
Маңғыстау облысында жүк пойызының астына түсіп өлген үш түйенің иелері теміржол тасымалдаушысына 251 мың теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді.
Оқиға Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскесінде болған. Қозғалыстағы жүк пойызының алдынан қараусыз қалған үш түйе кенеттен шығып кеткен. Машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, пойыздың салмағы ауыр әрі жануарларға дейінгі қашықтық қысқа болғандықтан, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған. Үш түйе де өлген, ал пойыздың жолдағы қозғалысы бір жарым сағатқа жуық уақытқа кешіккен.
Мәжбүрлі тоқтап тұру салдарынан теміржол тасымалдаушысына келтірілген материалдық шығын 251 мың теңгеден асты. Жануарлардың иелері ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот талқылауы барысында мал иелерінің белгіленген талаптарды бұзып, жануарларды қараусыз қалдырғаны анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларына сәйкес, теміржолдың бөлінген жолағында мал жаюға, сондай-ақ белгіленбеген жерлерден, оның ішінде қараңғы уақытта мал айдап өтуге тыйым салынады.
ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес, заңды тұлғаның мүлкіне құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік салдарынан келтірілген залал толық көлемде өтелуге тиіс.
Маңғыстау аудандық соты тасымалдаушының талап арызын қанағаттандырып, түйе иелерінен ортақ жауапкершілік тәртібімен 251 мың теңгеден астам қаражатты, сондай-ақ сот шығындарын өндіріп алды. Шешім заңды күшіне енді.
В Атырау +0.5