
Атырау облысы Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылынан бүкіл отбасының жұмбақ жоғалуы төңірегінде жаңа жағдайлар белгілі болып, сұрақтар одан сайын көбейді.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, өзін атыраулық хакермін деп таныстырған белгісіз адам отбасы жоғалғаннан кейін Наурыз есімді жігіттің SIM-карталары әлі де қолданылып жүргенін мәлімдеген. Оның айтуынша, геолокация деректері кейде Өзбекстан аумағынан тіркелген, ал WhatsApp-қа күн сайын бірнеше рет кірген белгілер байқалған.
Туыстарының сөзінше, қараша мен желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдері шешіліп отырған, сондай-ақ үйдегі мал WhatsApp арқылы сатылған. Бұған дейін хат-хабарлар отбасының ұлының атынан жүргізілгені айтылған.
Сонымен қатар хакердің айтуынша, ресми мемлекеттік деректерге сәйкес жоғалғандардың ешқайсысы Қазақстан шекарасынан өтпеген, базаларда да тиісті белгі жоқ. Ал оның сөзінше, Түркістан облысында Өзбекстанға өтуге арналған бейресми жолдар бар, оларды белгісіз адамдар пайдалануы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банк картасын шетелде, тіпті Балида пайдаланғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұл дерек ресми түрде расталған жоқ.
Бұл мәліметтерді жариялаған адам мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек «ашық деректерді, SIM-карталарды талдауды және провайдерлерден алынған ақпаратты» пайдаланғанын айтады. Сондай-ақ ол күдікті деп санайтын тұлға бар екенін мәлімдеді.
«Мен жүйелерді бұзған жоқпын. Тек ашық деректер мен техникалық ақпаратты талдадым. Менің байқауымша, SIM-карталар қолданылып жатыр, бұл үлкен күдік тудырады», – делінген оның жазбаларында.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай хабар жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы ешқандай түсініктемесіз жоғалып кеткен және байланысқа шықпаған.
Атырау облыстық полициясы төрт адамға ресми түрде іздеу жариялады. Бағдар беріліп, тергеу жалғасуда.
Редакция геолокация, банк операциялары және SIM-карталардың қолданылуы туралы ақпаратты әзірге құқық қорғау органдары растамағанын атап өтеді.
«АЖ» тілшісі Атырау облысы полиция департаментіне қайтадан ресми сауал жолдап, жауап күтуде.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -2