Атырау, 9 шілде 15:44
 снегВ Атырау +23.8
$ 467.98
€ 533.87
₽ 6.11

Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

90 рет қаралды

Бүгін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жаңгелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот жарыссөзі аяқталды.

Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевті өзіне тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оған төрт адамды өлтірді деген айыптан бөлек, ұрлық жасау, алаяқтық, мал ұрлау, сондай-ақ құжаттарды заңсыз алып қою және жасыру баптары бойынша да айып тағылған.

Барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын ескере отырып, прокурор соттан айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот жарыссөзі барысында Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты тағы да мойындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Наурыз Мұқанғалиев жанжал кезінде, өзі қорғану мақсатында әрекет еткен сәтте қаза тапқан. Ал отбасының қалған үш мүшесін өлтіргенін айыпталушы бұған дейін де мойындаған болатын.

Енді сот айыпталушыға соңғы сөзін айтуға мүмкіндік береді. Одан кейін судьялар үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

Еске салайық, тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әке-шешесін, сондай-ақ оның ағасы мен қарындасын өлтірген. Тергеу мәліметінше, осыдан кейін ол бірнеше апта бойы қылмысты жасырып келген. Қаза болған адамдардың ұялы телефондары арқылы келген хабарламаларға жауап беріп, олардың ақшасы мен шаруашылығын басқарған. Осылайша, отбасы мүшелері әлі де тірі деген жалған әсер қалыптастырған. Кейін ол Қазақстаннан кетіп, Индонезияда ұсталды. Артынша Қазақстанға экстрадицияланып, елге жеткізілді

Бүгін, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.