
Ресейдегі мұнай инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылдарына байланысты Атырау — Самара мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне сілтеме жасап «Интерфакс» хабарлайды.
Тасымалдау тоқтатылғаны туралы хабарлама 2 қараша күні кешке — Ресейдегі ірі «Самара» мұнай айдау станциясында өрт шыққаны туралы ақпарат тарағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң пайда болды.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі NASA серіктік деректеріне сілтеме жасап, Самара облысындағы «Транснефть» компаниясының мұнай торабы аумағында жылу аномалиясы тіркелгенін хабарлаған болатын. Бұл аномалия ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейінгі өртпен байланысты деп болжанып отыр.
Енді «Интерфакс» хабарламасына сәйкес, бұл оқиғалардың салдары Қазақстан мұнайын тасымалдауға да әсер етті.
Мұнай құбыры туралы не белгілі?
Қазақстан Энергетика министрлігіне сілтеме жасаған агенттіктің ақпараты бойынша, Атырау — Самара бағыты бойынша мұнай айдау уақытша тоқтатылды. Бұл ретте шектеулердің дәл қай учаскеде туындағаны, қандай жабдықтардың зақымдануы мүмкін екені және тасымалдауды қашан қайта бастау жоспарланып отырғаны әлі нақтыланған жоқ.
Бұл бағыт Атырау облысы үшін неліктен маңызды?
Атырау — Самара мұнай құбыры — Қазақстан мұнайын экспорттаудың дәстүрлі бағыттарының бірі. Ол арқылы шикізат ресейлік магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне түсіп, одан әрі сыртқы нарыққа бағытталуы мүмкін.
«ҚазТрансОйл» деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Атырау — Самара бағыты бойынша 7,5 млн тоннаға жуық мұнай тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3%-ға аз.
Шілде айында осы бағыт бойынша мұнай айдау көлемі шамамен 646 мың тоннаны құрады.
Бұған дейін Қазақстан Атырау — Самара бағытын Каспий құбыр консорциумы жұмысындағы шектеулер аясында экспорттық ағындардың бір бөлігін қайта бөлу үшін пайдаланған болатын. Осылайша, уақытша тоқтау елдің мұнай саласы үшін қосымша логистикалық қиындықтар туғызады.
Ресей тарапында не болды?
2 қарашаға қараған түні Ресейдің Самара облысы дрон шабуылына ұшырады. Осыдан кейін «Транснефть» жүйесіне тиесілі «Самара» мұнай айдау станциясы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама тарады.
NASA FIRMS серіктік түсірілімдерінде нысан маңында жылу аномалиясы тіркелді. Мұнай айдау станциясы — ресейлік мұнай құбыры жүйесінің ірі тораптарының бірі. Ол мұнайды қабылдауға, сақтауға және әрі қарай тасымалдауға арналған. Дегенмен, жабдықтардың ықтимал зақымдану көлемі мен қалпына келтіру жұмыстарының ұзақтығы әлі жарияланған жоқ.
Қазақстан мұнайының экспорты не болады?
Энергетика министрлігі тасымалдау Мәскеу уақытымен сағат 04:09-да тоқтағанын, бұл Астана және Атырау уақыты бойынша сағат 06:09-ға сәйкес келетінін нақтылады.
«Осы бағыт бойынша жақын арада мұнай қабылдауды қайта бастауды жоспарлап отырмыз», — делінген Reuters таратқан ведомство хабарламасында.
Атырау — Самара бағытының уақытша тоқтауы Қазақстанның барлық мұнай экспорты автоматты түрде тоқтады деген сөз емес.
Қазақстан сонымен қатар шикізатты тасымалдаудың басқа бағыттарын, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы жүйесін, Қытайға тасымалдау және Каспий бағыттарын пайдаланады. Бұл ретте экспорттық көлемді қайта бөлу мүмкіндіктері баламалы бағыттардың өткізу қабілетіне, инфрақұрылымның қолжетімділігіне және қолданыстағы келісімшарттарға байланысты.
В Атырау +11.8