
27 қарашада Атырау облысында ауа райы нашарлайды. Синоптиктер жаңбыр мен қар, көктайғақ және секундына 20 метрге дейін күшейетін жел болатынын ескертеді. Дабылды ескерту Қазақстанның басқа өңірлерінде де жарияланды.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 27 қарашада Атырау облысының солтүстігі мен шығысында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады.
Өңірдің солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында батыстан секундына 15–20 метр екпінімен жел соғады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтап, тайғақ жолда күрт бұрылыс жасамауға кеңес беріледі. Қала сыртындағы жолдармен жүргенде аса сақ болу қажет.
Басқа өңірлерде жел секундына 30 метрге дейін күшейеді
27 қарашаға арналған дабылды ескерту Қазақстанның барлық өңірінде жарияланды.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында және Абай облысында кей жерлерде жел екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
Астанада қар, боран және көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-Батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метр болады, түнде және таңертең кей уақытта секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.
Алматыда жаңбыр, қар, кей уақытта қатты жауын-шашын және тұман болады деген болжам бар. Күндіз ауа температурасы күрт төмендеп, 5–7 градус жылы болады.
Шымкентте де 8–10 градусқа дейін суытып, түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Қар мен көктайғақ жолдағы қозғалысқа қиын
Ақтөбе облысында қар, боран, көктайғақ және желдің екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең батыс пен солтүстік-шығыста жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын, көктайғақ болып, секундына 20 метрге дейін жел соғады.
Батыс Қазақстан облысында да аздаған жауын-шашын, көктайғақ және тұман күтіледі.
Қолайсыз ауа райы кезінде көлік жүргізушілері алдындағы жолды көру мүмкіндігі нашарлауын және жол бетінде мұз қатуын ескеру керек.
В Атырау +0.5