Атырау, 16 маусым 23:55
 дождьВ Атырау +27.1
$ 491.37
€ 570.48
₽ 6.78

«Құдайдан кешірім сұрауға бардым, қашу үшін емес»: Сәрсемалиев сотта не айтты

116 рет қаралды

Жангелдин ауылындағы төрт адамды өлтіру ісі бойынша сотта Сұлтан Сәрсемалиев қылмыс жасағаннан кейін Меккеге барғанын, кейін Индонезияда өмір сүргенін, Интерполға мойындағанын және тағы да қылмыс себептерін түсіндірді. Ол сотта өз кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді.

Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтың ұялы телефонында өзін қайын атасы екеуі қосылып, соққыға жыққысы келгені туралы аудиожазба бар екенін айтты. Алайда ол оның сим-картасын Балиде қалдырып кеткенін, алайда аудиожазбаны сотқа ұсынуға болады деп қосты сосын.

- Наурыз Мұқанғалиевтың телефонында сол жазба бар, – деді ол.

Сәрсемәлиевтің сөзінше, кейін оны дәл осы телефон арқылы анықтаған. Аатыраулық хакер өзі туралы интернетке шығарған кезде сол телефон арқылы тауып алғанын түсінгенін айтты. 

Сондай-ақ Сәрсемалиев аудиожазбада Наурыздың: «Әкем екеуміз соғып тастайтын едік, бірақ балалардың көзінше аядық», – деген сөзі бар екені айтты.

- Мұны өзімді ақтау үшін айтып отырған жоқпын, тек нақты жағдайды баяндап отырмын, – деді ол.

Қылмыстан кейінгі оқиғаларды баяндаған Сәрсемалиев сотта Ақбаянмен бірге алдымен Ташкентке барғанын айтты. Алайда оны емдетпек түгіл тұрудың өзі қымбаттап кеткенін, сосын арзан ел іздеп, Индонезияға кеткенін айтты. 

- Соңғы әрекетімді жасап қалайын дедім, - деді. 

Сосын бұл оқиға атыраулық хакердің әрекетінен соң қоғамды дүрліктірген кезде полицияның жұмысына шектен тыс араласып кеткендіктен ушықтырып жіберген.

- Балаларыма стресс болды, - деді ол. 

Ол Индонезияның Ломбок аралында ақпан айында ұсталған кезде әуежайда қазақстандық Интерпол өкіліне қылмысын тергеушіге жетпей мойындап тастағанын айтты. 

Сотта сұрақтарға жауап бере отырып, айыпталушы қылмыстың басты себебі ретінде бірнеше жылға созылған ішкі арпалысы мен марқұмдардың отбасымен ұзаққа созылған жанжал болғанын мәлімдеді.

- Түсінем, мен артық кеттім. Бірақ олар да сондайды сұрап алғандай болды. Қоймады. Мен барлық қылмысты бір күнде жасасам, бір адам жазықсыз кетті ғой деп айтар. Бірақ әрбіріне мен мүмкіндік бердім ғой, біреуі болмаса біреуі қояр деп. Бірақ төртеуінің де мінез-құлқы бірдей екен. Қылмысымның бәрін мойындаймын, 99-бапты да. Ешқандай ақталатын негізім жоқ, - деді Сәрсемалиев. 

Судья Зарема Хамидуллина одан адам өмірінің құндылығы туралы ойын сұрады. Сәрсемалиев бұрын адамға зияны тимегенін, қылмыстық іске бұрын тартылмағанын алға тартып, марқұмдардың сөздері мен іс-әрекеттері ақылын тұмшалап тастағанын жеткізді. 

- Басқа адам болса, титтей де зияным келмес еді менің, - деді ол.

Сәрсемалиев ажырасу себептеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Ақбаянмен ресми түрде ажырасу олардың қарым‑қатынасына сызат түскеннен емес, әлеуметтік қолдау алу үшін жасалған. Ол бұл қадамды Ақбаянды жалғызбасты ана ретінде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй алу мүмкіндігі үшін жасағанын мәлімдеді.

Бұдан басқа Сәрсемалиев опасыздық туралы айтылған айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Ақбаянның туыстары олардың некесіне қарсы болып, ажырасуға қол жеткізген.

Судья жанжалды неге әулет үлкендері немесе әке-шешелері арқылы бейбіт жолмен шешуге болмағанын сұрады. Бұған Сәрсемалиев екі жақтың да туыстары олардың ұстанымын түсінбейтінін және ымыраға дайын болмағанын айтып жауап берді.

Сәрсемалиев қылмыс жасағаннан кейін былтыр 10 қарашасынан кейін Түркия арқылы жалғыз өзі Меккеге барғанын айтты.

- Бас ауған жаққа кеттім. Түңіліп кеттім. Құдайдан кешірім сұрауға бардым, қашу үшін емес. Мекке қаласында он күндей болдым. Сол кезде де өзімді өлтіргім келді. Құдай кешірсе кешірер, құдай түсінбесе басқа ешкім түсінбейді мені дедім. Мен жайдан жай жасаған жоқпын. Осыған дейін әкелді өздері. Иә, мен қатыгездік көрсеттім. Олардың да кінәсі бар ғой, мен жазықсыздан жазықсыз өлтірген жоқпын деген ой келді, - деді Сәрсемалиев.

Заттай айғақтар және сарапшыға сауалдар

Түстен кейінгі отырыста сот заттай айғақтарды қарауға кірісті. Процесс қатысушыларына қаза тапқандардың киімдері, Мейрамгүл Қарабалинаны ораған кілем (ол теміржол маңынан табылған), сондай‑ақ марқұмдардың банк карталары, ұялы телефондары және балалардың планшеті көрсетілді.

Мемлекеттік айыптаушы Наурыз Мұқанғалиевтің денесіне қатысты мән‑жайларды түсіндіру үшін сотқа сарапшыны шақыру туралы өтініш жасады. Бұған дейін эксгумация кезінде оның басы денесінен бөлек жатқанын анықтаған еді. Сарапшы бейсенбі күні куәлік береді деп күтілуде.

Ал келесі аптада сот тараптардың жарыссөзіне көшуді жоспарлап отыр.

Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор

Бүгін, 22:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.