Атырау, 29 қазан 21:29
 дождьВ Атырау +12.3
$ 457.09
€ 508.42
₽ 5.67

36 жастағы әйелдің өлімі: Сот 10 жылға үкім шығарды

79 рет қаралды

Ақмола облысының Щучинск қаласында 36 жастағы Әсем Шабельскаяны ұрып-соғып, оның өліміне себеп болған ер адамға сот үкімі шықты. Әйел есін жимастан ауруханада ішкі қан кету мен бауырдың жарылуы салдарынан көз жұмған. Оның артында алты және сегіз жастағы екі кішкентай ұлы қалды.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың маусым айында болған.

Сот анықтағандай, марқұм мен сотталушы 2024 жылдан бастап бірге жұмыс істеген әрі жақын қарым-қатынаста болған. Олардың арасында қызғаныштан бірнеше рет жанжал туындаған. Жұп бір-бірінен ажырасып, кейін татуласып, қарым-қатынастарын қайта жалғастырып отырған.

Маусым айында ер адам мен әйел қарым-қатынастарын анықтау үшін оның пәтерінде кездескен. Кездесу барысында олар алкогольдік ішімдік ішкен.

Кезекті жанжал қатыгездікпен ұрып-соғуға ұласқан.

Бетінен және денесінен жұдырықпен ұрған

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ер адам Әсемнің бетінен және денесінен бірнеше рет жұдырықпен ұрған.

Алған жарақаттарының салдарынан әйел есінен танып қала бастаған. Сол кезде ер адам жедел жәрдем шақырған.

Жәбірленушіні ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Әсем есін жимастан көз жұмды.

Сот-медициналық сараптама өлімнің себебі бауырдың жарылуы салдарынан туындаған геморрагиялық шок пен ішкі қан кету болғанын анықтады.

Бұдан бөлек, әйелдің іш қуысы мен кеуде тұсынан жарақаттар, қабырғасының сынуы, соғылу, қанталау және сыдырылу іздері анықталған.

«Ол айырылысуды қабылдай алмады»

Бұған дейін марқұмның әпкесі ер адамның қайғылы оқиғаға дейін де Әсемге қол көтергенін айтқан болатын.

Туысының сөзінше, айырылысқаннан кейін де ол әйелдің соңынан қалмай, оған қоқан-лоқы көрсеткен.

Отбасының айтуынша, Әсем бұрынғы сүйіктісінің тарапынан бірнеше рет агрессияға тап болған.

Әйелдің қайтыс болуынан кейін алты және сегіз жастағы екі ұлы анасыз қалды.

Сот 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Бурабай аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық істі қарады.

Сот мәліметінше, ер адамның кінәсі оның берген айғақтарымен, куәлардың көрсетулерімен, оқиға орнын тексеру нәтижелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

Сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, сотталған азаматтан:

  • моральдық зиянды өтеу үшін 12 миллион теңге;

  • материалдық шығын мен өкілдің қызметіне жұмсалған шығыстарды өтеу үшін 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Осылайша, өндіріп алынатын қаражаттың жалпы сомасы 14 миллион теңгені құрады.

Бүгін, 20:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.