
Атыраудағы ауа сапасына қатысты тұрғындардың жиі шағымдарына қарамастан, облыстық экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бөлімі уақытша бақылау өлшемдерін жүргізбейді. Себебі зертхананың аккредитация аттестатының күші тоқтатылған.
Бұл туралы 21 тамызда «Ақ Жайықтың» ресми сауалына берген жауабында Атырау облысы бойынша экология департаменті Асқар Жүсіпов хабарлады.
«Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің аттестат аккредитациясы қайта іске қосылғаннан кейін, атмосфералық ауа сапасына бақылау жұмыстарын бірлесе жүргізуге шақырамыз», — делінген жауапта.
Департамент аккредитацияның қашаннан бері және қандай себеппен тоқтатылғаны, сондай-ақ оның қайта қашан қалпына келтірілетіні туралы ақпарат берілмеді.
Қаладағы ауа сапасын бақылауды басқа мекемелер де жүргізеді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, Атырауда 36 бақылау нүктесі белгіленген. Олар ықтимал ластаушы объектілердің орналасуына және тұрғындардың шағымдарына қарай таңдалады.
Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті «Ұлттық сараптама орталығының» филиалы атқарады. Шағым түскен жағдайда СЭС мамандары өлшеу орындарын және зерттелетін зиянды заттардың тізімін анықтайды. Жүргізілген зертханалық зерттеулер мен аспаптық өлшеулердің нәтижелері бойынша хаттамалар толтырылып, алынған нәтижелер тиісті шаралар қабылдау үшін СЭС мамандарына ұсынылады.
Өз мониторингін Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» филиалы да жүргізеді. Ауа сапасы автоматты станциялар арқылы тексеріледі, ал шағым түскен аудандарда портативті газоанализаторлар қолданылады.
«Қазгидромет» кестесіне сәйкес кезекті өлшеу 26 тамызға жоспарланған, ал келесі тексеріс 7 қыркүйекте өтеді. Сонымен қатар Атырауда мониторингтік топ жұмыс істейді. Оның құрамына «Ұлттық сараптама орталығы», санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, экология департаменті және «Қазгидромет» өкілдері кіреді. «Ақ Жайық» редакциясы осы топтың бірлескен рейдіне қатысуды жоспарлап отыр. Рейдтің нақты күні қосымша хабарланатын болады.
«Ақ Жайық» қазіргі таңда экология департаментінің зертханалық бөлімінің аккредитациясы не себепті және қашаннан бері тоқтатылғанын, сондай-ақ бақылау өлшемдерін қайта қашан бастайтынын анықтап жатыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +29.4