
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындау кезінде мұқтаждықтың жаңа қағидаты кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Бұл туралы 29 қазанда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Арнайы жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады:
Қаңтар-ақпан айларында табыс деңгейі жоғары азаматтар тексеріледі;
Ақпан-сәуір айларында ауқатты азаматтар мониторингке алынады.
Осы тексерулердің нәтижелері бойынша Үкімет жаңа тәжірибені азаматтардың қалған санаттарына да қолдану-қолданбау туралы шешім қабылдайды.
«Басты мақсат — мемлекеттік көмекті оған шынымен мұқтаж адамдарға ғана көрсету», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Еңбек министрлігі отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесін де жан-жақты жетілдірген. Енді төлем тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде мамандар мынадай көрсеткіштерді кешенді түрде талдайды:
нақты табыстар мен қолданыстағы кредиттерді, соның ішінде ипотекалық міндеттемелерді;
автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғын, санын және техникалық жай-күйін;
отбасын асырауға жұмсалатын нақты шығындарды;
жалғыз асыраушының бар-жоғын және тұрғын үйдің жалғыз баспана мәртебесін.
Сонымен қатар салалық министрлік шағын жер учаскелерінің, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы, сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе заңды тұлғаның болуы бағалау кезінде ескерілмейтінін нақтылады.
Бұдан бөлек, желтоқсан айында Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл қаржылық деректерді автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.
В Атырау +18.1