
Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің әке-шешесі сөз алды.
Сот процесі жалғасуда, ал бүгінгі тыңдауда барлығы 26 куәгердің 17-сінен түске дейін жауап алу жоспарланған.
Алдымен сот залында айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев шақырылды. Ол залға ақсаңдап кірген еді, судья оған жауапты отырып беруге рұқсат етті.
Жауап алу басталған сәтте Сұлтан көз жасын тыя алмады. Судья оның жағдайын сұрағанда, адвокат қысқа ғана:
- Қобалжып отыр ғой, — деп жауап берді.
Соттың сұрағына жауап берген әкесі ұлын сабырлы, отбасына жауапты адам ретінде сипаттап, ешқашан темекі шекпегенін, насыбай қолданбағанын, құмар ойындарға әуес болмағанын және үнемі жанжалдан қашуға тырысатынын айтты.
— Ол отбасына қамқор болды, үнемі отбасын ойлайтын. Жауапты адам еді, — деді куәгер.
Сонымен бірге әкесі ұлын толық ақтап алғысы келмейтінін, бірақ әділ сот шешіміне үміт артатынын атап өтті:
— Үкімді сот шығарады. Кім кінәлі екенін анықтап, нүктесін қояды деп сенемін, — деді ол.
Әкесі сотта болған оқиғаны әлі күнге дейін қабылдай алмайтынын, ұлының мұндай қылмысқа барады дегенге сенбейтінін айтты. Ол немерелерін жиі көріп тұратынын да жеткізді: бір бала қазір Сәбилер үйінде, қалған төртеуі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында екен.
Жауап алу барысында әкесі Сұлтан мен бұрынғы жұбайының арасына өзге адамдардың араласуы мүмкін деген пікірін білдірді. Судья бірден бұл жағдайды адам өлтіруге себеп ретінде қарастыруға бола ма деп сұрады.
— Ешкім бұлай ойламайды және ешкім бұлай айтпайды, — деп жауап берді куәгер.
Ол бүгінде жас отбасылардың әке-шешелерінен бөлек тұруды жиі таңдайтынын, бұл кең таралған құбылысқа айналғанын айтты.
Ұлының өткен өміріне тоқталған Самиғолла Сәрсемалиев Сұлтанның бала кезінде психологиялық жарақат немесе ауыр күйзеліс көрмегенін айтты. Сондай-ақ ол Сұлтан мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасында елеулі жанжалдарды байқамағанын жеткізді.
— Мен ешқашан оның әйеліне қол көтергенін немесе қатты сөйлегенін көрген емеспін, — деді әкесі.
Судья ерлі-зайыптылардың бұрын тату тұрғанын ескеріп, олардың арасында не болуы мүмкін деген сұрақ қойған кезде, куәгер бұл жай ғана тұрмыстық келіспеушіліктер болуы ықтимал екенін айтты.
— Қазақтарда «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген сөз бар ғой, — деп түйіндеді ол.
Айыпталушының әкесі сотта 2025 жылдың қараша–желтоқсан айларындағы оқиғалардан бейхабар болғанын айтты. Марқұмдардың туыстары Мұқанғалиевтер отбасымен байланыса алмай, үйде ешкімді таппағанын жеткізгенде ол ештеңеге күдіктенбеген, бұрынғы құда-құдағилары басқа жаққа кеткен шығар деп ойлаған.
Кейін оған Сұлтан мен Ақбаянның Өзбекистандa жүргені туралы хабарлаған. Тек біраз уақыт өткен соң ғана шын мәнінде не болғанын білген.
Соңғы рет куәгер Мақсот Мұқанғалиевті қызын алып кетуге келген күні көргенін айтты. Сол кезде ол жас жұбайларға бөлек тұрмауға кеңес берген, бірақ оның сөзіне құлақ аспаған.
Одан кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Әзмұханова шақырылды. Ол соттың сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья тергеу барысында алынған және әйел толықтай растаған куәліктерін жария етті.
Залдан шығар алдында Әзмұханова ұлына сөз арнауға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанға бес баласы бар екенін еске салып, қандай жағдай болса да олардың әкесі болып қала беретінін айтты.
— Сен бұл өмірде ешқандай қызық көрген жоқсың. Бүкіл өмірің арпалыспен өтті. Бекем бол. Өмір үшін күрес. Балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын, — деді ол.
Сот процесі жалғасуда.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +14.3