
Атырау облысында екі айдан астам уақытқа созылған аккредиттеу үзілісінен кейін Экология департаментінің өз зертханасы қайта жұмыс істей бастады.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі 8 қазанда жаңа аккредиттеу аттестатын алған. Қазір зертхана штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара Оралованың айтуынша, мамандар Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеруге қатысып жатыр. Олар сынамалар алып, енді сол үлгілерге зерттеу жүргізуі керек.
Еске салайық, зертхананың алдыңғы аттестаты 2021 жылғы 30 сәуірде бес жыл мерзімге берілген болатын. Оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Ұлттық аккредиттеу орталығы құжаттың мерзімін 2026 жылғы 30 шілдеге дейін ұзартты. Алайда жаңа аттестатты уақытында алу мүмкін болмады.
Бұған дейін Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов «Ақ Жайық» басылымының сауалына берген жауабында аккредиттеуден өту кезінде жоюды қажет ететін сәйкессіздіктер анықталғанын хабарлаған еді.
7 қыркүйекте Жүсіпов рәсімді 10–15 күн ішінде аяқтауға үміттенетінін мәлімдеді. Алайда уәде етілген мерзім өтіп кетсе де, зертхана аккредиттеусіз қала берді. Нәтижесінде жаңа аттестат тек 8 қазанда алынды.
Аккредиттеу болмаған кезеңде өңірдегі атмосфералық ауаның сапасын бақылау басқа зертханаларды тарту арқылы жалғасты. Өлшеу жұмыстарын «Қазгидромет» Атырау филиалының мамандары мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тапсырысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы жүргізді.
Бұдан бөлек, департамент Атырау ЖЭО-да, NCOC, «Теңізшевройл», АМӨЗ және Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. нысандарында орнатылған тұрақты бақылау бекеттері мен автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің деректерін пайдаланды.
Сонымен қатар бес автоматтандырылған мониторинг жүйесінің тек төртеуінен ғана ақпарат Ұлттық деректер банкіне түсіп отыр.
Енді Экология департаментінің өз аккредиттелген зертханасы қайта жұмыс істеп, экологиялық бақылау аясында зерттеулерді өз бетінше жүргізе алады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +18.1