
Жергілікті билік түйткілді су айдынын ретке келтірудің кезекті әрекетіне кірісті.
Еске салсақ, әкімдік ұзындығы 16 шақырым болатын дренаж каналды қайта жандандыру мәселесін 2023 жылдың көктемінде шешкен еді. Бастапқыда су айдынының түбіне дренаж және кәріз коммуникацияларын, сондай-ақ жазғы су құбырын жүргізіп, үстін асфальттап, бетінде көркейтілген қоғамдық орындар ұйымдастыру ұсынылған болатын.
Дегенмен, әуелі жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу уақыт алды, кейін жобаның қымбаттығына байланысты оны жүзеге асыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. ЖСҚ әзірлеуші — «Redline-pro» компаниясынан сметалық құнды қалай төмендетуге болатынын ойластыру сұралған, бірақ іс осымен сиырқұймышақтанып тоқтап қалды.
Кейін бұл каналдың мәселесі облыстық мәслихаттың сәуір айындағы «кілтпен тапсыру» EPC-келісімшарттарын жасасу жоспарланған жобалар тізбесін бекіту туралы шешімінде қайта бой көрсетті. Анығын айтқанда, болашақ бас мердігер барлық кезеңге: жаңа ЖСҚ әзірлеуге, материалдар сатып алуға және нысанды пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс жұмыстарына жауапты болады.
Жұмыстың тапсырыс берушісі ретінде бұрынғыша Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі қалып отыр. Бөлім «АЖ» редакциясына жазбаша хабарлағандай, «Redline-pro» ЖШС жүктелген тапсырманы орындамаған. Онымен келісімшарт бұзылып, соған байланысты бюджеттен ешқандай төлем жасалмаған.
Ал EPC-мердігерге негізінен бұрынғы міндеттер жүктеледі: сол баяғы дренаж, кәріз коммуникациялары, асфальт төсеу, абаттандыру, көгалдандыру... Нәтижесінде Мостовой каналы ашық су айдыны ретінде жойылуы тиіс. Тендерді осы жылдың соңына дейін жариялау жоспарланып отыр.
Мостовой каналын қайта жаңарту 31,6 миллиард теңгеге түсуі мүмкін екені белгілі болды, дегенмен құрылыс бөлімі мұның сметалық құн емес, есептік шекті сома екенін баса айтты. Жобаның нақты құны мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +17.9