
Ерлан Ақкенженов KERUI Group басшысымен мұнай беруді арттыру технологияларын енгізу және жабдық өндірісін Қазақстанда оқшаулау мәселелерін талқылады.
Қытайға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Shandong Kerui Group ірі халықаралық холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Ян Сяньмен (Yang Xian) келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында тараптар жұмыс істемей тұрған ұңғымалардағы мұнай өндіруді қалпына келтіру және Қазақстанның игеру мерзімі ұзаққа созылған кен орындарында мұнай беруді арттырудың заманауи әдістерін енгізу перспективаларын қарастырды.
KERUI Group басшылығы қабат суының келуін шектеу (ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету) және кен орындарының геологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, мұнай өндіру қарқынын арттыруға арналған инженерлік шешімдерін таныстырды.
Қытай тарапы технологияларды қазақстандық мамандарға үйретіп, бірлескен сервистік бригадалар құруды, сондай-ақ Қазақстан аумағында колтюбинг және қабатты гидравликалық жару жабдықтарын құрастыратын бірлескен кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Ерлан Ақкенженов ұзақ игерілген кен орындарын тиімді пайдалану мерзімін ұзарту және ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету отандық мұнай саласы үшін өзекті міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол технологиялардың тиімділігін алдымен тәжірибе жүзінде тексеру қажеттігін айтты.
«Бірқатар ескі кен орындарымыз үшін ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету және мұнай өндірудің тұрақты деңгейін сақтау – тікелей экономикалық маңызы бар мәселе. Сонымен бірге кез келген технологияның тиімділігі нақты кен орнының геологиялық жағдайында тәжірибе жүзінде дәлелденуі тиіс. Сондықтан жұмысты Қазақстандағы жекелеген учаскелерде пилоттық сынақтар өткізуден бастауды ұсынамыз. Олардың нақты нәтижелеріне қарай ынтымақтастықты кеңейту және жабдық өндірісін елімізде оқшаулау жобаларын қарастыруға болады», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Кездесу қорытындысында Энергетика министрлігінің басшысы компанияның техникалық ұсыныстарын ведомствоның бейінді мамандары және отандық мұнай өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп жан-жақты зерделеуді, сондай-ақ пилоттық сынақтар өткізілетін учаскелерді айқындауды ұсынды.
В Атырау +0.5