Атырау, 14 шілде 17:08
 дождьВ Атырау +35.5
$ 477.11
€ 545.58
₽ 6.20

​Жангелдин ісі: Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Сурет
114 рет қаралды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемалиевті Жангелдідегі бір отбасы мүшелерін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, сот оны алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп тапты.

Сот процесі бірнеше айға созылып, көптеген сот отырысы өтті. Осы уақыт ішінде сотталушының мінез-құлқы бірнеше рет талқыға себеп болды. Тергеу барысында ол өзін байсалды ұстады, кейде сот отырыстарында езу тартып, тіпті күліп те жіберді, ешқандай эмоция білдірмеді десе де болады. Тек бір сәтте ғана — сот залына әкесі келгенде — Сәрсемалиев көз жасына ерік берді.

Сот отырысы барысында сотталушы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспеді. Ол өзара сөзге келіп қалғандарын, содан кейін өз-өзін қорғау шегінде әрекет еткенін алға тартты. Сот бұл нұсқаны қабылдамады. Сонымен қатар Сәрсемалиев өз түсініктемесінде қаза тапқандарды кінәсіз деп санамайтынын мәлімдеп, оқиғаны бұрынғы әйелінің туыстарымен арадағы ұзақ уақытқа созылған жанжалмен байланыстырды.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы Наурызды өлтіргеннен кейін қылмысын жасыруды ұйғарған. Сұлтан Сәрсемалиевтің айтуынша, ол алғашқы қылмысын жасыру үшін Наурыздың ата-анасын өлтірген. Соңғы құрбаны — ата-анасы мен бауырын іздеп, олардың жоғалып кетуіне қатысты сұрақтар қоя бастаған Мирамгүл болған.

Тергеу анықтағандай, кісі өлтіргеннен кейін Сәрсемалиев қаза тапқан отбасының мүлкіне иелік еткен: олардың малын сатып, банк карталарынан ақша шешіп алған және марқұмдардың атына несие рәсімдеген. Несиенің жалпы сомасы шамамен 4 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ олардың атынан зейнетақыларын да алып отырған.

Қылмыс жасағаннан кейін Сәрсемалиев бұрынғы әйелімен бірге Қазақстаннан кетіп қалған. Олар біраз уақыт Индонезияда болып, сол жерде Интерпол желісі бойынша ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Сотталушының өзі шетелге жасырыну үшін емес, «Құдайдан кешірім сұрау» үшін барғанын алға тартты, бірақ тергеу оның елден кетуін қылмыстық қудалаудан қашу әрекеті деп бағалады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 15:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.