Атырау, 6 қараша 17:46
 дождьВ Атырау +6.9
$ 451.87
€ 507.31
₽ 5.53

​Атырау – Самара мұнай құбырына ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасағаннан кейін Қазақстан Ресеймен келіссөз жүргізді

100 рет қаралды
Сурет: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ
Сурет: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Мәскеуде «Транснефть» ПАО президенті Николай Токаревпен кездесті. Тараптар Қазақстанның басты экспорттық бағыттарына ерекше назар аудара отырып, мұнай тасымалдау және транзит саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлағандай, келіссөздер барысында Асхат Хасенов мұнай тасымалдаудың үш бағытының: Каспий құбыр консорциумы (КҚК), Атырау – Самара және Махачкала – Новороссийск бағыттарының стратегиялық маңызын атап өтті.

Бұл бағыттар қазақстандық мұнайды халықаралық нарықтарға экспорттауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

ҚМГ атап өткендей, көпжылдық пайдалану кезеңінде аталған бағыттар өздерінің сенімділігін, тиімділігін және экономикалық мақсаттылығын дәлелдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестікті дамытуға және Қазақстан мен Ресейдің транзиттік әлеуетін нығайтуға дайын екенін растады.

Келіссөздер мұнай құбырына жасалған шабуылдан кейін өтті

Айта кетерлігі, кездесу Атырау – Самара мұнай құбырына қатысты таяуда орын алған оқиға аясында өтті.

2026 жылғы 2 қарашаға қараған түні Ресейдегі Самара өндірістік-диспетчерлік торабының нысандары ұшқышсыз аппараттардың шабуылына ұшырады. Нәтижесінде 2 қараша күні таңертең Атырау – Самара магистралды мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау уақытша тоқтатылды.

3 қарашада-ақ Қазақстан Энергетика министрлігі инфрақұрылымға техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін мұнай айдаудың штаттық режимде қайта бастап кеткенін хабарлады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы шамамен 9,2 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл бағыт КҚК-дан кейін елдегі маңыздылығы жағынан екінші экспорттық мұнай құбыры бағыты болып табылады.

Бүгін, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.