
26 қарашада Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «Атырау хакері» атымен танылмал 32 жастағы Нұрлан Жанбырбаевқа қатысты үкім шығарды.
Ол ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танылды (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4-тармақтары).
Сот анықтағандай, 2022, 2024 және 2025 жылдары Жанбырбаев әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығаруға, IT-курстар ұйымдастыруға, Jetu такси қосымшасы жобасына құйылған инвестицияны көбейтуге және тіпті интернет-алаяқтар ұрлаған қаражатты қайтарып беруге уәде беріп, азаматтардан ақша алып отырған.
Іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылды. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 361 000 теңгені құрады, оның 10 392 000 теңгесі қайтарылды.
Еске сала кетейік, қазан айында өткен сот процесі кезінде Жанбырбаев өз кінәсін мойындамай, қарыздардың пайда болуын өз бизнесінің сәтсіздікке ұшырауымен түсіндірген болатын. Дегенмен, соттың 26 қарашадағы ресми хабарламасына сәйкес, үкім шығару кезінде айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын өкінуі, сондай-ақ бес кәмелетке толмаған баласының болуы, соттылығының жоқтығы және шығынның ішінара өтелуі ескерілді.
Сот Жанбырбаевқа төрт жыл сегіз ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Рақымшылық туралы заңды қолдану арқылы жаза мерзімі үш жыл алты айға дейін қысқартылды.
Жанбырбаев Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылындағы отбасының жоғалып кеткені туралы жазбалары арқылы кеңінен танылған еді. Осы жылдың қаңтар айында ол Түркияда ұсталып, жазда Қазақстанға жеткізілген болатын.
Алаяқтық туралы қылмыстық істің отбасын өлтiруге қатысты тергеуге қатысы жоқ.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +0.5