
Атырау облысына былтыр жұмысқа келген 185 медицина қызметкерінің 90 пайызына біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Қолдау мөлшері жұмыс орнына қарай 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін белгіленген.
Қалаға жұмысқа тұрған маманға – 5 млн, аудан орталығына барған дәрігерге – 8,5 млн, ал шалғай елді мекенге қоныс аударған медицина қызметкеріне 10 млн теңге беріледі. Өңірге маман тартумен қатар, оларды баспанамен қамту жұмыстары да жүріп жатыр: 2024 жылы медицина қызметкерлеріне арнап 111 қызметтік пәтер сатып алынды, ал биыл мамандарға 18 қызметтік пәтер берілді.
– Бұдан бөлек, «Отбасы банк» АҚ арқылы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасыз жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама бойынша 2024 жылы 43, 2025 жылы 46 медицина қызметкері баспаналы болды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов.
Ведомствоның мәліметі бойынша, облыстан тыс жерлерге емделуге жіберілетін науқастар саны да азайған. 2023 жылы өзге өңірлерде емделген тұрғындар саны 10 026 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7 296-ға дейін түскен.
В Атырау +0.5