Атырау, 6 желтоқсан 16:51
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Құлсары бекетіндегі жарылыста қаза тапқандардың отбасы кінәлілердің жазалануын сұрайды

1 049 рет қаралды

Құлсарыдағы «Ниет» станциясындағы қайғылы оқиғадан соң қаза тапқандардың туыстары мәйіттерді тек екі айдан кейін ғана ала алдыТек жуырда ғана марқұмдардың 22 жастағы кенже ұлы Мирас Оқапов ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәліктерін алған.

Еске салайық, 30 мамырда «Ниет» газ құю бекетінде жарылыс болып, ерлі-зайыптылар - 43 жастағы Беркін Ибетов (ол жарылыс кезінде цистернаның ішінде болған) пен 40 жастағы кассир Мейрамгүл Сарбасова қаза тапты. Тағы 14 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Мирас пен оның үш бауыры ата-анасының сол күні тірідей жанып кеткеніне сенімді. Алайда ресми құжаттарда әкесінде – «жазатайым оқиға», ал анасында – «газдан тұншығу» деп өлім себептері әртүрлі көрсетілген.

— Бірақ олар бірге қаза тапты, — дейді Мирас. — Ата-анамыздың денесін жерлеу үшін екі айға жуық күтуге мәжбүр болдық. Бізге мәйіттердің тек сараптамадан кейін ғана берілетінін айтты. Осы уақыт аралығында жарылыстың не себептен болғаны туралы нақты бірде-бір жауап ала алмадық.

Мирастың айтуынша, жанармай құю бекетінің басшылығы тарапынан ешкім келіп, көңіл айтпаған әрі көмек ұсынбаған.

— Бірде-бір адам есігімізді қағып, халімізді сұрамады. Қазір қалай өмір сүріп жатқанымызды, неге мұқтаж екенімізді ешкім сұраған жоқ, — дейді Мирас. — Рас, садақалары өткенде бір-екі адам келді. Бірақ қанша күн өтті... 

Одан бөлек, отбасы бейнебақылау жазбаларын да көре алмай отырғанын айтады. 

— Бейнежазбаны көрсетіңіздер деп сұрадық, бірақ тергеушінің өзі де оны көрмегенін айтты. Біз не болып, қалай болғанын тек әлеуметтік желілерден ғана біліп отырмыз, — дейді Мирас. — ТЖ қызметінің айтуынша, алдымен газ шыққан, кейін ұшқын жарылысқа себеп болған. Бңрақ бұл жағдайға кім жауапты? Қауіпсіздік үшін кім жауап беруі тиіс еді?

Қайғыдан қан жұтқан отбасы ҚР Бас прокуратурасы, ІІМ және ТЖМ басшылығына тергеуді жеке бақылауға алуды сұрап, жүгінді.  Олар бұл істі жеке бақылауға алып, оқиғаның себебін анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Қазіргі таңда белгілісі — бекет қауіпсіздік талаптарын бұзған болуы ықтимал. Тергеу әлі жалғасып жатыр, қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Айгүл МАНСУРОВА

16 шілде, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.