындағы 13-ші ауыл” деп атаушы еді. Рақметолла 1923-1929 жылдары сонау Ойылдағы  мектепте оқып, алты сынып көлемінде  білім алып шығады. Жас жігіт өзінің еңбек жолын осы 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады. Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін болған ол сонымен бірге үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты. Бұдан кейін Рақметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир болған Р. Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Маңғұлиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып, жұмыс жасайды. Осы  жылдардың  фотосуреттері  балаларының  қолында  бар. 1937 жылы әскери қызметтен босаған ол туған жеріне оралып, 1942 жылға дейін Жылыой аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор болды.

 

Майдандағы  машақат

Өз жазбасын Рақаң былай деп бастапты: «1941 жылғы 22 июнь күні ертеңгі сағат 10-дар шамасында Қазақ ССР Халық Комиссарының орынбасары П.Г. Мищенко аудандық финанс бөлімінің  қызметкерлерімен кеңес өткізіп отырған. Кенет телефон шыр ете түсті.Соғыс басталғанын хабарлап, митингке шақырып жатқан аудандық партия комитетінің қызметкерлері екен. Сол бойда ентіге басып, клубқа беттедік. Қосшағылдағы клубтың арқа бетінде жел боратып үйген, биік құм төбе болатын, сол жерге көп адам жиналып қалыпты. Митингті аудандық партия комитетінің бірінші секретары М. Айтмұқанов ашып, неміс фашистерінің тұтқиылдан шабуыл жасағанын хабарлады, фашизмнің өз ордасында талқандалатынын айтып,  еңбекшілерді ерлік еңбекке шақырды.

Сөйтіп, ғаламат соғыс басталып кетті...

...Мен бұрын армия қатарында болған  адаммын, сондықтан да майданға аттану  кезегімді күтудемін. Біраз мезгіл бұл үмітім  болмады...».   

Рақметолланың бұдан кейінгі төрт жылы тағы да әскер қатарында өтті. 1942 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының майданына шақырылған Р. Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскердің қылышкерлер взводында командир санатында ерлікпен шайқасты. Осындай бір шайқаста ауыр жараланған жас командир мамыр айына дейінгі уақытта Тарасовка қаласындағы госпитальда емделеді.

Қайтадан жауынгерлік сапқа тұрған Рақметолланы енді майдан талабына орай жаяу әскерлер қатарына қосады да, оны 4-Украин майданындағы атқыштар ротасының старшинасы етіп тағайындайды.  «Ержүрек башқұрт  жігіттерінен  сөйтіп  айырылыстым, - деп  жазды  батыр  майдангер. - Башқұрттар ақ көңіл, ұйымшыл, ержүрек  жігіттер  еді. Кейіннен  бұл дивизия  16-шы  гвардиялық дивизия атағын  алды».

Өмірлік тәжірибесі мол, 1939 жылдан бастап коммунистік партияның мүшесі болып табылатын Қараманов Рақметолла 1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украина майданының, кейін 1-Беларусь майданының құрамында ерлік күрес жүргізген 266-атқыштар дивизиясының 1008-полкындағы 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Алғашқысында ол осы  батальонның взвод командирі болып тағайындалған-ды. Ал, 1943 жылғы қазан  айындағы бір ұрыста батальонның  партиялық ұйымдастырушысы қаза болады да, енді Рақаң осы батальонның партиялық ұйымдастырушысы болып  тағайындалады. Аталмыш, 1944 жылы қызыл тулы Запорожье  дивизиясы  атанған атқыштар дивизиясының Одердегі ерлігі сол заманның ұлы қолбасшысы, маршал Г.К. Жуковтың “Естеліктер мен ойлар” кітабында ерекше атап көрсетілген болатын. Ол былай деп жазды: «Осы бір ұрыстар үшін 1008-ші атқыштар полкіндегі 1-ші батальонның барлық солдаттары, сержанттары мен офицерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Батальонның командирі М.А. Алексеев пен батальонның партиялық  ұйымдастырушысы аға лейтенант Құлинұр Үсенбеков Кеңес Одағының Батыры  жоғары атағына  ие  болды. 266-шы  атқыштар дивизиясының 1008-ші және 1010-шы атқыштар полктері сарбаздардың  жаппай  ерліктері  үшін ІІІ дәрежелі Суворов  орденімен марапатталды» (Маршал Г.К. Жуков. Воспоминания и размышления. В трех томах. Том третий. 8-е издание. М., Издательство АПН, 1987, 189-шы беттен  аударылды). 

Осы Одердегі ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Жылыой батыры бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Айтпақшы, бұл жерде оның жоғарыда маршал көрсеткен қырғыз перзенті, батыр  майдангер Құлинұр Үсенбековпен дос  болғандығын атап өткен дұрыс болмақ, жаңылмасам, 60-шы жылдары болса  керек, жылыойлық белгілі жорналшы  ағамыз, марқұм Бақытжан Бозданұлының Рақаңның онымен жазысқан хаттары туралы жазылған, Құлинұр Үсенбековтің  фотосы берілген мақаласы  болды. Рақаң,  міне, осындай батырлармен бірге тізе  қоса шайқасқан, бірақ тиісінше еленбеген  қаһарман еді.

 

Берлинді  алған  батырлардың  бірі

Осы бір ұмытылмас шақтар туралы майдангер 1970 жылы аудандық “Ембі” (қазіргі “Кең Жылой”) газетінде “Қосшағылдан Берлинге” деген жазбаларын жариялаған еді. Онда ол Берлинге шабуыл қарсаңындағы жайды айта келе, былай деп жазды:  “...Бір күні  батальонға жап-жас кіші лейтенант келіп мәлім болды. Батальон командирі алматылық майор Дейкин деген жігіт еді, ол батальонда үш қазақстандық болдық деп жүрді. Бұл жаңа келген жігіт жерлесім Мәденов Кенжебай екен, ол взвод командирі  болып тағайындалды”.  Алайда, 24 сәуірде Берлинде болған бір шайқаста әлгі алматылық  Дейкин  қазаға  ұшырайды  да, батальонды басқару капитан Н.В. Бобылевқа жүктеледі.

Соғыстың ең қиын, кескілескен жағдайда өткен жерінің бірі сол  кездегі  фашизмнің  астанасы - Берлин қаласы болғандығы тарихтан белгілі. “...Ұмытпасам, - деп жазды одан әрі Р. Қараманов, - 28 апрель күні Бобылев екеуімізді полк штабына шақырды. Басқа бөлімдерден де өкілдер келген екен. Полк командирі қаланың көшелері мен кварталдарының  әр бөлімшеге бөліп берілгенін  айта келіп, біздің батальонның өз міндетін жақсы атқарып келе жатқанын және біздің маңдай алдымызда Рейхстагтан  кейінгі маңызды екінші орын – Берлин Ратушасының тұрғанын айтты”.

Ең ақырғы, шешуші шайқасқа батальон командирі мен партиялық ұйымдастырушы жауынгерлерді  жан-жақты дайындады.  Ол кезде, әсіресе,  үгіт пен насихат мәселесіне жете мән беретін-ді. Н. Бобылев пен Р. Қараманов та қапысыз әзірленді.

“Ратушаға шабуылға, - деп еске алды 1970 жылы отставкадағы гвардия аға лейтенанты Қараманов, - біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон  әзірленді...Таңертеңгі сағат 7-де артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге еріп біз де шабуылға шықтық... Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі этажға Мәденовтің взводы енді. Полктың 1-батальоны да көше беттен шабуылға шықты. Біздің батальонның жауынгерлері түгелге дерлік ішке еніп, бірінші этажды босаттық. Әр бөлме, бұрыш үшін қызу ұрыс жүрді... Комбат Бобылев  екеуіміз бірнеше солдатпен бір бөлмеге ене бергенімізде  іштен немістер оқ жаудырып, дүрсе қоя берді. Менің ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан  қарсы келген неміс офицерін жағасынан алып, жерге басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты... Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицер қолға түсті. Ратушаға ту тігілді...”.

Міне, ғалым-тарихшы М. Қозыбаев сүйсіне  жазып жүрген тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш ерлігі үшін Рақметолла 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды.  Бұл оның үшінші жауынгерлік ордені болатын, оның біріншісімен Рақаң 1944 жылы марапатталған-ды, онысы жауынгерлік Қызыл Жұлдыз ордені еді.

             

Бейбіт өмірдің  де қаһарманы  болып  еді

1946 жылы әскерден  босаған майдангер Р. Қараманов туған жері Жылыой ауданына оралып, абыроймен еңбек етті. 1954 жылы ауыл  шаруашылығын  көтеруге жіберілген отыз мыңшылардың қатарында Сталин  атындағы  ұжымшарға  жіберіліп, оның алға  шығуын мүмкін  етті. Жылыой, Есбол, Мақат аудандық қаржы бөлімдерінің бастығы, жоспарлау комиссиясының төрағасы, ірі шаруашылықтың кемел басшысы болған  Рақметолла Қараманов өмірінің ақырына дейін халық құрметіне бөленіп өтті. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол 1986 жылы қайтыс болды. Бүгінде қала атанған Құлсарыда оның атын алған көше бар, жыл сайын осы ауданда оның атындағы спорт турнирі үзбей өтіп келеді.

 

Ерлікті  қаһармандықты  қастерлейтіндер  ескереді

Рақметолла Қараманов өнегелі әулеттің де басшысы болып еді. Жары,  шөберелерін  көріп кеткен Сұлтанқызы Секер апамызбен бірге Мұрат, Жалғас, Темір, Еркін, Кенжеғали, Мақсот атты арыстай алты ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда оны осылардан өрбіген немере-шөберелер де зор мақтаныш тұтады. Рақаң ондай мақтанышқа толығымен лайық азамат, тарихи тұлға!

Оның есімі мен ерлігі Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы  жоғары атағын алуға әбден лайық!

 

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР мәдениет  қайраткері, өлкетанушы-тарихшы

Атырау қаласы,

23.04.2014 ж.

8 мая 2014, 00:00

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш Телеграм и на editor@azh.kz.

Комментарии отключены